Ақтауда «Жабайы және қараусыз жануарларға арналған экологиялық білім орталық» салу жоспарланып отыр. Жабайы және үйсіз жануарларды емдеу, иесі мен қамқоршысын іздеу, уақытша ұстауды көздейтін орталық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылады. Жергілікті әкімдік жобаны «Эко Маңғыстау», «Шанс» қоғамдық қорларымен бірге жүзеге асырмақ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Соңғы кездері қала тұрғындарының арасында «ит пен мысық себепсіз аулануда» деген сұрақ туындап отыр. Осыған байланысты Ақтау қаласының әкімдігі түсініктеме берді. «Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылында қаңғыбас ит пен мысықты аулау жұмыстары Қазақстан Республикасының 2002 жылғы «Ветеринария туралы» Заңымен реттеледі. Бұл жұмысты Ақтау қалалық ветеринариялық станциясы атқарады», - деп атап өтті Ақтау қалалық ауыл шаруашылығы жəне ветеринария бɵлiмiнiң басшысы Нұрберген Мамутов. Оның айтуынша, аулау жұмыстары «Ақтау қаласы мен Өмірзақ ауылының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларына сай жүргізіледі. Бұл қағида Маңғыстау облыстық мәслихатының 2015 жылғы 10 желтоқсандағы № 29/439 шешімімен бекітілген. Ақтау қаласында қаңғыбас ит пен мысықтың санын реттеп отыруға міндеттіміз. «Күнделікті мониторинг негізінде және тұрғындардың өтінішімен таңғы сағат 4.00-6.00 аралығында ауланады. Қабаған иттердің жаяу жүргінші адамдарға шабуылдау қаупі туған жағдайда күндіз аулаға мәжбүрміз. Бұған тұрғындардың түсіністікпен қарауын сұраймыз», - дейді ол. Қаңғыбас ит-мысықтың санын реттеу, олардың тұрғындарға қаупін азайту мақсатында әкімдік «Эко Мангистау», «Шанс» қоғамдық қорларының көмегімен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «жабайы және қараусыз жануарларға арналған экологиялық білім орталығын» салуды жоспарлап отыр. https://youtu.be/NUFntEl5HoU «Эко Маңғыстау», «Шанс» қоғамдық қорлары былтыр Ақтау қаласы әкімдігіне «Жабайы және қараусыз жануарларға арналған экологиялық білім орталығын» салу туралы өтінішпен шығып, жергілікті биліктің қолдауына ие болды», - деп атап өтті «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ басшысы К.Осин. Яғни орталықта жабайы және үйсіз жануарларды құтқару, емдеу, жабайы жануарлардың егесін іздеу, уақытша ұстау сынды кешенді жұмыстар жүргізілмек. Сонымен қатар орталық базасында волонтерлікті дамыту, канистерапия арқылы мүмкіндігі шектеулі және психоневрологиялық аурулары бар адамдарға арналған оңалту әлеуметтік бағдарламалары жоспарда бар.
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
Видеоны Ақтау қаласы әкімдігі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71309,71308"]