©
Жаңаөзен қаласында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» 2012 жылдың қаңтар айында ашылды. Бастапқыда «Жаңаөзен қаласындағы кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы жоспар» деп аталған бағдарлама 2012–2014 жылдарға есептелген еді. Мақсаты – кәсіпкерлерге көмек көрсету, ең алдымен, жеңілдікпен несие беру. Бұл бағдарлама екі-үш бағытта жүргізілді. Әуелгісі, кәсіпкерлерге тікелей қаржы беру, одан кейін екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие беру, сондай-ақ осы бағдарлама аясында субсидия беру және кепілдік беру қарастырылды.
Бұл бағдарламадан басқа сол кездері «2014–2020 жылдар аралығында моноқалаларды дамыту туралы» және «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы екеуі қатар жүрді. Осы бағдарламалар бойынша кәсіпкерлер қандай көмек ала алады? Біз осындай және басқа да сұрақтарға жауап беруін өтініп, Жаңаөзен қаласындағы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» менеджері Бибігүл Салықбаевамен сұхбаттасқан едік.
– Иә, бұл бағдарламалар бойынша кәсіпкерлер екі түрлі көмек алады, – дейді Бибігүл Қойшығұлқызы. – Оның біріншісі – субсидия, екіншісі – кепілдік беру. Субсидияның пайдасына тоқталып өтейін. Кәсіпкерлікпен бұрыннан шұғылданып жүрген не жаңадан талаптанып жатқан жас кәсіпкер алға қойған мақсатына қиындықсыз жету үшін екінші деңгейлі банктен несие алады. Сол қаржымен бұрынғы бизнесін жаңартып, жаңғырта алады. Ал жаңадан талаптанып жүргендер кәсіпкерлігін бастайды. Сол алған несиесінің бір бөлігін субсидия түрінде «Даму қоры» төлеп отырады. Өйткені субсидия дегеніміз – кәсіпкер үшін қайтарымсыз қаржы. Мысалы, кәсіпкер 14 пайызбен несие алды делік. Сол 14 пайыздың 10 пайызын ай сайын «Даму қоры» төлеп отырады. Сонда кәсіпкердің өзіне қалатын үлесі – небәрі төрт-ақ пайыз. Бұл кәсіпкер үшін көп жеңілдік, үлкен көмек. Біріншісі, субсидияның көлеміде жоба қай жерде іске асса, тікелей соғанда байланысты. Мәселен, Жаңаөзен – моноқала. Қазақстандағы 27 моноқаланың ішіндегі ең бірінші тілге алынатыны да осы – Жаңаөзен. Шағын шаһар болғандықтан жаңағы айтқан «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына сәйкес бірінші бағыты – ауылдық мекендегі жобалар. Сондықтан субсидияның көлемі – 10 пайыз.
Бірінші бағыты – экономикалық үстін. Бірақ ол жобалардың экономикалық секторға қатысы жоқ. Мысалы, жаңаөзендік кәсіпкерлер Ақтау қаласынан дүкен ашпақшы болса, онда олар бұл бағдарлама арқылы көмек ала алмайды. Егер өндіріске байланысты немесе тұрғындарға кез келген қызмет көрсететін бизнес ашқысы келетіндерге субсидия мөлшерін 7 пайызбен ала алады. Моноқалаға арналған бағдарлама осынысымен ерекшеленеді.
Екіншісі – кепілдік беру. Мысалы, кәсіпкер екінші деңгейлі банктен несие алу үшін міндетті түрде кепілдік беруі керек. Кепілдікке жылжымайтын мүліктерін немесе депозит түрінде қаржылай ақша қоюға да болады. Бұл ретте, банк өзінің талабына сәйкес белгілі мөлшерде несиені толықтай жабу керек. Ол үшін 100 әлде 115 пайыздық несиені жабуы қажет. Кәсіпкердің тұрғын үйі жылжымайтын мүлік есебінде есептелініп, бағаланады. Осы кезде кәсіпкерге көмекке тағы да «Даму қоры» келеді. Аталған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерге 85 пайызға дейін кепілдік көмек бере алады. Бұрыннан кәсіпкерлікпен айналысып жүргендерге – 50, ал кәсібін жаңадан бастап жатқандарға 85 пайызға дейін кепілдігіне көмектесу бағдарламада көзделген.
– Ауыл шаруашылығы бойынша кәсіп ашқысы келетіндер әуелі қора салуы керек, соcын малдарын сатып алуы қажет. Одан соң жем-шөбін, тағы да өнім өндіру үшін қажетті құрал-жабдықтардың бәрін алуы керек. Оның бәрін банк қолдай ма? Қажетті мөлшерде қаржы бере ме?
– Әрине, банк қолдайды. Жаңағы айтқандай, бірінші бағыт бойынша ауылдық жерлерде, шағын қалаларда сала бойынша ешқандай шектеу болмайды. Ол ауылшаруашылығы ма, осы қаладағы саудасаттық па, кәсіпкерліктің кез келген түріне шектеу қойылмайды. Кәcіпкер ең бірінші екінші деңгейлі банкке барғанда, сол банктің талаптарына сай болуы керек. Өйткені банк те – кәсіпкер.
Банкке қаражатты қойғанда біздің «Даму қоры» әлде мемлекет (мемлекеттің де банкке қойған ақшасы болады. Б.С) қаржы көзі қайдан келді, мысалы ол банктің өз ақшасы ма әлде жергілікті бюджеттен бе немесе «Даму қоры» қойған ақша ма, соның бәрін қарап шығып, өзінің шарттарын қояды. Мәселен, «Кәсіпкерге 14 пайыздан артық қаржы бермейсің!» деуі де мүмкін. Біздің «Даму қоры» тек соларды қадағалай алады. «Кәсіпкер қандай болуы керек?», «Кепілдікке қандай заттарды қоюға болады?» деген сияқты сан түрлі сұрақтардың жауабы – банктің ішкі саясаты болып есептеледі. Сондықтан біз оның ішкі саясатына араласа алмаймыз. Араласуға құқығымыз да жоқ.
– Дүкен саламын дейтін кәсіпкерлерге, сол дүкеннің құрылысын жүргізуге «Даму қоры» арқылы қаржы берілмей ме?
- Жаңағы жобада айтылғандай, бұл жерде бұрыннан жұмыс істеп тұрған сауда нүктеңіз болса, ішіне құрал-жабдық, басқа да заттар алғыңыз келсе, жер теліміңіз бар болса, құрылыс салуға рұхсат құжаттарыңыз болса, сметалық құжаттар бойынша құрылыс салатын мердігерлік компания тапсаңыз, соған қаражат керек пе немесе ішіне құралжабдықтар қажет пе, оларды алуға ешқандай шектеу қойылмайды. Мұның бәрі инвестициялық жобалар деп аталады. Ол қалада бола ма, ауылдық жерде бола ма, ешқандай шектеу болмайды. Қысқаша айтқанда, құрылыс жұмыстарына да қаржы беріледі.
– Бибігүл Қойшығұлқызы, сөздің турасын айтайық, мұндай жұмыстарды жүргізу үшін Жаңаөзенде жер телімін алу оңай емес. Екіншіден, сіз айтып отырған әлгіндей мердігер құрылыс компанияларымен келісім де қомақты қаражат талап етеді. Оған жұрттың бәрінің қолы жете бермейді. Сондықтан көпшілік адамдар мердігер құрылыс компанияларынан әлдеқайда арзан гастарбайтерлерге салғызғанды жөн көреді. Осыны қалай реттеуге болады?
- Мұндай жағдайда ең әуелі, құрылыстың рұқсаты болуы керек. ГАСК компаниясының рұқсаты міндетті түрде болуы шарт. Ол болмаса банк қаржы беруден бас тартуы мүмкін. Жасақталған сметалық құжат бүкіл құрылыс материалдарына, құрылысты жүргізуге қаражат, дүкен ішіне қойылатын жабдықтардың құны, керек болса сататын азық-түліктеріңді алатын қаржы да көрсетілуі тиіс. Мұндайда жасалатын жұмыстарды кәсіпкер өз мойнына алады. Бизнес жоспар жасақтап, құрылыс материалдарына, басқа да жұмыстарға жұмсалатын қаржы мен әлгі гастарбайтерлерге берілетін шығынды екіге бөліп көрсетіп, соның ішінде құрылыс материалдарына жұмсалатын қаржыны бөлек беруін өтініп, банкке ұсынады. Оны жасаған құрылыс компаниясы ма, әлде жалдамалы құрылысшылар бригадасы ма, ол жағын банк тексермейді. Бірақ қаражаттың қайда кеткенін банк сұрайды. Біз де сұраймыз. Себебі бұл жерде мемлекеттік қаражат субсидияланады. Мұның тексерісі бар, мониторинг жүргізіледі. Бірінші үш айдан кейін банк тексереді. Екінші алты айдан кейін «Даму қорына» келіп түседі. Сосын біз тексереміз. Өйткені мемлекеттен субсидия жүргізілгендіктен қаржының тиісті мақсатқа жұмсалған жұмсалмағанын анықтап, міндетті түрде қадағалаймыз. Сондықтан банктің ең бірінші талабы берілетін несиені қолма қол ақшалай бермей, ашылған «Жеке кәсіпкерге» (ИП-ға) есептен есепке аудару арқылы жүргізіледі. Кәсіпкер өзі құрылыс материалдарын алатын кәсіпкерлерден келісімшарт әкеліп, өзінің «ИП-сы» есебінен ақша солай игеріледі.
Осы орайда тағы бір айтатыным, кәсіпкер болғысы келетін әрбір адам «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына барып, екі күн оқып, кәсіпкерліктің қыры мен сырын, жолы мен жобасын, жасақталатын іс қағаздарын мұқият үйреніп, тиісті сертификатын алса нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын.
– Осы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» бүгінгі таңда игілігін көріп отырған Жаңаөзенде қанша кәсіпкер бар? Оларға қайсы банктер қаржы береді?
– Биылғы жылдың өткен он айының көрсеткіші бойынша Жаңаөзенде субсидия бойынша айтар болсақ, 32 кәсіпкер көмек алған. Оларға 662 миллион 800 мың теңгелік көмек берілген. Бұл Маңғыстау облысы бойынша Ақтау қаласынан кейінгі екінші орында тұрғандығын айғақтайды. Ақтауда 369 кәсіпкер. Яғни жаңаөзендік кәсіпкерлердің екінші деңгейдегі банктерден алған несиелерінің бір бөлігін субсидиялай отырып, біз төледік.
Енді банктер бойынша айтар болсақ, бұл жерде ең белсенді «БанкЦентрКредит», «Халық банк», сосын «Сбербанк». Жаңаөзенде жұмысты жақсы жүргізіп жатқан «Қазақстан Халық банкінің» филиалы. Себебі ол аймақтық филиал болып есептеледі. Оларда мамандар жеткілікті. Құжаттарды Ақтауға, Алматыға жібермей, тікелей өздері жасайды. Мұның уақытты үнемдеуге де көп пайдасы тиеді. Сондықтан біз көбінесе кәсіпкерлерді «Халық банкіне» жіберіп отырамыз.
Солардың 26 пайызы сауда саттықты, 19 пайызы өндірісті, 15 пайызы көлік, 11 пайызы қонақ үй, мейрамхана сияқты қызмет ету салалары, сондай-ақ 3 пайызын білім беру, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, таукен өнімдерін өндіруші кәсіпорындар саласы құрайды.
«Даму қорының» игілігін көрген, көргісі келетін кәсіпкерлердің қатары да жылданжылға артып келеді. Мысалы, облыс бойынша жалпы 107 адам болса, соның 32-сі жаңаөзендіктер екенін жаңа айттық. 2013 жылы 25 адамға көмек көрсеткен болсақ, биылғы жылдың өткен он айында 32-ге то лып отыр.
Аталмыш бағдарлама аясында Жаңаөзенде 13 кәсіпкер 98 миллион 700 мың теңге көлемінде кепілдік көмек алды.
– Жаңағы 32 кәсіпкердің бәрі алға қойған мақсаттарына жетіп жатыр ма? Ойламаған жерден қиындықтарға тап болып, жабылып қалып жатқандары жоқ па?
– Мақсаттарына жетіп жатыр. Кәсібін енді бастап, алға ұмтылып жатқандары да жеткілікті. Әрине, ішінара қиындыққа кезігетіндері де кездеседі. Бірақ біздер оларды сабырға шақырып, ақыл-кеңес айтудан аянбаймыз. Өйткені «Даму қоры» кәсіпкерге көмекті беріп алып, «Нәтижені тезірек көрсетпедің!» деп зіркілдеп, дікеңдейтін орган емеспіз. Барынша ақыл-кеңестерімізді айтып, оларды түңілдірмеуге, керісінше алға жетелеуге тырысамыз.
Тағы оқыңыздар: Жағдайының ауырлығына байланысты екі бала Ақтауға жеткізілдіЖалпы жоғарыда айтылған бағдарламаның мақсаты – Елбасы тапсырмаларына сүйеніп, бағдарламаға кейбір өзгерістер енгізіп, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу. Кәсіпкер көмек алып, шаруасын дөңгелеткесін, яғни екі жылдан кейін, тапқан табысының көлемін 10 пайызға өсіруді, мемлекетке төленетін салығын да 10 пайызға көтеруді, кәсіпкерлігінің ауқымын да 10 пайызға арттыруды талап етеміз. Бұл – үкіметіміздің талабы. Біз соған мониторинг жасаймыз. Ең бірінші мониторинг кәсіпкердің алған несиесін мақсатты жұмсауына арналады. Алған несие келісімшартта қалай көрсетілсе, қаржы тек соған ғана жұмсалуы тиіс. Басқа бағытқа бұрмалауға болмайды. Біз соны қадағалаймыз.
– Сіздер арқылы алған несиесін кәсіпкердер кезінде төлей алмаса, төлеу мерзімін ұзартуға бола ма?
– Бағдарлама бойынша тағы 90 күнге дейін ұзартуға мүмкіндік беріледі. Сол 90 күннің ішінде несиесін қайтадан төлей бастаса, бастапқы есеп қайтадан жазылады.
– Кәсіпкерлер бір пайыздық несиеге қашан және қалай қол жеткізе алады?
– Иә, осы қараша айында Маңғыстау облыстық әкімдігінде үш жақты меморандумға қол қойылды. Олар «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» және жергілікті атқарушы орган, яғни Жаңаөзен қаласының әкімдігі. Жалпы жоспар бойынша 350 миллион теңге қаржыны «ӨМГ» АҚ бөледі. 750 миллион теңге қаржы біздің «Даму қорынан» шығады. 1 миллиард 50 миллион теңге жергілікті әкімдік арқылы екінші деңгейлі банктерге орналастырылады. Қазір механизмдері жасалып жатыр. Әлі екінші деңгейлі банктермен келісімшарттарға қол қойылған жоқ. Бірақ болжамдарға қарағанда, жаңаөзендік кәсіпкерлердің алдағы жаңа жылдың басынан бастап бұйырса қолдары жетер деп ойлап отырмыз.
Бұл «Нұр капиталдың» нұрына тек жаңаөзендіктер ғана бөленетін болады. 11 пайыздың ең жоғарғы сомасы 60 миллион теңгеге дейін сауда-саттық саласынан басқа кәсіпкерліктің барлық түріне беріледі. 11 пайыз болғанымен, кәсіпкер тек соның бір пайызын төлейді. Қалған 10 пайызы «Даму қорының» есебінен төленеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Мұратбай ҰЛЫҚПАН,
Жаңаөзен қаласы