Бәріміз де динозаврлар әлемін теледидардан көріп өстік емес пе? Дәл сондай жер бетінен мүлде жойылып кеткен жануар Маңғыстауда табылды дегенді бұрын-соңды естіген бе едіңіз? Таяуда өлкемізде плезиозавр деп аталатын жануардың сүйектері табылғаны жайлы БАҚ өкілдері жарыса жазды. Осылайша Маңғыстау табиғаты таңғалдыруын тоқтатар емес. Плезиозавр – қарапайым тілмен айтқанда, «суда тіршілік еткен динозавр». Сонымен бұл алып жануар қайдан табылды? Қашан табылды? Ғалымдардың осы жаңалыққа көзқарасы қалай? Сараптап көрелік.
Маңғыстауда плезиозавр қалай табылды?
Шетпе мен Онды жаққа өтетін жолда мұнара бар. 2017 жылы сол маңайда газ құбырын жүргізіп жатқан мекеме қызметкерлері белгісіз жануардың қаңқасын, сүйегін тауып алып, мұражайға алып келеді. Құбырды қазу кезінде сүйектерді мекеме қызметкері Виктор Василийұлы тауып алған, ол бұған дейін де амониттер коллекциясын жинайтын, табиғат десе қызығушылығы жоғары, көзі ашық кісі екен. Ал плезиозаврдың сүйегін мамыр айында Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайына Виктормен бірге жұмыс істейтін Роман Меңдіғалиев алып келген.
Ерекше жануардың қаңқа сүйегін көрген соң, мұражай қызметкерлері бірден іске кіріседі. Сүйек табылған жерді қайта қазып, ұсақ сүйектер табады. Қазу кезінде барлығы 3,5 метрдей сүйек табылған.
- Людмила Быкова есімді мұражай қызметкері бұл жаңалықты Ресей зерттеушілеріне хабарлап, қай жануардың сүйегі екенін табуға кірісіп кетті. Орыс ғалымдары бір-бірімен ақылдаса келе, шілдеде Николай Зверьков деген Ломоносов атындағы ММУ-інің (МГУ) ғылыми қызметкері келіп, табылған сүйектерді арнайы қоспа, ерітіндімен жуып, сүртіп, кептіріп, күтім жасап, бірнеше күн ішінде бір-біріне бекітіп, плезиозавр, оның ішінде эласмозаврдың сүйектері екенін анықтап берді, - дейді мұражайдың ғылыми хатшысы Ғалия Шантемирова.
[caption id="attachment_46564" align="aligncenter" width="681"] Николай Зверьков сүйекті тазалап отыр[/caption]Николай Зверьков плезиозаврды тереңнен зерттеп жүрген жас ғалым екен. Институттың тұтас бір кафедрасы плезиозаврды зерттеумен ғана айналысады. Ол «Маңғыстауда ежелгі жануарлардың сүйектері мүлде бұзылмай сақталып қалғанына, табиғаттың құдіреттілігіне» таңданысын жасырмапты. Жер бетінде таулы, мұрасы көп елдер көп, бірақ бүгінге дейін көп қазбасы бұзылмай сақталып қалған 5 жер бар екен. Алғашында қарапайым адамдар «түйенің сүйегі болуы мүмкін, оған көп мән берудің қажеті жоқ» деген ойларын да айтады.
- Қазан айында Николай Зверьков бастаған зерттеушілер Маңғыстауға қайта келді. Сүйек табылған аймаққа барып, жан-жағын қайта қазып, плезиозаврдың қалған бөліктерін іздеді. Бас сүйектерін таппағанымен, ұсақ қабырға сүйектері мен амониттерді тапты. Амониттер – плезиозаврмен бірге тіршілік еткен омыртқасыздар, моллюскалар. Геология ғылымында амониттер басқарушы фауналарлардың біріне жатады. Өйткені амониттердің көмегімен әр дәуірдің мерзімін, созылған уақытын анықтауға болады, - дейді Ғалия Шантемирова.
Плезиозавр – қандай жануар?
Сонымен теңіз рептилиясы саналатын плезиозавр суда тіршілік етіпті. Плезиозавр отрядына жататын эласмозавр бауырымен жорғалаушылар класына жатады екен. Эласмозаврдан ары қарай қандай топқа жататынын анықтау үшін бас сүйегі мен тісі болуы керек еді, өкінішке қарай олар табылған жоқ.
Қарапайым тілмен айтқанда, «су динозавры». Шамамен бұдан 100-105 миллион жыл бұрын тіршілік еткен алып жануардың ұзындығы 14-15 метрге жеткен. (Қазіргі 3 қабатты үйдің биіктігімен бірдей).
Ал Маңғыстаудан табылып отырған сүйекті құрастырып келгенде 3,5 метр болып отыр: жарты кеуде омыртқалары, 72-76 қабырғасы, құйрығының жартысы, мойнының жарты сүйектері, барлығы 36 сүйек табылған. Бір қызығы, эласмозаврдың басы кішкентай, мойны ерекше ұзын, денесінің тең жартысындай, 7 метр болған екен. Итбалық секілді ескек аяқтары болған, артқы аяқтары теңіз тасбақасы секілді қысқа, алдыңғы аяқтары ұзын болған.
- Бізден басқа әлемнің бірнеше жерінде (Еуропада, Ресейде) плезиозаврлар табылған. Ал Қазақстанда мұндай жануардың қаңқасы табылуы бірінші рет деп есептейміз. Өйткені жаз мезгілінен бері біз бұл жаңалықты БАҚ беттеріне, ғылыми зерттеу институттарына хабарлап, жариялап келеміз, әлі күнге еліміздің өзге облыстарынан осыған ұқсас жануарлар табылды деген мәлімет шыққан жоқ, - дейді Маңғыстау облыстық тарихи-өлетану мұражайы Табиғат бөлімінің меңгерушісі Анар Қуанышева.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, эласмозавр теңіз түбіндегі малта тастарды жұтып қояды, сөйтіп іш қуысы жиырылып, жұтқан балықтарын малта тастардың үйкелуі арқылы қорытып отырған екен.
Өлкемізде әлем таңғалған жаңалыққа қызығатындар аз
Мамандардың айтуынша, Маңғыстау жерінде динозаврдың қаңқалары, акула тістері, амониттер көптеп кездеседі. Мұражайда бұрыннан плезиозавр сияқты жануарлардың жақ сүйектері, ихтиозаврдың бірді-екілі сүйегі сақталған екен. 1 метрге жететін Ежелгі теңіз тасбақасы да өлкемізден табылыпты. Баяғы заманда тұтас мұхит басқан бұл жердің таңғалдырар сыйы әлі де алда.
«Егер су құбырын қазып жатқан қызметкерлер немқұрайдылық танытып, мұражайға алып келмесе, Маңғыстауда плезиозавр сүйектері табылғанын әлем естімеген болар еді. Тұрғындарымыз мұндай сүйектерді тауып, көріп жатса да мән бермеуі мүмкін ғой. Қаншама жол, қаншама ғимараттар салынып жатыр. Мұндай қазба байлықтарын көрмей қалып, эксковатормен басып кетуі де мүмкін. Сондықтан мұны оқыған жұрт өлкемізде қандай да бір бұйым немесе сүйек тауып алған кезде, дер кезінде бізге хабарласа, бұдан да үлкен жаңалық ашқан болар едік», - деген өтінішін білдірді Анар Қуанышева.
https://www.youtube.com/watch?v=Y-GR8VRtgqg&feature=youtu.beТабылған сүйектерді қолда, үйде ұстау да аса қауіпті. Радиация болуы мүмкін. Сол себепті тұрғындар тез арада тиісті мамандарға тапқан бұйымды тапсырғаны дұрыс.
Николай Зверьков бастаған ғалымдар Маңғыстаудан табылған ЕРЕКШЕ жануар туралы әлі де кеңірек ғылыми зерттеулер жазатын болады. Елімізде мұндай бағытта ізденетін арнайы мамандар жоқ екен.
P.S. Әттеген-айы тағы бар. Мұражай ұжымы жан-жаққа үндеу-хабарландыру тастап, табылған плезиозавр сүйектерін құрап, қарашаның 28-інен бастап көрме өткізді. Өкінішке қарай, мұражайға ағылған жұрттың қарасы аз болыпты. «Біздің жерімізге әлем ғалымдары қызығып отыр, ал тұрғындарымыз қалың ұйқыда» деп налиды олар. Плезиозавр көрмесі өткізілгенде, оны көруге бала-шағасын, немересін ерте келгендер көбіне өзге ұлт өкілдері екен. Студенттер тобын бастап алып келген бірлі-жарым жоғары оқу орындарының мұғалімдері болыпты. Шынында, қазір біз өмір сүріп жатқан бай өлкені ежелде алып мұхит басып, акула, қосмекенді динозавр, плезиозаврлар мекен еткен болса, ол тек маңғыстаулықтарды емес, бүкіл әлем қызығарлықтай ТЫҢ жаңалық болуы тиіс.
Айгүл ДӘДЕН
Суреттер Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайынан алынды.
https://www.youtube.com/watch?v=pbtXunX9G4M&feature=youtu.be https://www.youtube.com/watch?v=ugWXeND5rXg&feature=youtu.be [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46559,46565,46557,46561"]