©
Маңғыстау облыстық Қ.Сыдиықов атындағы әмбебап кітапханасында Маңғыстаудың төл тумасы, өз заманының көрнекті тұлғасы, Бейнеу ауданын алғаш басқарған басшылардың бірі, еңбек және қоғам қайраткері Дүйсенбі Әріппен 85 жасқа толуына орай абонемент бөлімінің кітапханашысы Мираш Биниязованың ұйымдастыруымен жас оқырмандармен кездесу өтті.
Оқырмандарға ағаның еңбек жолы, өнегелі істері Қ.Сыдиықов атындағы Маңғыстау облыстық кітапханасында шараға қатысқан оқырмандарға рет-ретімен жеткізілді. Оның жас кезінде бокспен, шахматпен шұғылданып, жетістіктерге жеткені де назардан тыс қалған жоқ. Түбектің жастарына кадрлық қамқорлығы, республика бойынша Бейнеу ауданын алдыңғы қатарда басқарғанын, соның көрсеткішіндей бүкілодақтық ауыспалы Қызыл туды қатарынан 5 рет жеңіп алғаны айтылды.
Қызмет барысында еліміздің талай көрнекті тұлғаларымен кездескені, әлем мойындаған жазушы Әбіш Кекілбаевқа сабақ беріп, ұстаздық еткені де еске алынды. Өсе келе ұстазынан озған шәкірті туралы кезінде: «Мектепте бала Әбіштің ұстазы болғаным рас, ал қазіргі дана Әбіштің ұстазы халқы» дегені – талантқа бас июі, қаламның құдіретіне көрсеткен құрметі деп түсіну керек.
Кездесу барысында оқушылар кеш иесіне арнаған Амандық Көмековтің, Айтуар Өтегеновтің, Ақшагүл Рамазанова т.б. арнау өлеңдерін мәнерлеп оқып, «Өнер» мектебінің оқушысы Ақмарал Қуандықова «Махамбеттің термесі», халық әні «Шымыр», Мәрия Жолаева «Балбырауын», «Күз» шығармаларын күйсандықта орындап, қатысушылар қошеметіне бөленді.
Оқырмандар өз кезегінде мерейтой иесіне арналған өлеңдер оқып, өнерлерін көрсетті. Қолынан қаламы түспеген Дүйсембі ағаның жады әлі мықты, көрген-білгендерін кейінгі ұрпаққа естелік кітап етіп қалдыру үстінде. Жақында жарық көрген «Адамзаттың Әбіші» кітабын жас оқырмандарға сыйлады.
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Тағы оқыңыз: Шежірені жауһар жырмен жырлаған халық ақыны Өмірзақ Қалбаев жайлы