©
Түпқараған ауданына танысу сапарымен барған Маңғыстау облысының басшысы Ералы Тоғжанов аудан активімен кездесті. Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Басқосуда аудан әкімі Темірбек Асауов өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінен хабардар етіп, жасалатын жұмыстар мен алда тұрған міндеттерді баяндады.
– Аудан бюджетінің 2016 жылға нақтыланған кіріс жоспары 9 060, 8 млн. теңге құрап, орындалысы 9 137, 7 млн. теңге немесе 100,8 пайыз болды. Нақтыланған шығыс жоспары 9 072, 4 млн. теңге, орындалысы 99,9 пайызды құрайды. 2016 жылы ауданның өнеркәсіп өнімдерінің ауқымы 427, 4 млрд. теңге болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 97,1 млрд. теңгеге артқан, физикалық көлем индексі 95,9%-ды көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция биылғы статисткалық деректер бойынша 8 435,6 млн. теңге болды, – деді аудан әкімі Темірбек Асауов.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов осы сәтте аудан әкіміне инвестиция көлемін арттыру бағытында ұсыныс-пікір дайындауды, орынбасары Шолпан Илмұханбетоваға өндірістік компаниялардың барлығының басын қосатын жиын ұйымдастыруды міндеттеді. Аймақ басшысы Ақшұқыр ауылы әкімдігінің сыртқы келбетіне сын айтып, әкімі Мәлік Ізтұрға пайдаланусыз тұрған 8 ұңғының халыққа тұтынуына жағдай жасауды тапсырды.
«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және ойын алаңдарын құру үшін республикалық бюджеттен 34,9 млн. теңге бөлініп, 3 ауылда 4 жоба іске асқан. Ауылшаруашылығының өнім көлемі өткен жылы 1515,6 млн. теңгені құраған. Ауданда жыл ішінде мал саны 6702 басқа артып, барлық түрлері бойынша тұрақты өсімі байқалады. Облыс әкімі түйеден басқа малға субсидиялық жеңілдіктер қарастырылғанын, Маңғыстауда ойсыл қара тұқымын көбейту мәселесін Үкімет басшысына жеткізгенін айтты. Жылдың аяғында облыста ең жақсы мектеп, ең жақсы шағын аудан, ең жақсы ауыл анықталатынын айтты. Көпшілік алдында 1-орын алған ең үлгілі ауылға 10 миллион теңге берілетінін хабарлады.
Аудан әкімі Темірбек Асауовтың айтуынша, мединцина саласында жалпы тәжірибелік дәрігер, акушер-гинеколог, педиатр, анестизиолог мамандары жетіспейді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Клара Оралбаева бұл мәселенің оң шешімін табатынын жеткізді. Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы белсенді жұмыс жасауы керектігін айтты. Жиын барысында аймақ басшысы Ақшұқыр мен Сайын Шапағатов ауылы тұрғындарының арыз-шағымын айтып, аталған ауылдың әкімдеріне спорттық нысандарды қалпына келтіруге, халықтың спортпен айналысуына жағдай жасауды тапсырды. Барлық ауыл әкімдеріне жүйелі жұмыс жасауды қатаң тапсырды.
– «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Сайын Шапағатов пен Ақшұқырдың ауылішілік су құбыры мен резервуары құрылысы жалғасады. Ақшұқырдан Сайын Шапағатов ауылына дейінгі Ақтау – Форт-Шевченко көлік жолдарын жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. «Қолжетімді баспана» бағдарламасы аясында Сайын Шапағатов ауылының 5 және 6 кварталдарын электр жүйесімен, Форт-Шевченко қаласының Жаңа Кетік аумағын газбен қамту, Сайын Шапағатов ауылынан жаңа мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр, – деді аудан әкімі Темірбек Асауов.
– Ақшұқырдағы мектептің жобалық- сметалық құжаттамасын қазан- қараша айына дейін бітіріп, нысандарға жобалық- сметалық құжаттамаларды 1 жыл бұрын жасап қою қажет. Сайын Шапағатов ауылынан салынатын дәрігерлік амбулаторияның жобалық- сметалық құжаттамасын қазан айына дейін аяқталып, келесі жылы құрылысы басталуы тиіс. Білім саласындағы мұғалім мамандардың тапшылығын шешіңіздер. Ақшұқыр ауылындағы су ұңғымаларын іске қосып, өңірді абаттандырып, көгалдандырыңыздар. Барлық ауыл әкімдерінің жұмысын талдап, маған беріңіздер, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жиында соңында сөз алған кәсіпкер Мырзағали Мақсымұлы мемлекеттік- жекеменшік әріптестік аясында спорт нысанын салуды жоспарлағанын жеткізіп, осы іске қолдау көрсетуді сұрады. Аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова еңбек пен ұмтылыс, ізденіс болса жетістікке жетуге болатынын айтып, көгалдандыруды әрбір адам өз ауласынан бастауы қажеттігін айтты.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ