©
Өткен сейсенбі күні облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында кеш өтті. Облыстық қуыршақ театрының әртістері психоневрологиялық интернатта тәрбиеленіп жатқан жүйке жүйесінде ақауы бар мүгедек балалардың көңілін сергітіп, қуаныш сыйлады.
Кеште аталған театрдың өнерпаздары сал дертіне шалдығып, ақыл-ойы тежелген балаларға қоршаған ортаға бейімдеу, айналаны танып-білуге баулитын қойылым көрсетіп, ертегі кейіпкерлерінің рөлін сомдады. Әртістер жан жылулығы мен қамқорлыққа мұқтаж балалармен бірге би билеп, ән салды. Әртістердің билеген қимылдарын қайталап, тәрбиеші апайларының көмегімен сайысқа да қатысты. Кеш кезінде балалар екі топқа бөлініп, ақыл-ойды дамытатын ойындарды ойнап жарысты. Мәселен, ойыншықтарды көлеміне қарай рет-ретімен қою, допты белгілі бір жолмен жүргізу сынды ойындар балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Бұл интернат жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балалардың тұрақты, уақытша және күндізгі стационар жағдайында тұруына арналған. Бүгінде біздің орталықтағы 111 баланың 61-і тұрақты болса, 50-і күндіз келеді. Осында тұрақты тұратын 61 баланың 27-і ата-ана қамқорлығынсыз қалған. Мұнда арнаулы әлеуметтік көмек 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Кәмелекеттік жасқа толғаннан кейін балалар облыстық психоневрологиялық диспансерге ауыстырылады. Бүгінгідей балаларды оңалтуға бағытталған шараларды жиі өткізіп тұрамыз. Орталық қызметкерлері балаларды мерекелерге алдын ала ұзақ уақыт бойы дайындайды. Интернатта 166 қызметкер жұмыс жасайды. Ата-аналар үшін мүгедек баланы бағып-қағу, күн сайын, сәт сайын жағдайын жасап, көңіліне кірбің түсірмеу оңай емес. Басына түскен қиындықтарды құрыштай төзімділікпен жеңіп, әлеуметтік қызметкерлермен бірге жұмыс жасап жатқандарына алғысымызды білдіреміз, – деді «3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директорының орынбасары Әсемгүл Орынбасарова.
Мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздарға қамқорлық көрсетіп, олардың ата-аналарына моральдық тұрғыда демеу жасауға жұмыстанатын орталықтың кезекті кеші балаларға жылулық сыйлап, жан жарасын жеңілдетті.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46589,46585,46587,46586,46588"]