©
Елбасының биылғы жолдауы бойынша, 2018 жылдың қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға өседі деген жаңалық желілерде қызу талқыланып отыр. Сонымен барлық мұғалімдердің (категорияларына қарамай) жалақысы бірдей 30 пайызға өсе ме деген заңды сауал туды.
- Елбасы жолдауында атап өткендей, қосылатын жалақы лауазымдық еңбекақының 30 пайызын құрайды. Мәселен, қалаларда 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы ұстаздардың жалақысы 24 мың теңгеге өссе, дәл осындай еңбек өтілі бар ауыл мұғалімінікі 25 860 теңгеге артады», — деді ҚР білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының қаржы жөніндегі орынбасары Нұрлыбек Көбейсінұлының айтуынша, биылғы жылдың қаңтарынан бастап 2017-2018 жылдары жаңартылған бағдарлама бойынша 1,2,5,7-сынып оқушыларына сабақ беріп жүрген мұғалімдердің жалақысы өседі екен. Ал осы жылдың қыркүйегінен бастап 3,6,8,10-сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің жалақысы көтеріледі.
- Келер жылдың қаңтарынан бастап, 9-11-сыныпқа дәріс беретін мұғалімдердің жалақысы өседі деп жоспарлануда. 2020 жылдан бастап барлық мұғалімдердің жалақысы өсетін болады, - дейді ол.
Вице-министрдің мәліметіне сүйенсек, қосымша ақы төлеу жүйесі енгізіледі. Бір қызығы, ауыл мұғалімі жалақысы қала мұғалімімен салыстырғанда көптеу болады.
- Қосымша ақы төлеу жүйесінде ұстаздардың біліктілік деңгейі ескеріледі. Категория ұлттық біліктілік тесті арқылы беріледі. Расталған біліктілік деңгейіне байланысты жалақы 20 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мысалы, егер 15 жыл еңбек өтілі бар бірінші санаттағы қала мұғалімі тест арқылы бір саты жоғары деңгейге өтсе, онда қосымша ақы 28 мың теңге, ал ауыл мұғалімі үшін 36 мың теңгені құрайды»,- деді Бибігүл Асылова.
Айгүл ДӘДЕН