«Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақтаудағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жолданған 19 өтініші жауапсыз қалған. Осыған байланысты Әдеп кеңесінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысына қатысты отырыс өтті. Отырыс кезінде анықталғандай, "Қазақ соқырлар қоғамы" мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтып алған. Содан кейін жұмыстарды іске асыру кезінде «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ хат жазған екен, алайда хаттың барлығына бірдей уақытында жауап берілмеген, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Бірақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев былтыр 4 шілдеден бастап бөлім басшысының міндетін қосып атқарған екен. Оған қоса оның 7 бірдей қызметкері өз еркімен жұмысынан кетіп қалыпты. Бұл бөлімде негізінен 11 мемлекеттік қызметші, 9 техникалық персонал болу керек. Ал шын мәнісінде қазір нақты 8 мемлекеттік қызметші мен 9 техникалық қызметкер бар. Дер кезінде хаттарға жауап беріп отыратын мамандар жетіспейді екен. Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңына сәйкес, «Қазақ соқырлар қоғамы» мемлекеттік сатып алу конкурсын ұтып алған. Жұмыстарды іске асыру барысында «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ мен Ақтау қаласы әкімдігі арасындағы хат алмасулар кезінде, яғни қоғамдық бірлестік тарапынан берілген өтініштерге мерзімінде жауап берілмей заң бұзушылықтарға жол берілген. Қайрат Ақыбаевтың айтуынша, хаттарға жауап бермеуінің себебін қызметкердің жетіспеушілігімен түсіндірді. Бірақ әдеп жөніндегі кеңес мүшелері қандай жағдай болса да хаттарға уақытында жауап беру керек екендігін алға тартады. Сондай-ақ кеңес мүшелері өтініштерді белгіленген мерзімде қарай алмаса да, оның мерзімін созуға болатындығын ескермей, Әдеп кодексінің талаптарын бұзғаны үшін Қайрат Ақыбаевқа «сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынған. Айта кетелік, аталған заң бұзушылық «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңының 50 бабы 1 тармағының 7 тармақшасында көрсетілген. Яғни жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуы не оны кешіктіріп беруі, анық немесе толық емес ақпарат беруі деген талабының бұзылуына алып келген екен. Қазір Мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасы Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне "Соқырлар қоғамы" жолдаған өтініштерді тіркеп, өтініш иесіне жауаптары кешіктіріліп жолдады.
Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суретті МҚІ жСЖҚІ агенттігінің Маңғыстау облыстық департаментінің баспасөз қызметі ұсынды