Бүгін Құрық порты алғашқы миллионыншы тонна жүкті Әзірбайжанның Баку портына жөнелтті. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдері, порттың ірі серіктестері мен клиенттері қатысты.
Порттың бас директоры Мырзабек Сақтағанов жиналғандарды еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамытудағы маңызды оқиғамен құттықтап, Құрық паром кешенінің келешегіне тоқталды.
- Қазіргі таңда Құрық паром кешенінен қазақстандық астық, көмір, мұнай өнімдері мен тыңайтқыш, химикаттар, сондай-ақ Қытай, Қырғыз Республикасы мен Өзбекстаннан келетін транзиттік жүктер тасымалданады. Пайдалануға берілген кезеңнен бері бүгінгі күнге дейінгі ауыстырып тиеу көлемі 1 миллион тоннаға жетті, - деді М. Сақтағанов.
[embed]https://youtu.be/J_XgSq5ZjRo[/embed]Естеріңізге сала кетсек, Құрық порты 2016 жылы желтоқсанда ашылған болатын. Қазіргі уақытта порт құрылысының екінші кезеңі іске асырылуда. 730 мың текше метр көлемінде құм шығару арқылы порт айдынында теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталды. Батыс және шығыс қоршау молдарының, бір уақытта екі паромды өңдейтін автомобильдік айлақтың құрылысы жүруде. Автомобильдік айлақ пайдалануға енгізілгенде жылына 7 млн. тонна жүк тасымалданбақ.
Құрық портынан Құрық ауылына дейінгі 21,7 шақырым жол қайта салынуда.
- Қолданыстағы инфрақұрылымдар теңізде жүру уақытын 4 сағатқа қысқартады. Құрық портынан Бакуге 18 сағатта жетуге болады, - деді М. Сақтағанов.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39536,39529,39533,39531,39532,39537,39538,39539,39540,39541,39543,39544,39542"]