Өткен жыл Маңғыстау мұнайының тарихындағы елеулі уақыт болып, Тәуелсіздік шежіресімен бірге өрілді. Жетібай кенорнындағы №6 ұңғыдан атқылаған алғашқы мұнай бұрқағының 55 жылдығы, осы кенорнындағы кәсіпшіліктің ашылуының 50 жылдығы өткенді саралаудың, болашақты бағдарлаудың белесі болды. Біз бүгін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Бақыт ИМАНБАЕВПЕН кәсіпорынның даму барысы, еліміздің экономикалық қуатын арттыру жолындағы мақсат-міндеттері және еңбек ұжымындағы әлеуметтік ахуал жайында әңгімелескен едік.
– Бақыт Алтайұлы, «туған ай–туралған етпен тең» демекші, Амал келді, жыл басы Наурызға жетіп, жаңа жылдың да жаңа бір еңбек тоқсанын игеріп тастадық. Өткен жылы компания өмірінде қандай өзгерістер болды? Әңгімені осы бағытта сабақтасақ...
–Тарихи тұрғыдан алғанда өткен жылдағы Маңғыстау мұнайының 55, «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдығы атаулы даталарының Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі жауапкершілігімізді көтеріп, күшімізге күш, жігерімізге жігер қосқандай болды.Тағылым үшін өткен мерейлі мерекелер ұрпақ сабақтастығын жалғастыруға, тарихты таразылай отырып, өткенді танып- білуге бағытталды. Жетібай кенорнының тарихы – бай тарих. Мұнай өндірісінің білікті кадрларын, мықты ұйымдастырушылық мектебін қалыптастырған орта. Қарапайым мұнайшыдан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Премьер-министріне дейін көтерілген Нұрлан Өтепұлы Балғынбаевтың өмірбаяны сөзімнің дәлелі. Сондықтан да 55 жыл бойы ел экономикасын дамытуға үлес қосқан жетібайлық мұнайшылардың еңбек дәстүрі, атақты мұнайшылардың ерлікке толы еңбек жолын насихаттау мақсатында мұражайдың ашылуы өткен жылғы компания өміріндегі елеулі де маңызды оқиға деп ерекше айтқым келеді. Мұнда сонау 1966 жылдан бастап жанқиярлықпен еңбек еткен, қасиетті өлкеде жаңа кәсіпорындар, қалалар мен елді мекендер пайда болуына бар ғұмырын арнаған, Қазақстанның Тәуелсіздігіне үлес қосқан аға ұрпақтың ерлікке бергісіз еңбегі, өмір жолы жатыр. Бұл мұражай өңірдегі мұнай саласының дамуынан, өткен тарихынан, мұнайшылардың еңбек жолынан мағлұмат береді. Жастарымыз осы мұражай арқылы өткен тарихымызды, елге еңбек еткен майталман мұнайшыларды танып-біліп, тағылым мен тәлім алатыны сөзсіз.
Өткен жылғы тағы бір жағымды жаңалық – Ұлттық бизнес-рейтингтері одағының ресми статистика мәліметтері негізінде жасалған саралау нәтижелеріне сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «Жыл ішіндегі табыс (шығын)» аталымында Қазақстан бойынша жеңімпаз атанып, қаржы-экономикалық қызметінің көрсеткіштері болып табылатын «Активтер мен капитал көрсеткіштері», «Табыс көрсеткіштері», «Өтемпаздық көрсеткіштері» деп аталатын үш номинацияда Маңғыстау облысындағы кәсіпорындар арасында бірінші орын алды.
Бұл мұнай- газ өндіру саласындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болғандықтан, «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына «Сала көшбасшысы –2016» алтын медалі, «Сала көшбасшысы» ресми ұлттық VIP сертификаты мен «Экономика мақтанышы» ордені табыс етілді. Сондай-ақ жуырда Ұлттық Бизнес рейтингтің сыртқы экономикалық қызмет көрсеткіші бойынша Қазақстан Республикасы экпорттаушылары арасында «Экспорт–импорт суммарлық көлемі», «Операциялар көлемі», «Іскерлік белсенділік» кретерийлері бойынша алтын, «География» номинациясында күміс медальды иеленгені туралы жақсы жаңалық жетті.
– Бақыт Алтайұлы, бұл жетістіктер басқару тетіктерін стратегиялық тұрғыда тиімді орайластыру мен команданың ынтымақты қызметінің жемісі, әрине! Облыс экономикасына сүбелі үлес қосып келе жатқан «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының қазіргі таңдағы хал-жағдайы қандай? Соңғы жылдары әлем нарығында «қара алтын» бағасының төмендеуі салдарынан қалыптасқан күрделі кезеңде компанияның дамуын қалыпты деңгейде ұстау оңайға түспеген шығар...
– Абыз Әбіш аға Кекілбаевтың өтпелі кезең, күрт бетбұрыстар тұсында «байыбын тауып іс қылып, бағытын тауып алға басқан жөн... жүрек пен бас, қол мен ақыл қатар қиналып, қатар қимылдайтын кезең келді. Сонда ғана еңбегіміз еш, қарекетіміз кеш болмайтын шығар» деген сөзі бар еді.
Мұнай бағасының төмендеуі салдарынан біраз бағдарламаларға арналған шығындарды шектеуге, үнемдеу саясатын қатаң ұстануға тура келді. Дегенмен, мұнай өндіру қарқынын төмендеткен жоқпыз. 2016 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ 6 млн. 285 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлаған болатын. Біз бұл межені артығымен орындадық.Жыл қорытындысы бойынша 6 289 902 тонна мұнай өндіріліп, жоспар 4 902 тоннаға артығымен орындалды. Мұндай көрсеткішке компания ұжымы жоғары кәсібилігі мен берік ынтымағының арқасында қол жеткізді. Жоспарлау мен геологиялық-техникалық шараларды дұрыс және сауатты жүргізу жетістікке жетудің негізгі факторлары болды. Атап айтсақ, жаңа ұңғыларды бұрғылау нәтижесінде 320 759 тонна мұнай игерілді. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – мұнай өндіру көлемін жыл сайын ұлғайтып отырған компания. Үстіміздегі жылы да осы бағыттан таймауды көздеп отырмыз. Биылғы жоспарымыз бойынша 6 млн. 350 мың тонна мұнай өндіруіміз керек. Бұл – 2016 жылға қарағанда 60 098 тоннаға артық меже.
– Компанияда мұнай өндірудің бергіштік коэффициентін (КИН) арттыру шараларының нәтижесі қандай?
– Бүгінгі таңда өндіріске жаңа технологиялар мен геологиялық-техникалық шаралар кеңінен енуде. Мұнай ұңғыларында жер қойнауының қабатын сумен ажырату, жоғары жатқан жер қабаттарына қайта оралу, Қаламқас кенорнындағы ұңғыларда полимерлі су айдау сияқты шаралар қолданылды.
Қаламқас кенорнындағы 2 учаскеде тәжірибе ретінде ұңғыларға полимерлі су айдау шаралары жасалған болатын. 2017 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіш бойынша бір учаскеден 52 514,6 тонна орнына 59 252 тонна мұнай өндіріліп, бір ұңғының тәуліктік қуаты 6,5 тоннаны құрады. КИН көлемі – 1,7 пайыз. Бұл тәжірибе нәтижесі болжам бойынша 2021 жылға дейін мұнай өндіру көлемін 212 мың тоннаға жеткізіп, КИН көлемін 9,9 пайызға артуы тиіс екендігін көрсетті. Қазір осы жоғары көрсеткіштерге байланысты полимерлік қосындының технологиялық және экономикалық тиімділігін арттыра отырып, өндіріске кеңінен пайдалану міндетін қойып отырмыз.
Есепке жүгінсек, бүгінгі таңда Қаламқас кенорнының су айдау ұңғысы қорында 664 ұңғы бар. Егер жалпы қордың 50 пайызын полимерлік су айдаумен қамтитын болсақ, КИН көлемі 7,1 пайызға артады, яғни қосымша мұнай өндіру көлемі 46 млн. тоннаға жетуі тиіс.
–«Жасыл экономика» – болашақтың экономикасы. Компанияда газ өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз етуде қандай шаралар алынуда?
– «Жасыл экономика» бірінші кезекте сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай, газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Мамандардың айтуы бойынша «жасыл экономиканы» дамыту экологиялық дағдарысты болдырмауға мүмкіндік береді.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында «Жасыл экономикаға» көшу аясындағы ресурстардың тиімділігін арттыру, табиғат ресурстарын рационалды пайдалану бағытында электр энергиясын өндірудің шығыны аз әдістері қолға алынды. 2014 жылы Қаламқас кенорнында газ-турбиналық электр стансасын (ГТЭС) іске қосқан кезінен бастап 2017 жылдың сәуір айына дейінгі аралығында 750,2млн. квт.сағат электр энергиясы өңделді және де барлық шығындарын қоса есептегенде 6,953 миллиард теңге үнемделді. Мұнда 31 жаңа жұмыс орны ашылды. Стансаның іске қосылуы Маңғыстау энергия торабы электр жүйелерін 8 пайызға дейін жеңілдетуге, сондай-ақ бұрын электр жүйелерінің апаттық жағдайда өшіп қалуынан болған мұнайдың жоғалу фактісін тоқтатты. Егер 2013 жылы жылына 2933 тонна мұнай жоғалса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 6,8 тоннаға дейін төмендеді.
– Компанияның әлеуметтік саясатына, атап айтқанда әлеуметтік әріптестікке тоқталсаңыз...
– «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы – Маңғыстау өңірінің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған көптеген ірі бағдарламаларды іске асырып отырған компания. 2010 – 2015 жылдары компанияның әлеуметтік инвестициялары 8 млрд. 245 млн. теңге болды. Маңғыстау тұрғындарын әлеуметтік қолдау және осы бағытта жергілікті атқару органдарымен келісімді қарым-қатынаста жұмыс жасау – компанияның әлеуметтік саясатының басым бағыты. 2016 жылы акционерлік қоғам тек осы өңір ғана емес, республикамыздағы әртүрлі мекемелерге демеушілік және қайырымдылық көмек көрсетуге, мемлекеттік әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға, қоғамдық шараларды өткізуге 4 223 364 480 теңге қаржы бөлді. Облыстағы ең ірі салық төлеуші кәсіпорындардың бірі ретінде 2016 жылы компания 197 905 359 теңге көлемінде салық пен басқа да төлемдер түсірді. Мұның ішінде республикалық бюджетке – 188 657 216 теңге болса, жергілікті бюджетке – 9 466 629 теңге.
Бұған қоса «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ отандық тауар өндірушілерді қолдауға және қазақстандық тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді қамтуды дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімдерін де мүлтіксіз орындап отыр. Компания тарапынан жергілікті шаруаларға үлкен қолдау көрсетілуде. 2015 жылы олармен арада үш жылдық меморандумға қол қойылды. Осыған сәйкес жергілікті ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінен 2015 жылы 547 млн.теңге, ал 2016 жылы 490 млн. теңгенің өнімі сатып алынды. Осылайша ет және сүт өнімдерін мұнайшылар бүгінде кепілді өткізу нарығы бар маңғыстаулық шаруалардан сатып алып отыр.
– Ал жер қойнауының байлығын ел игілігіне айналдырып отырған мұнайшы қауымның әлеуметтік мұқтаждықтары қалай шешіліп жатыр?
– Өндірілген әрбір тонна көмірсутегінің артында мұнайшылардың бірнеше ұрпағының жанқиярлық еңбегі, олардың жұдырықтай жұмылған бірлігі мен кәсіби шеберлігі тұр. Бүгінгі «Маңғыстаумұнайгаз» – бұл 6000-ға жуық жоғары білікті маман қызметкерлер, бұл – ынтымағы жарасқан тату ұжым, бұл – нағыз өз істерінің шеберлерінен құралған команда. Компания өз қызметкерлерінің және олардың отбасылары алдындағы жоғары әлеуметтік жауапкершілік саясатын ұстанады. Өйткені, қалай болғанда да «қара алтын» қарапайым халықтың игілігіне қызмет етуі тиіс. Әр тамшы мұнайдың артында соны өндірген азаматтардың ерен еңбегі мен осы жердің иесі –халқымыздың мүддесі жатқанын біз еш уақытта естен шығармауымыз керек.
2013 жылдың 7 қарашасында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасында 2013 – 2016 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Алайда, әлемдік нарықтағы дағдарысқа және мұнай бағасының төмендеуіне байланысты 2015 жылғы 19 қаңтарда өткен шарт жасақтау комиссиясы мүшелерінің отырысында Ұжымдық шартқа өзгертулер енгізіліп, шарттың кейбір тармақтарын алып тастауға мәжбүр болғанбыз.
Биыл жаңа Ұжымдық шарт жан-жақты талқылаудан өтті. Нәтижесінде алынып тасталған тармақтар қайтадан енгізіліп, тіпті кейбір тармақтар бойынша төлемдердің көлемі екі есеге дейін ұлғайтылды. 2016 жылдың желтоқсан айында 2017– 2019 жылдарға арналған жаңа Ұжымдық шартқа қол қойылды. 2016 жылы Ұжымдық шарттың шығыны 600 264 мың теңге болды. Жаңа шарт бойынша кәсіпорын мұнайшылардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы әртүрлі мәселелерді шешуге жұмсалатын шығындарды жылдан- жылға көбейтуді көздеп отыр. Енді жаңа Ұжымдық шартқа сәйкес жыл сайын 383,8 миллион теңге көлемінде қосымша қаржы жұмсалып отыратын болды. Мұның бәрі – мұнайшылардың лайықты өмір сүруі мақсатында жасалып жатқан шаралар, акционерлік қоғам басшылығының қарапайым қызметкерлердің хал-ахуалын жақсарту бағытында атқаруы тиіс абыройлы міндеті. Жалпы, 2014–2016 жылдары Ұжымдық шарт бойынша компанияның әлеуметтік төлемдері 12 347 681 мың теңгені құрады.
– Кәсіпорынның еңбек ұжымында әлеуметтік тұрақтылықты сақтау бағытында қандай шаралар жасалуда?
– Компания қызметкерлерінің ынтымағы мен бірлігі – еңбек ұжымының әлеуметтік тұрақтылығының кепілі. Кәсіпорында 2015 жылдан бастап басшылық пен еңбек ұжымы арасында «кері байланыс» жүйесін дамытуға, жұмыс берушілер мен қызметкерлер және кәсіподақтар арасында сындарлы диалог орнатуға бағытталған ішкі коммуникация құралдары енгізілді. Атап айтқанда, компания басқармасы әр жарты жыл сайын жүйелі түрде кәсіпорынның еңбек ұжымымен есептік кездесулерін өткізіп отырады. Желілік басшылар еңбек ұжымдарымен әр тоқсан сайын кездеседі. Бұл кездесулерде еңбек ұжымы компания тіршілігі туралы ақпаратты тікелей басшылардан алады, қызметкерлер өз мұң-мұқтаждарын, арыз-өтініштерін, ұсыныс-пікірлерін сол жерде айтып, басшылардан өздерін толғандырған мәселелер жөнінде бірден жауаптарын алып отырады. Әрбір кездесудің хаттамасы жасалып, қызметкерлердің өтініштері бірінші басшының бақылауына алынады. Компания басшылары тоқсан сайын қызметкерлерді жеке өтініштері бойынша қабылдайды. Корпоративтік сайтымызда ашылған бірінші басшының блогы арқылы да мұнайшыларға өз өтініштерін айтып, сұрақтарын қоюға жағдай жасалған. Бұған қоса Қаламқас, Жетібай кенорындарында, өндірістік қызмет көрсету орталық қызметі мен материалдық-техникалық жабдықтау қызметі базаларында, көлік департаментінің автопаркінде және орталық кеңседе қызметкерлердің шағымдары мен ұсыныстарын жинауға арналған жалпы саны жиырма алты жәшік орнатылды. Бұл өтініштер де жіті бақылауға алынып, мұнайшылар әрбір сұрағына нақты жауап беріледі. Осылайша, компанияда басшылық пен еңбек ұжымының арасында тікелей байланыс орнатуға қол жеткізілді.
Сондай-ақ жыл сайын еңбек ұжымындағы әлеуметтік-психологиялық тұрақтылықтың деңгейін сауалнама арқылы анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сауалнама нәтижелері мен қызметкерлердің өтініштері компанияның «Әлеуметтік әл-ахуал мониторингі» электрондық бағдарламасына енгізіліп отырады. Мәселен, 2016 жылы 5665 сауалнама парақшалары енгізілді. Соның нәтижесінде қызметкерлердің 321 өтініші тіркеліп, бақылауға алынды. Осы бағдарлама арқылы қызметкерлердің өтініштері жіктеліп, оның орындалысы туралы басшылыққа ақпарат беріліп отырады.
– «Самұрұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы тапсырмасына сәйкес «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамында трансформациялау бойынша арнайы бағдарлама қабылдағаны белгілі. Осыған сәйкес «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында құрылымды қайта ұйымдастыру бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?
–Трансформациялау Үкіметтің талабына сәйкес барлық Ұлттық компанияларда жүргізілуде. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» ҰК» мен акционерлік қоғамы мен «Самұрұқ-Энерго» ҰК» акционерлік қоғамдарында бейінді емес активтерді нарыққа шығару жұмыстары бүгінде аяқталды. Бүгінде әрбір компанияның әрі қарай дамуына қажет стратегиясы мен қызмет түрі анықталды. Осы стратегиялық бағыттар мен қызмет түрлеріне сәйкес келмейтін активтер бейінді емес болып есептеледі. Демек бейінді емес активтер дегеніміз – кәсіпорынның негізгі қызметіне байланысы жоқ активтер.
2015 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ трансформациялау бағдарламасын бизнес-үрдістерді 2 бағытта, яғни автоматтандыру және бейінді емес қызмет түрлерін құрамынан шығару бойынша шараларды жүзеге асыра бастады. Бүгінгі таңда 5 бейінді емес актив – өртке қарсы қызмет, медициналық-санитарлық, қауіпсіздік қызметі сияқты бірнеше бейінді емес құрылымдар қоғам құрамынан шығарылды. Трансформациялау бойынша 2015–2018 жылдары жоспарланған жалпы экономикалық тиімділік 1 627 млн.теңге, 2016 жылы нақты экономикалық тиімділік 544 млн.теңгені құрайды.
Компания құрылымынан шығарылып жатқан активтердегі жұмыс жасайтын қызметкерлердің барлығының жұмыспен қамтылуы біздің басты міндетіміз деп есептейміз. Сондықтан аталмыш салалардағы барлық қызметкерлердің жұмыспен қамтылуына қоғам кепілдік алды, мұнда жұмыссыз қалған бірде бір қызметкер жоқ.
Медициналық санитарлық бөлім толықтай ашық конкурста жеңіп шыққан «Хирургия институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өтті. Сондай-ақ Хирургия ғылыми-зерттеу институты медициналық қызмет көрсетудің сапасын көтеру, қызметкерлердің кәсіби шеберліктерін жетілдіруге, медициналық қызметтің инфрақұрылымын жаңғыртуға, заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандыруға 3 жыл ішінде 1 млрд. теңгеден астам инвестиция салу жөнінде міндеттеме алды. Ендігі жерде үш жақты келісімге сәйкес компания кәсіподақ комитеті мердігерлердің алған міндеттемелерінің орындалуын бақылап отырады.
Келесі кезекте әкімшілік мәселелер департаменті тұрғын-үй пайдалану цехын ашық нарық алаңына шығару үшін конкурстық құжаттаманың техникалық тапсырмасы жасақталуда. Мұнда мердігерге қойылатын барлық талаптар құжатқа енгізіледі және осы құжаттаманы жасақтау барысында жұмыс тобының құрамына цех өкілдерінің қатысуларына жағдай жасалады.
-Бақыт Алтайұлы, компания болашағы – бүгінгі жас буын. Жастармен жұмыс жүйелі ме?
– «Бабалар айтқанындай, өлі риза болмай, тірі байымайтынын, ағаның назары жығылғаннан, інінің базары тарқамайтындығын, алдыңғының нысапсыздығы артқыны имансыз ететінін, үлкеннің жолын кескеннің көрінбей қаларын, кішінің жолын кескеннің көмілмей қаларын бір сәт те естен шығармайтын тұс – қазіргідей өтпелі кезең, қазіргідей өлара кезең... Кешегілердің еңбегін елемесек, бүгінгілердің көңіліне қарамасақ, ертеңгілерді қалай қарқ қыламыз?!». Бұл да Әбіш аға Кекілбаевтың сөзі. Компанияның жастар саясаты туралы сауалыңа орай ойға келген әңгіме еді бұл. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамының үлкен ұжымының үштен бірін 35-ке дейінгі жастар құрайды. Толқынды толқын қуады. Зейнет жасына келген аға әріптестеріміздің ізін басып жатқан жастардың осал еместігіне күнде куә болып жатырмыз. Айталық, кәсіпорында осыдан үш жыл бұрын Жас мамандар кеңесі құрылған болатын. Бұл кеңеске бүгінде 1500-ден астам жас мұнайшы мүше.
Өндірістің өз ішкі тәртібі дейміз бе, қалыптасқан заңдылығы дейміз бе, көбіне алдыңғы кезекте мұнайдың өндірілуі тұрып келгендігін жасырмаймыз. Осы бір қасаң қағидатты Жас мамандар кеңесі бұзғандай. Мұнай өндірісі оңай кәсіп емес. Бұған біздің Маңғыстаудың қатыгездеу табиғатын қосып қойыңыз. Қысы-жазы апырып-жапырып еңбек майданын қыздырып жататын жас мұнайшыларды жастар саясаты дендеп қолға алынғаннан бері жаңа қырынан таныдық. Мемлекетшіл, қоғамшыл, патриот жастар қаулап шыға келді. Президент, Парламент сайлауы тұстарында, Маңғыстау мұнайының 55, Жетібай кенорнының 50 жылдық шараларын ұйымдастыру барысында бұған куә болып, шын сүйсіндік. Қанша талантты жастар жүр ортамызда!
Жас мамандар кеңесінің тек біздің компаниядағы ғана емес, жалпы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның компаниялары арасында, республикалық және облыстық деңгейлерде болып жатқан қоғамдық шараларға белсенді қатысып жүргені көңіл қуантады. Компанияның құрылымдық бөлімшелері арасында «Брейн-ринг» зияткерлік ойындарында, ардагерлерге, мүжәлсіз отбасыларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнаған қайырымдылық істерде, мемлекеттік және кәсіптік мерекелерге байланысты компания қызметкерлері үшін ұйымдастырылған мәдени-көпшілік шаралардың бас-қасында жастар жүр.
Ардагер мұнайшылар мен қызметкерлердің балаларын да назардан тыс қалдырмай, көптеген қоғамдық шараларды өткізуді өздерінің міндетіне алған. Мұнайшылардың балаларын компанияның бұқаралық өмірінің бел ортасынан – көркемсурет байқаулары, тақырыптық шығармалар сайысынан, тіпті мұнайшылар күшімен қойылып жатқан мерекелік концерттен де жиі кездестіреміз. Сондай-ақ «Қаламқас кештері» жобасы кәсібі мен өнерін қатар алып жүрген мұнайшылардың жұмыстан бос уақытын мазмұнды ұйымдастыруға мұрындық болып келеді.
Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне деген қамқорлық, үйлеріне барып құттықтаулары, ол кісілердің құрметіне концерттерін қойып, бағалы сыйлықтар тарту етуі, Жетібай ауылындағы №5 мектептің қыздар волейбол командасына, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футбол командаларына керек- жарақтарына демеушілік көрсетуі, ауыл мешітінде Ораза айт дастарханын ұйымдастыруы, осы сияқты бірқатар іс-шаралар «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамында жастар саясатының дұрыс жолға қойылғанының белгісі деп ойлаймын. Ең маңыздысы, бұл компанияның ауызбіршілігіне, ынтымағына оң әсер етті. Арасы шалғай екі кәсіпшіліктің жастарының ұйымшылдығы компанияның қоғамдық өміріне жан бітірді.
2016 жылдың қыркүйек айында жас көркемөнерпаз мамандарымыз «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері арасындағы спартакиаданың салтанатты жабылуында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, басшылықтың алғысын алды. Ал қазан айында Қостанай қаласында өткен жас кәсіп көшбасшыларының республикалық дебаттық турнирінде Жас мамандар кеңесі өкілдерінен құралған мемлекеттік және орыс тілді екі командасы да жүлделі бірінші орынды иеленді.
Компания жастары өткен жылы қараша айында Ақтөбе қаласында өткен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниялар тобы жас мамандарының III слетіне қатысты. Сол жиында жас мамандардың күшімен ұйымдастырылған мәдени шараның тізгінін «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы жастары ұстағанын ерекше атап өткім келеді. Астана қаласында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған мерекелік салтанатты, осы жылдың Наурыз мейрамы күндеріне орайластырып өткізілген ұлттық компанияның 15 жылдығын ұйымдастыруға да біздің жастарымыз белсене қатысып, саладағы жастар саясатының оң нәтижесін көрсетті. Сондай-ақ маңғыстаумұнайгаздық жастар үстіміздегі жылдың 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ардагер мұнайшы әйел-аналарға, әріптес қыз-келіншектерге арналған облыс көлеміндегі барлық мұнай компанияларындағы жастардың қатысуымен өткен «Анаға сәлем» атты ретро-концертке мұрындық болып, естен кетпес әсер сыйлады.
Кеңес жұмысына белсене араласып жүрген жас мамандар есебінен компанияның кадрлық резерві қалыптасуда. Жалпы, әлеуметтік тұрақтылық рейтингін анықтау бағытында жүргізілетін сауалнамада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына қарасты құрылымдарда өндірістік, инженерлік-техникалық және әкімшілік-басқару кадрларын өсірудің ашық болуы жөніндегі мәселе жиі көтеріледі. Осыған орай Ұлттық компания шешімімен арнаулы іс-шараға сәйкес кадр резерві жасақталмақ. Биыл «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы» оперативтік кадр резерві бойынша пилоттық жобаға қатысады.
«Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы басқармасы жастар саясатының ұжымымыздағы әлеуметтік-психологиялық тұрақтылықты сақтаудағы рөлін жақсы біледі. Сол себепті компанияның Жас мамандар кеңесіне қажетті деңгейде көңіл бөліп, жас мұнайшылардың игі бастамаларын әрдайым да қолдайды.
Сұхбатыңызға рахмет! Алдағы уақытта да өзіңіз басқарып отырған компанияның қызметі жемісті болуына тілектеспіз.
Сұхбаттасқан Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ