©
Биыл 2 тоқсаннан бастап көп балалы аз қамтылған отбасыға 100 мың теңге көлемінде біржолғы төлем беріледі. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бүгін халық алдындағы есебінде айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен, "Нұр Отан" партиясының қамқорлығымен мүгедектерді, жетім балаларды, көп балалы аз қамтылған отбасыларды қолдауға бағытталған "Бақытты отбасы" жобасын іске асыру басталады. Осы жоба аясында Маңғыстауда жұмыс тобы құрылып, бірқатар ұсыныстар дайындалған. Маңғыстау облысының әкімі халыққа есеп беру кездесуінде осы ұсыныстарға тоқталып кетті. Олардың алғашқысы - көп балалы аз қамтылған аналарға 100 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төлеу болса, екіншісі мүгедектерге, жетім балаларға және көп балалы аз қамтылған отбасыларға өз бизнесін ашу үшін конкурстық негізде 500 мың теңгеге дейін гранттар берілмек. Үшіншісі, мүгедек балаларға оңалту орталықтарында қаралуын толық қамтамасыз ету. "Қазіргі уақытта тегін медициналық көмектің кепілдік негізінде бір реттік оңалту курсы беріледі. Алайда кейбір балаларға 2-ші, 3-ші оңалту курсын жүргізу қажет. Осыған байланысты аз қамтылған отбасылардың мүгедек балалары үшін 2-ші оңалту курсын бюджет есебінен қаржыландыру туралы шешім қабылданды", - деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Төртіншіден, маңғыстаулық мүгедек балаларға емделу үшін Астана, Алматы қалаларына ұшақпен тегін баруға мүмкіндік берілмек. Бұған дейін квота бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасынан емдеу және оңалту үшін республикалық орталықтарға мүгедек бала мен ата-анасының пойызға билет берілетін. https://youtu.be/lpg_w17rhh8 "Маңғыстау облысы орталық өңірге алшақ орналасқанын ескере отырып, денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен мүгедек баламен ата-анасының біреуін қосқанда Астана және Алматы қалаларына ұшақпен ұшу құнын төлеуге шешім қабылданды", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Яғни, Маңғыстау облысында тұратын мүгедек балаларға Астана және Алматы қалаларындағы орталықтарда емделу үшін ұшақпен барады. Мүгедек балалар үшін (Ақтау-Астана-Ақтау; Ақтау-Алматы-Ақтау) бағытына ұшақтың билетін төлеу мәселесі қарастырылады. Төлем 40 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде төленеді, яғни бұл шамамен 100 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, республикалық клиникаларда және облыс орталықтарында денсаулық сақтау басқармасы комиссиясының жолдамасы бойынша мамандандырылған медициналық көмек алу кезінде аз қамтылған отбасылардың барлық балаларына темір жол көлігімен жол жүру шығындары өтеледі. Бесінші, қолданыстағы балабақшалар базасында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы топтар құрылады. "Маңғыстау облысына қарасты барлық аудандар мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы мектепке дейінгі балалар мекемелерінде мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыйымдылығы 15 балаға дейінгі арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін топтар ашу мәселесі қарастырылуда. Бұл арнайы топтар есту және сөйлеу қабілеттері нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған, психикалық дамуы тежелген балаларға арналған", - деді облыс әкімі Е.Лұқпанұлы. Алтыншы, маңғыстаулық көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүреді. - 2019 жылдың сәуірінен бастап Ақтау қалаішілік және Ақтау-Мұнайлы ауданы бағытындағы қоғамдық көліктерде; - 2019 жылдың тамызынан бастап Жаңаөзен қалаішілік қоғамдық көліктерде; - 2020 жылдан бастап – Маңғыстау және Бейнеу ауданішілік қоғамдық көліктерінде көп балалы аналар тегін жүреді. https://youtu.be/xVyiupA6y20 Жетінші, жәрдемақы алуға, тұрғын үй төлемдерін алуға, жұмысқа орналасуға, тұрғын үйге кезекке тұруға, бизнес-бастамаларды сүйемелдеуге заңгерлік және консультациялық көмек көрсету үшін наурыз айынан бастап, "Бірыңғай әлеуметтік терезе" орталығы жұмыс істейтін болады. Бұл "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының ғимаратында болады. Бүгінгі таңда өңірде 28 млрд. теңге сомасында халықтың әлеуметтік осал топтарына мемлекеттік қолдаудың 20 түрі көрсетіледі. 2018 жылы 1 867 аз қамтылған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2019 жылға атаулы әлеуметтік көмекпен 2 095 отбасын қамту жоспарлануда. Бұдан басқа осы жылдың 1 қаңтарынан бастап мүгедектер, асыраушысынан айырылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға зейнетақы 7%-ға өсті.Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН