Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке еліміздің әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі 15 бағыты бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттардың бірі – кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту. Осы бағыттағы тапсырмаларды жүзеге асырушы басты құрылымдардың бірі Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және оның өңірлік филиалдары болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің қорғаушысы, қолдаушысы десек те болар. Кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының Әлібек Өтеуов бастаған ұжымы тарапынан көрсетілген қолдауды айқын сезінген жергілікті кәсіпкерлермен тілдесіп, шаруаларының жәйін білген едік.
Шайыр ауылының тұрғыны, «Қыдырқожа» шаруа қожалығының жетекшісі Алтынбек Қартов 2006 жылдан бері ата кәсіпті жалғастырып, төрт түлікті түлетіп отырған шаруагер. Сол уақыттан бері түйе, сиыр сауып өнімін саттыққа шығарып жүрген қожалық иесінің қой өсіруде де ісі алға басты. Құрт, ірімшік, балғаймақпен қоса ет өнімдерін Ақтау қаласының, аудан орталығы Шетпе селосының базарына көтерме бағамен тапсырып жүрген олардың көптен бергі көздегені осы өнімдердің көлемін ұлғайтып, ұлттық тағамдар сататын орталық ашу екен. Былтыр «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы қызметкерлерінің кеңесіне құлақ түрген кәсіпкер «Бизнес-кеңесші» қысқа мерзімді оқуына қатысып арнайы сертификатқа ие болған. Орталық арқылы алған 3 миллион теңге көлеміндегі ақшаға нар мая мен қоспақ, інген сатып алған олардың бүгінде екі түйесі боталапты, қалған түйлері де бошалап тұр. Қожалықтың сауыншысы отанасы Сәуле, көмекшілері балалары. Алдағы уақытта сүт өнімдерін өңдейтін жаңа шағын құрылғылар алуды жоспарлап отырған кәсіп иесі мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауларға дән риза.
Осыдан бірнеше жыл бұрын аудан тұрғындары нан өнімдерін облыс орталығынан сатып алатын, дүкен сөрелерінде де Ақтаудың ақ бөлкелері ғана тұратын. Аудан орталығын былай қойғанда ауылдарда жыл сайын наубайханалар саны артып, ыстық нан ұсынып тұрғындардың ықыласына бөленіп отыр. Сондай наубайхана кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі өтестік кәсіпкер Кемалова Жанат: «Нан бар жерде-ән бар» демекші, наубайхана салу бұрыннан бергі арманым еді. Сол арманыма өткен жылы қол жеткізуіме аудандық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері себепші болды. Олар мейлінше ақпарат беріп, Шетпеден барлық құжаттарымды реттеп, бизнес жоспарымды ойдағыдай жазып берді, тіпті ғаламтордан нан пісіретін пешке дейін таңдауыма көмектесті. Сөйтіп қол жеткізген 2 миллион теңгеге «ХП-500» маркалы нан пісіретін арнайы пеш пен қамыр илейтін құрылғы сатып алдым. Одан басқа мұздатқыш пен арнайы жиһаздар алынды. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырған жәйім бар, күніне 72 дәне нан ауылдағы дүкен сөрелерінен орын алуда. Той, мерекелерге тапсырыс қабылдаймыз. Алдағы уақытта ауылдағы мектеп, балабақшамен келісім шартқа отырып, нанның түр-түрін шығару жоспарымызда бар,-деп салған жерден алғысын айта жөнелді.
Ауыл кәсіпкерлері мемлекет тарапынан қолдауға зәру екені белгілі. Осы орайда, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылуы аталған олқылықтың орнын толтырды десек артық айтпаған болар едік. Бүгінгі күні еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі үлкен маңызға ие. Осының бәріне қол жеткізу үшін аталмыш Палатаның құрылуы барлық кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік және үміт беруде. Кәсіпкерлер палатасы бизнес-қауымына қолайлы жағдай жасап, кәсіпкерлік секторының дамуына оңды ықпал жасауда. Әрине, бұл іс-шаралардың орындалуында біз-кәсіпкерлердің де белсенді түрде қатысуымыз қажет. Өйткені, палата мемлекеттік органдармен болған қарым-қатынаста біздің өкіліміз болып табылады.
Осы жерде кәсіпкер ретінде мен өз басымнан өткен мәселе жайында айта кеткім келіп тұр. Өткен жылы егін шаруашылығына пайдаланып отырған судың текше метрінің бағасы күрт өсуі келісімнің бұзылуына әкеп соға жаздады. Сол жерде, Палатаның қызметіне жүгінуге тура келді, себебі әрбір кәсіпкер өз қарамағында білікті (заңгер) мамандарды үнемі ұстап отыруға мүмкіншілігі бола бермейді. Осы іс-шараға кәсіпкерлер палатасының облыстық, аудандық өкілдерінің араласуы нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты,-деген «Өтеулі С» жеке шаруа қожалығының жетекшісі А.Қаниев орталықтың ашылуы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесін жолға қойды деген сенімін білдірді.
«Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек» деп сәнді киімнің сан түрін санамызға сіңіріп кеткен ата-бабамыздың ұлттық киім түрлерін, басқа да сәнді көйлектерді келістіре тігетін шеберлерге сұраныс қашан да азаймайды. Аудан орталығында бірнеше тігін шеберханасы бар, сапа да көңілден шығып келеді соңғы кездері. Өйткені бәсекелестік сапаның артуына тікелей әсер ететіні белгілі. Көптен бері киім тігіп көзге түсіп жүргендердің бірі ерлі зайыпты Жәнібек пен Мехрибан.
- 2007 жылдан бері жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, киім тігумен айналысып келеміз. Менің мамандығым тігін шебері болғанымен тапсырысты әйелім Мехрибан қабылдап, тігеді. Ал мен жұмысты ұйымдастырып, қолдағы 10 түрлі тігін машиналарын жөндеп жұмыстың алға басуын қадағалаймын. Екі тұрғынды жұмыспен қамтып отырмыз, олар жасаған жұмыстарына қарай еңбекақысын уақытылы алады. Соңғы кезде байқағаным, тігін үйренгісі келетіндер қатары да көбеюде, ниет білдіргендерге білгенімізді үйретудеміз. Жанұямызда 4 ұл-қыз өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. Балаларымыз да қол ұшын беріп, тапсырысты сапалы әрі әдемі етіп орындап, тұтынушының көңілінен шығуға тырысамыз. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында алған 3 миллион теңге кәсібімді одан әрі дамытуға жол ашты. Қарапайым тігін машиналарының күші жетпейтін тапсырыстарды қиындықсыз тігуге мүмкіндік туды. Одан басқа сырт киімдер, құндыз тондарды да қайта өңдеп береміз. Қазіргі уақытта осы істерімнің алға басуына әр түрлі кеңестер мен сервистік қолдау көрсетіп, екінші деңгейдегі банктермен жұмыс істеу барысына көмектерін беріп отырған ауданымыздың Кәсіпкерлер палатасы филиалының қызметкерлеріне алғысымды білдіремін,-дейді жеке кәсіпкер Құрбанов Жәнібек.
Кәсіп ашқысы келгенмен неден бастарын білмейтін, тіпті айналысып отырған кәсібін дамыту үшін қандай қадамдар жасауы керектігіне сауаты онша жете бермейтіндер үшін кәсіпкерлік палатасының құрылуы қуаныш әрине. Соңғы жылдары кәсіпкерлік саласында серпіліс бар, төмен пайызбен мемлекет беретін несиеге нендей құжат жинақтайтынын білмей сабылып жүретіндердің де саны азайған. Он жылдан астам уақыт мал шаруашылығымен айналысып жүрген ондылық Мақсат Қаржаубаев кәсібін кеңейтуді енді ғана қолға алып жатқандардың бірі. «Ұшақ» шаруа қожалығының жетекшісі биыл «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында төмен пайызбен алған 3 миллион теңгеге бір үйір жылқы сатып алған, енді бие сауып қымыз өндіруге көшпекші.
Аудандағы тың жобалардың бірі фитнес орталықтың ашылуы. Өткен жылы ашылған орталық бұрын соңды ауданымызда болмаған тың жоба. Осы істі қолға алған кәсіпкер де мемлекет қолдауына ришалығын жасырмады.
- Қыз-келіншектердің дені сау, тұлғасы сымбатты болуында фитнестің алар орны зор. Артық салмақ адамды аурушаңдыққа акеліп соғатыны да белгілі. Қыз-келіншектердің салауатты өмір салтын ұстануына үлес қосу арқылы табыс тапсам деген ойым өткен жылы мемлекеттік грантқа қатысуыма себеп болды. Сөйтіп аудандық кәсіпкерлік палатасы филиалына бардым. Ойымды ашық айттым, қайтарымсыз несие алуға ұсыныс білдірдім. Барлық ережесімен танысып, құжаттар жинақтадым. Фитнес орталығындағы жаттықтырушы қызым Айнагүл келуші қыз-келіншектердің көңілінен шығып, оларға белгілі бір қашықтыққа дейін жүгіретін құрылғы, арнайы жаттығулар жасайтын тренажер, велотрек, кардиотрек жаттығу құрылғыларымен жұмыс жасатып, келушілердің көздеген мақсаттарына жетуіне ықпал етуде,-деген шетпелік кәсіпкер Ерке Шәмбілдің сөзінің жаны бар екенін күндегі қызметінен көріп жүрміз.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА