©
Облыс әкімі жүргізген кезекті дүйсенбілік аппарат мәжілісінде төрт сала басшысының есебі тыңдалды.
Жиынды ашқан аймақ басшысы алдымен ауа райының күрт суытуына байланысты барлық жерде сақтық шараларын күшейту, Маната асуындағы жолда орын алған іркіліске себеп болған кемшіліктерге қатысты қызметтік тексеру жүргізу жөнінде жауапты лауазым иелеріне ескерту, тапсырмалар берді.
Атаулы әлеуметтік көмек – жаңа форматта...
Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қуаныш Берішбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамында қарастырылған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы туралы баяндады. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек қолданыстағы көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған мемлекеттік жәрдемақы мен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек түрлерінің бірігуі нәтижесінде жүзеге асырылады.
Бұл салаға жақында жетекшілікке барған маманның айтуынша, 2017 жылы әр түрлі төлемдерден құралған әлеуметтік көмекті өңірімізде 1615 отбасындағы 8052 адам алған, 554 отбасымен әлеуметтік келісімшарт жасалған.
Адамдардың әлеуметтік мәртебесін жаппай үйлерді аралау арқылы анықтау бағытында жұмыстар жүргізілуде және облыс бойынша 95 273 адамның статусы анықталмаған. Солардан 27 818 адамның мәртебесі анықталғаны, бейресми түрде жұмыс жасап жүрген 7324 және өзін-өзі жұмыспен қамтушы 902 адамның белгілі болғандығы айтылды. Бағдарлама бойынша биылғы жылы жалпы өңірде 19 173 адамды жұмыспен қамту (былтырғыдан 4 000 адамға көп) жоспарланған. Облыс әкімі жұмыспен қамту бағдарламасын қайта жасақтау, ондағы барлық бағыттар бойынша әр аудан, қаланы қамту және адамдардың жаппай әлеуметтік статусын анықтау жұмыстарын бір апта ішінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.
Бастамаларды барынша көбейту керек!
«Маңғыстау облысының өңірлік мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айсұлу Өзденбаева мемлекеттік органдарда жобалық басқару жүйесін енгізу, жобалық кеңселер мен дамыту көзделген негізгі салалық бағыттар жөнінде ақпарат берді. Отын-энергетика кешені, индустрия, агроөнеркәсіп кешені, көлік және логистика, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, туризм, денсаулық сақтау, білім бағытын дамытуға басым бағыттар берілмекші екен. Жалпы жобалар санын арттыру, әр бағыт бойынша бастама ұсыныстар санын көбейту жөнінде сын-ескертпелерін айтқан өңір басшысы жағдайды түзетуге қатысты тапсырмалар берді.
Энергетика және ТҮКШ жайы
Қазақстан халқына арнаған соңғы Жолдауында Елбасы: «Ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін Үкімет бұл іске барлық қаражат көздерінен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет» деп тапсырма бергені белгілі. Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы С.Аманбеков осы салаларды дамытуға қатысты жалпы құны 19,5 млрд. теңге болатын маңызды 18 жобаны үкіметте қорғауға ниетті екенін мәлім етті. Оның айтуынша, өңірімізде сумен жабдықтау көрсеткіші қалада 98 %, ауылдық жерлдерде 62 % болса, соңғысын 2020 жылға дейін 80 %-ға жеткізу жоспарланған. Аймақ басшысы алыстағы елді мекендерге су жеткізуді жоспардағыдан бір жыл ерте, яғни 2019 жылы аяқтауға жұмыстану қажет деген талап қойды. Кәріз желілерімен қамтылу деңгейі қалада – 97 % болса, ауылда – 13 %, ал газбен қамтамасыз ету қалада толық шешілсе, ауылдық жерлерде 86,89 % болып тұр.
Электр энергиясымен жабдықтау бағытында «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алаңында қуаты 250 МВт бу-газ қондырғысының құрылысын салу және пайдалану бойынша мемлекеттік-жекеше әріптестік жобасы бойынша жұмыстар басталған. Жел және күн қуатымен жұмыс істейтін электрстансалардың екеуін (Ақшұқыр, Шетпе) биылғы жылы қолданысқа беру көзделуде. Желілердегі электр энергиясын коммерциялық есептегіш автоматты жүйені (АСКУЭ) жаппай енгізудің тиімділігі айтылды. Мәселен, бес жылдан бері сол жүйені қолданып келе жатқан «МЭБК» АҚ 1,5 млрд. теңгені үнемдеген.
Егін егетін аумақ жыл сайын кеңеюде
Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Қалдығұл 2018 жылға жоспарланған іс-шаралар туралы сөзінде мемлекеттік 15 бағдарлама бойынша жұмыстар жүргізілетіндігін айтты. Соның ішінде ет, сүт өнімдерін дайындап өткізуге 50%, құдық қазуға 80 % шығындарды өтейтін субсидия төленетіндігі, сондай-ақ осы уақытқа дейін облыста 20 кооператив құрылғаны және биыл 60 құдық қазу жоспарланып отырғандығы белгілі болды. Өнімділік пен өнім сапасы көрсеткіштерін жақсарту, Үстірттегі жайылымдар мен иесіз жатқан құдықтарды есепке алу мен тиімді пайдалану, қазірде жалпы аумағы 1200 гектар болатын егін егетін алқаптарды кеңейту бағытында атқарылмақшы жұмыстар баршылық. Биыл 2 гектарға жылыжай салынып, арнайы экономикалық аймақта сыйымдылығы 1300 тонналық көкөніс сақтайтын қойма пайдалануға беріледі.
М. ҚУАНЫШҰЛЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46456,46457,46459,46458,46455"]