©
Қазіргі таңда ҚР Үкіметі адамдар мен жануарларға ортақ аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу және болдырмау мәселесін басты назарда ұстап отыр.
Біздің облысымыз қазіргі уақытта жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларынан таза аймақ болып есептеледі. Республика бойынша айтар болсақ, өткен 2016 жылы еліміздің бірнеше аймақтарында (Қарағанды, Павлодар, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында) ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті Сібір жарасы ауруы шығып, адам шығыны болды және Атырау облысында нодулярлық дерматит ауруы тіркелді. Сондай-ақ көршілес Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарында қазіргі таңда бруцеллез ауруына қолайсыз аумақтар бар.
Облысымызда ҚР АШМ №7-1/559 (30.10.2014 ж.) бұйрығымен бекітілген профилактикасы, диагностикасы мен жойылуы бюджет қаражат есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жануарлары жыл сайын құтыру, пастереллез, сібір жарасы, күл, түйе обасы, құс тұмауына қарсы егу, эхинококкоз ауруына қарсы иттер мен мысықтарды дегельминтизациялау және жылқы маңқасына, сиыр мен түйе туберкулезіне міндетті тексеру іс-шаралары қазіргі таңда жыл сайынғы жоспарға сәйкес іске асырылу үстінде.
Ветеринариялық іс-шараларды жүргізу және ветеринариялық қауіпсіздікті сақтауда мал иелеріне ҚР заңнамалары бойынша, көптеген міндеттер жүктелген. Осы жерде айта кететін бір жайт, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау тек қана ветеринариялық ұйымдардың ғана міндеті емес, бұған жеке және заңды тұлғалар да міндетті болып табылады. ҚР «Ветеринария туралы» заңының 25-бабының талабына сәйкес жануарлардың аурулары, онымен қоса жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алуда жеке және заңды тұлғалар: ветеринариялық-санитариялық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өз малдарына уақытылы вакцинация (егу) және диагностикасын қамтамасыз етуге, малдарын толықтай бірдейлендіріп отыруға, жаңадан туған төл, сатып алған (әкелген) мал туралы хабарлауға, ветеринария саласы мамандары ветеринариялық iс-шараларды атқарған кезде көмек көрсетуге міндеттілігі туралы нақты атап көрсетілген.
Қазіргі уақытта облыс жайылымдарында (далалық аумақтарда) кеміргіштер (тышқандар) көбейіп отыр. Бұл жағдай да ветеринарлық қауіпсіздікке әсер етеді. Кеміргіштердің көбею себебі – былтырғы, 2016 жылы жерге шөптің қалың шығуынан, яғни қуаңшылық жылдары кеміргіштер азайып, шөп және оның түрлері көп шыққан жылдары көбейіп отырады. Бұл мәселемен негізі Маңғыстау облыстық обаға қарсы күрес стансасы (МООҚКС) айналысады. Біз өткен тамыз айында бұл мәселе туралы МООҚКС және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау мекемесі мамандарымен біріккен жиын өткіздік. Бұл мәселені ветеринариялық қауіпсіздік тұрғысынан алып қарайтын болсақ, ауылдық (далалық) аумақтарда кеміргіштер көбейген жылдары, әртүрлі мал аурулары да пайда болуы және көбеюі мүмкін, әсіресе біздің аймақта адам мен жануарларға ортақ оба ауруының қаупі басым болады. Жалпы біздің Маңғыстау адам мен түйеге ортақ оба ауруының ошақтары саны жөнінен республика бойынша алдыңғы орында. Сондықтан облыста жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруларының туындау қаупі жоқ деп айтуға болмайды. Мысалы, оба, сібір жарасы ауруларының қоздырғыштары топырақ астында 150–200 жылдап жата береді және осындай мерзімдерде вируленттігін (ауру қоздыру қабілетін) сақтайды. Жалпы осындай аурулар кенеттен қалай пайда болады? Оған негізінен мынадай 4 фактор әсер етеді: біріншіден, су тасқыны; екіншіден, қазу жұмыстары кезінде; үшіншіден, алдында айтқандай, кеміргіштермен жер бетіне шығады; төртіншіден, жеке және заңды тұлғалардың ветеринариялық қауіпсіздік талаптарын сақтамауы.
Жергілікті жерлерде ветеринария саласында өзекті мәселелердің бар екенін де жасыруға болмайды, яғни төмендегідей факторлар ветеринариялық қызмет пен бақылау-қадағалауды елеулі түрде қиындатып отыр: біріншіден, облыс ішінен және сырттан ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау, әкелу және сату туралы жеке және заңды тұлғалардың жергілікті ветеринария мамандарына (ұйымдарына) хабарламауы немесе уақытында хабарламауы; екіншіден, төрт түлік мал иелерінің жауапкершілігінің әлі де өз деңгейінде болмауы, олардың ветеринариялық заңнамаларды қатаң сақтауға жүрдім-бардым қарауы; үшіншіден, қолдағы бар ақпараттық жүйелердің (бірдейлендіру дерекқоры, ветеринариялық құжаттар беру, тіркеу веб-порталдары, т.б.) әлі де осал, жетілдірілмеген тұстары бар екендігі; төртіншіден, аудан және ауыл (ауылдық округ) әкімдері тарапынан өз аумақтарында ветеринариялық қауіпсіздік мәселесіне көңіл бөлудің төмендігі; бесіншіден, білікті (сауатты) мамандардың жеткіліксіздігі. Осы орайда, ең басты және өзекті мәселе ретінде айтарымыз, ҚР «Ветеринария туралы» заңының 9-бабының 2-тармағы талабына сәйкес аудандарда ветеринария бөлімдері өз алдына бөлек (дербес) болу тиіс. Ал қазіргі таңда аудан әкімдіктері ветеринария саласын ауыл шаруашылығы саласымен біріктіріп қойған. Ветеринарияның өзінің жұмысы бастан асып жатыр, яғни оған тиісті заңнамалар бойынша 29 функцияны тұрақты атқарып отыру міндеттелген және бұл міндеттер саны жыл сайын көбею үстінде. Ал қазір аудан әкімдіктерінің ветеринария мамандары негізінен ауыл шаруашылығы саласының жұмысын (субсидиялау, егін, ауылдағы кәсіпкерлік жұмыстары, т.б.,) атқарып отыр да, осының әсерінен ветеринария саласының қыруар жұмыстары шетке ысырылып, өз дәрежесінде жүрмей отыр. Екі саланы біріктіріп қойғаннан кейін, заң талабы да бұзылып отыр, яғни қазіргі таңда аудандарда сол аумақтың ветеринария саласының жауапкершілігін арқалайтын, заңда көзделгендей «Бас мемлекеттік ветеринарлық дәрігер» деген атауы бар лауазым иесі жоқ. Сондықтан аудан әкімдерінен ветеринария мәселелеріне жеткілікті назар аударуын сұраймыз.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстау облысының әкімі Кореяның елшісін қабылдадыЖалпы жұқпалы аурулардың пайда болу себебі белгілі бір аумақта (облыста, ауданда, шаруашылықтарда) мал санының аз-көптігіне байланысты емес, ауру ветеринариялық қауіпсіздік сақталмаған жерде (аумақта) шығады. Осы орайда, «Ауру айтып келмейді», «Ауруын жасырған өледі» деген қазақтың нақыл сөзі бар. Сондықтан ветеринариялық қауіпсіздікті сақтағанымыз өзімізді сақтағанымыз екенін әрқашанда есте ұстағанымыз жөн.
Исағали КӨШКІНБАЕВ,
Маңғыстау облысының ветеринария
басқармасы басшысының орынбасары
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН