Жерлесіміз жазушы, өлкетанушы Отыншы Көшбайұлы айтқандай «Маңғыстау – сонау ықылым замандардан бері өткен-кеткенді өзінің қайталанбас көріністері мен, көрерге көз керек тарихи ескерткіштерімен таңқалдырып, табындырып келген өлке. Тарихын тасқа жазған ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпақтарына қалдырған аманаты да осы ескерткіштер. Әрбір күмбез бен сағанатамдардың, қойтастар мен құлпытастардың үңіле білсек, айтар сыры да, әлі беймәлім, ашыла қоймаған құпиясы да мол». Осындай көп ескерткіштердің біреуі – Сисем ата қорымы. Сисем ата қорымы Маңғыстауда Үстірттің батыс шыңдарының маңайында Сайөтес станциясының солтүстік бағытында 35 шақырымдай жерде орналасқан. Қорымда әр заманның жәдігері сияқты мың жарымдай әртүрлі тас белгілер бар. Белгілердің көбі орта ғасырлардан қалған қойтастар, тасқоршаулар және ХVII- XVIII ғасырлардан бастап салынған адайлардың күмбезтамдары мен сағанатамдары, сандықтастар мен қойтастар және тек Қазақстанның батыс өлкелерінде кездесетін ғажайып құлпытастар. 1979 жылы «Қазреставрация» бірлестігінің жобалау шеберханасының атынан Мәдениет министрлігінің тапсырысымен Сисем ата қорымында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорымның бас жоспарын жасау барысында әрбір тас белгілердің суретін салып, жалпы көлемінің өлшеуін алып, фотоға, шамамыз келгенше, ескерткіштердің беттерінде кездескен жазулар мен тамғаларды қағаз бетіне түсірдік. Осы жұмыстардың нәтижесінде Сисем ата қорымындағы ескерткіштерді жөндеп қайта қалпына келтіру жұмыстары «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілді, сөйтіп 2006 жылдан біраз жұмыстар істелінді. Бірақ өкінішке орай, қаржының болмауына байланысты қазір бұл жұмыстар тоқтап қалды. Жөндеу, қайта қалпына келтіру жұмыстарынан ескерткішкердің 70 пайыздайы өтті. Енді оқырман назарын мына жағдайға аударғымыз келеді. Қорымның оңтүстік батыс жағында жартылай өңделген таудың тастарынан саз балшықпен қалап салынған құрылыстың орны бар. Ол туралы 1832 жылы осында орыс патшаның тапсырысымен бекініс салуға орын іздеп жүрген Г.С.Карелин былай деп жазған: «Мъсто сiе названо по имени великаго магометанского угодника Сай-Исемъ и почитается святъйшимъ. Длина кладбища съ Съвера на Юг болъе 300 саженъ: равнина усъяна безчисленными памятниками, гробницами и камнями. Многие изъ нихъ довольно обширны и устроены на подобiе часовни отъ 2 ½ до 4 сажень вышиною. Могила самаго праведника весьма стара и есть худший монументъ кладбища. Она представляеть полуразрушенный, складенный изъ плитняка четвероугольникъ, довольно большаго размъра. Входъ, или незакрывающееся отверстiе, въ величину окошка, обращенъ какъ и у всъхъ прочихъ на Югъ, то есть къ Меккъ». Мұның Сисем атаның тамы екеніне кейінгі зерттеушілердің ешқайсысы да күмән келтірмеген. Біздер 1979 жылы осында зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, жаңағы құрылыстың батыс жағында ұзын сырық ағаш болатын, жұрт осы жерге келіп дұға оқып, садақа ретінде әкелген заттарын сол ағашқа байлайтын. Бұл туралы кезінде Г.С.Карелин былай деген: «У восточной стороны воткнутъ высокiй шестъ, на коемъ, равно какъ и на другихъ двухъ палкахъ, навъшаны и наверчены всевозможныя лохмотья, холста, выбойки, ситцу, бази, нанки, кийки, кожи, клочки шерсти, волсъ и завязанный въ тряпичкахъ отръзки ногтей; также старыя гвозди, ломаныя скобы, петли и другiя желъзныя издълiя. Съ восточной стороны и внутри четвероугольника поставлены стоймя нъсколько хорошо обтесанныхъ въ аршинъ и болъе камней, съ выемками сверху, на подобiе тарелки, на коихъ видны вызженныя черныя пятна, отъ приносимаго въ жертву сожигаемого сала. Тутъ же набросано множестао головъ разной скотины, и между прочимъ черепа съ рогами аркаровъ и сайгаков». Бұл жерде Карелин батыс пен шығысты шатастырып алған болуы керек, неге десеңіз, құлпытас және әулие белгісін көрсететін сырық ағаш бейіттің батыс жағынан қойылады. Бірақ қазір біреу бұл құрылыстың басына төртбұрышты ақ тасқа «Саназар» деген жазуы бар белгі қойыпты, ал Сисем ата деген белгіні Қожаназардың алдыңғы жағына, Қонай батырдың ескерткішінің батыс жағындағы үйіктің басына қойыпты. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63251,63250"]
2011 жылы бұл тамды жөндеу жұмыстарына жоба дайындау кезінде, негізгі көлемін өлшеу үшін, тамның ішін және сыртын құм мен және шөптен тазаладық. Сол жұмыстарды жүргізіп жатқанда тамның батыс және оңтүстік батыс іргесінде әртүрлі уақ заттар табылды.
Заттардың бәрі облыстық мұражайға тапсырылды. Осылардың ішіндегі ең түсініксізі мына домалақ, қойдың құмалағы сияқты, сырты қатқан саз балшықпен қапталған, өзі салмақты, кейбіреулерінің қапталы тесік оққа ұқсайтын заттар.
Төркінін анықтау үшін Алматыдағы Мемлекетік орталық мұражайға хабарластық. Мұражайдың ғылыми қызметкері Жамалетдин Шайкеновтің және тарихшы Марат Сембі «Бұлар қарамылтықтың оқтары болуы керек, бірақ дәл қазір мұражайдан табылмады» деп, археолог Ю.А Мотовтың «К истории огнестрельной артиллерии средней Азии и Казахстана» деген мақаласының көшірмесін жіберді. Мақалада орыс патша офицері И.Ф.Бламбергтің естелігінен 1852 жылы Қоқан хандығына қарсы соғыста Ақмешіт (Қызылорда) қаласын алардағы бір оқиға мысалға келтіріледі «кокандцы ответили на мою стрельбу огнем из своих 3-фунтовых фальконетов» и упоминает «кокандские ядра (железо, обернутое свинцом)» тағы да «В тот же момент слева и справа от меня ударили в землю ружейные пули; я стал мишенью кокандских стрелков. Одна пуля пролетела рядом со мной и ударилась в патронный ящик, и я убедился, что она была глиняной».
Сонымен жоғарыда айтылған Сисем ата тамының іргесінен табылған домалақ заттардың мылтық оғы екені дерек арқылы анықталды. Тарихи деректерге қарағанда пілтелі мылтық шығыста, орта ғасырларда пайда болған, оның түрлері өзгеріп тұрған. Бұл мылтықтар қолдан соғылып істелетіндіктен, оқпанының ауызының көлемі әртүрлі болып шығады. Сол себептен әр мылтықтың оқтары әр түрлі. Ал аңдардың мүйіздері және аңға тиген оқтар әулиелердің бастарына садақа ретінде апарып тасталатын болған. Мына қорымдағы бірден-бір әулие Сисем ата. Олай болса, там басынан табылған оқтар да – бұл құрылыстың Сисем ата мазары екенінің тағы бір дәлелі. Ендігі міндет – осы тамды қалпына келтіру.
Ал ескелді Саназардың жайы қазіргі Сисем ата деп жүрген үйік болуы мүмкін. Өйткені Саназар Қожаназармен және кенже Қонай батырмен де замандас болған адам, сондықтан оның тамы Қожаназар мен Қонай батырдың жерленген жерлерінің маңайында болуы тиіс. Бірақ нақты дәлел болуы үшін толығырақ зерттелуі қажет.
Сисем ата қорымы сәулет өнері жағынан да, тарихы жағынан да басқа қорымдарға қарағанда ерекше сипатқа ие. Мұнда қазағымыздың тәуелсіздігін, жерін сақтап қалуда жанын қиған бабаларымыз жатыр. Олардың аттарын, ұлағатты істерін болашақ ұрпаққа жеткізу борышымыз, міндетіміз. Сондықтан қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасын тапса, ата-бабамыздың әруақтарының алдына бір игілікті іс болар еді.
Бұл мақала осыдан бес-алты жыл бұрын жазылған еді. Содан бері тек былтыр, яғни 2017 жылы, шамалы қаржы бөлініп он шақты тамға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде Сисем атаның да тамы бар.
Атаның тамын жөндеу кезінде, сыртқы іргелерін басқан құм, топырағын тазалаған да бірнеше садақтың ұшы, домалақ сазбен қаптаған қорғасын оқтар, сақина, бір-екі тиын сияқты мүк баскан заттар табылды. Бұлардың бәрі өлкетану мұражайына тапсырылды.
Өткен күзде Алматыдан келген мамандармен Сисем атаға жол түсті. Сондағы айтайын дегенім - Сисем ата тамының жөнделгеніне, басына сырық ағашы койылғанына қарамастан, Сисем ата деген жазуы бар құлпытасты Қожаназардың алдыңғы жағына, Қонай батырдың ескерткішінің батыс жағындағы үйікке қойыпты. Осы жерге де сырық ағаш қадалыпты. Шырақшыдан неге бұлай екенін сұрасақ: «білмеймін, жұрт солай дейді», - деп жауап береді. Сонда қалай, тарихи деректер, ғалымдардың зерттеулері, мамандардың пікірі түкке тұрмағаны ма? «Сисем ата» қорымына республикалық қорғау дәрежесі берілген. Біз атам заманнан әруақты сыйлайтын, шындықты қолдайтын ел едік қой. Сондықтан жоқ жерден әңгіме шығармай, әр затты өз орнына қойсақ дұрыс болатын сияқты!
Мақсұт НҰРҚАБАЕВ,
сәулетші, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері
Парасат» ордені мен "Ерен Еңбегі үшін» медалінің иегері
/Суреттер М. Нұрқабаевтың жеке архивінен/
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="63252,63253"]