Өлкеміздің қазыналы қойнауынан «қара алтынның» тынысы ашылған жарты ғасырдан астам уақыттан бері өндірістің өрлеу үрдісі үздіксіз жалғасып келеді. Жетібайдан бастау алған жылнама, кейін ашылған өзге де кен орындарындағы «қара алтын» өндіру қарқыны Тәуелсіздік жылдарында өлкемізде өркениетті өзгертіп, тұрмысымызды түзеп, ел экономикасының еңсе тіктеуіне жол ашты. Осылайша, Маңғыстау мұнайының тарихы Тәуелсіздік шежіресімен бірге өрілді. Экономиканың салмағы өндірістің иығына артылатын мұнайлы мекендегі алпауыт компания «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы Тәуелсіздікпен бірге түледі. Өндірістік өрлеуді бетке алып, егемендік жылдарында мұнай- газ кешенінің көш басына орныққан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры, «Қазақстанның жер қойнауының құрметті барлаушысы» Бақыт ИМАНБАЕВПЕН сұхбаттасқан едік.
–Сіздің бүгінгі шыққан биігіңіз ата- ананың тәлім-тәрбиесінен, бағыт-бағдарынан, мамандық таңдаудан басталғаны белгілі. Еңбек жолыңызда ірі де іргелі міндеттерді атқардыңыз. Сөз бастауын өткен шақтан қозғасақ...
–Өткен ғасырда қойнауы құтқа толы түбегімізде жемісті жұмыс жасаған «Маңғышлақмұнайгазбарлау» кешенді экспедициясы Жетібайдағы, Жаңаөзендегі, Қаламқас, Қаражанбас, солтүстік Бозашы, Үстірттегі Елемес және Сазтөбе кен орындарында «қара алтынның» қайнар көзін ашты. Өлкемізге белгілі мұнайшы, геолог-барлаушы Халел Өзбекқалиев, Ғизат Балмұханбетов, Сағынбай Қызылов ағаларымыз басқарған мекемеде марқұм әкем Алтай мен анам Ұштап еңбек етті. «Маңғышлақмұнайгазбарлау» тресінде 35-40 жылдай уақыт байланысшы болып жұмыс жасаған әкем мектепте 7-8-сынып оқып жүргенімде Үстірттің үстіндегі, Бозашыдағы кен орындарына өзімен бірге алып кететін. Бала кезімде жер астындағы табиғи байлықтың қалай игерілетінін, маңдай терін төгіп жұмыс жасаған майталман мұнайшылардың, геологтардың еңбегін көрдім. Сайын дала төсінде жылдың төрт мезгілінде төзімділік танытып, қазына байлығын халық игілігіне жаратуда табанды, тынымсыз еңбек ететін мұнайшы деген маманның жұмысымен сол кезде таныстым. Түсінбеген нәрсемді әкемнен сұрайтынмын. Сол қызығушылығым мені мұнайшылық кәсіпті таңдауыма әсер етті.
Мен Қарақия ауданы, Құрық ауылындағы 10 жылдық мектепте білім алдым. 1990 жылы Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын мұнайшы мамандығы бойынша бітіріп, ауылға оралдым. Сағын Қырымқұлов, Санатбай Масатов, Бөкенбай Қожықов сынды өлкемізге белгілі майталман мұнайшылар қанат қаққан «Маңғышлақмұнайгазбарлау» кешенді экспедициясында еңбек жолымды бастап, бұрғышының көмекшісі, бұрғышы болып жұмыс жасадым. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы «Комсомолмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасына операторлық жұмысқа ауыстым. Ол кезде басшымыз есімі елге белгілі мұнайшы, қазір Парламент Сенатының депутаты Ләззат Кетебайұлы, бас инженер 40 жылдан астам еңбек жолын ел байлығын игерумен етене байланыстырған Өрен Сағындықұлы ағамыз болды. Цех басшылары Қосай Жұбаниязов,Тимур Бимағанбетов, Серік Қазиев және Сайын Дүйсебаев, Өтесін Қазиева, Нина Мұстапаева сынды өз ісінің білгірлерінің қасында қазба байлықты ел кәдесіне жаратуда білімім мен білігімді шыңдай жүріп, мамандықтың ыстығы мен суығына ысылып,1 жыл ішінде шебер қызметіне тағайындалдым.Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Отанымыздың экономикасын дамытудың негізгі қозғаушы күші болып табылатын мұнай-газ өнеркәсібін өрге бастыру мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алына бастады. Адал еңбекке ұмтылдырған ынта-ықыластың, жүктелген жұмысты межелі уақытында орындаудың арқасында Қаламқас кен орнында мұнай және газ өндіретін №1 цехта технолог, бас технолог, 1998 жылы №2 мұнай және газ кәсіпшілігі мен прокаттау-жөндеу цехында басшылық қызметтерді абыройлы атқардым. Мен алғаш Қаламқасқа жұмысқа келгенде Кенжеғали Назаралиев, Есенқос Бисалиев, Көшербай Әлібаев, Балтабек Мафтиев, Амантай Сүйеуов, Андар Мирзоев сынды мұнайшылар топтық қондырғыда жұмыс жасауды, өндірістің қыр-сырын үйретті.
2000-2004 жылдары кен орнының тыныс- тіршілігі, мұнайдың құрамы, мөлшері, өндірілуі басқарылатын орталық инженерлік-технология қызметін, 2004 жылы «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры болған Сағын Қырымқұлов ағамыздың шақыруымен 3 айға жуық уақыт Жетібай мен Қаламқастағы кен орындарының күнделікті өндірген мұнайы мен жедел қызметін қадағалайтын орталық инженер- технология қызметін басқардым. 2004-2007 жылдары «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында басшы, 2007-2013 жылдары «Жалғызтөбемұнай» ЖШС бас директорының орынбасары, «ҚазақОйлАқтөбе» ЖШС техникалық директоры, «ҚазМұнайТеңіз» ТМК АҚ директоры, «ҚазМұнайГаз» Барлау және Өндіру» АҚ бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары, 2013-2015 жылдары «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары қызметтерінде еңбек етіп, мұнай-газ кешенінің кешеуілдемей дамуына қажыр-қайратымды, білімімді, тәжірибемді арнадым.
2015 жылдың қараша айынан бері 6 мыңға жуық мұнайшы жұмыс жасайтын, қызу еңбек қарқыны қалыптасқан «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры қызметін атқарып келемін.
–Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы өндіріс орындарындағы жағдайға шегініс жасасақ... Жағдай қандай болды?
–Осыдан 25 жыл бұрын ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңы атып, Қазақ елінің іргесі бүтінделді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда экономикалық жағдай тұрақталмаған, халықтың тұрмысы төмен, еліміз қиын күндерді, сынақ сәттерді бастан кешірді. Мәселен, Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін елімізде барыс-келіс, қарым-қатынас байланыстары үзіліп қалды. 1997-1998 жылдары мұнайды қабылдау ісі тоқтап қалып, Қаламқас кен орнында күніне өндірілетін 10 мың тоннадай мұнайды резервуарларға сақтап, топтық қондырғыларға жинадық. Мұнай өндіруге қажетті құрал-жабдықтар, материалдар тасымалданбай қалды. Ел еңсесі көтеріле қоймаған сол бір қиын шақта мұнайшылар 8-9 ай бойы жалақы ала алмаса да, шыдамдылық танытып, ерен еңбектің үлгісін көрсетті.
Ол уақытта жұмыстың дені қол еңбегімен атқарылатын. Бұрын топтық қондырғылардан май төгіліп, апаттық жағдай көп орын алды. Мұнайшыларға аңызақ желдің өтінде, боранды, жауын-шашынды күндерде, үскірік аязда, аптап ыстықта қиындықпен жұмыс жасауға тура келетін. Тәуелсіздіктің, еліміздің өсіп- өркендеуінің арқасында бүгінгі таңда өндіріске инновациялық жаңа технологиялар енгізіліп, жұмыс автоматтандырылған жүйеге көшті.
Қаламқас кен орны Маңғыстаудың солтүстігінде орналасқандықтан қысы қаттылау. Жас кезімізде ұңғыларға баратын жол жоқ, жаңбыр жауса сор жерлермен жүру қиындық тудырып, көліктер балшыққа батып қалатын. Әлі есімде шебер марқұм Қайыржан Тасқалиев, Орынбасар Шадияров, Гусман Исқалиев, Көшербай Әлібаев ағаларымызбен бірге жұмыстас болған кезде мұндай қиындықтарды бірге еңсердік. Қазір ұңғыларға апаратын жолдар салынып, мұнайшыларды көлікпен қамту мәселелері шешіліп, жағдай едәуір жақсарды.
Тәуелсіздік алған алғашқы уақытта мұнайшылар уақытша қойылған, жел өтетін, қолдан жылытылатын жатақханаларда тұрды. Кен орнында жатақханаларға 1995 жылы жөндеу жүргізіле бастады. Ол кезде тамақ мәселесі де өте күрделі болды. Жеміс- жидектер мүлде келмейтін. Жетібайда мұнай өндіру жұмысы тіптен ауыр. Өндірістік басқармаға қарасты 14 кен орны облыстың әр аудандарында шоғырланған.
Бұрын мұнайшылар тарапынан қазіргідей айлықты көтеруді талап ету, басқа да әлеуметтік мәселелер жиі көтерілмейтін. Сондай-ақ қазіргідей емес, жалақыдан бөлек, тоқсанына 1 рет немесе жылдық жоспар орындалса ғана сыйақы берілетін еді. Біздің компания «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «CNPC» компаниясына қосылғаннан кейін мұнайшылардың жайлы жұмыс жасауына, бос уақытында демалуы үшін барлық жағдай жасалды. Күні-түні мұнай өндіру көлемін арттыру, ырзық- несібені ел игілігіне айналдыру бағытында жұмыстандық. Ауыртпашылық пен кедергілерді еңсеріп, қиын істің қиюын келтірген мұнайшылардың ерен еңбегі болмаса, Қазақстан мұнай өнеркәсібі осындай дәрежеде қалыптасар ма еді?
–Сіз басқаратын іргелі компания Тәуелсіздіктің 25 жылдығын қандай еңбек тартуымен қарсы алғалы отыр? Келер жылдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?
–Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығында «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты Жетібай және Қаламқас кен орындарында 6 млн.285 мың тонна мұнай өндіруді жоспарлаған болатынбыз. Жылдың аяғына дейін мұнайшыларымыз осы көрсеткішті ойдағыдай орындайтынына сенімдімін. Келесі жылы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының тарихында алғаш рет «қара алтын» өндіру қарқынын 6 млн. 350 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз.Ағымдағы жылы жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бағытында шаруа қожалықтарынан 450 млн.теңгеге ет, сүт өнімдерін сатып алдық. Өндірісті өлкемізде биыл Маңғыстау мұнайының 55 жылдығы, «Маңғыстаумұнайгаздың» қарашаңырағы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасының 50 жылдық мерейтойы мен мұнайшылар мерекесі кең көлемде тойланды.
Мұнайшылар жаңа технологияны жатсынбай, заманауи үлгідегі жетілген құрал-жабдықтармен жұмыс істеудің тетігін тауып, еңбек көрігін қыздырып келеді. Мәселен, 2014 жылы «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасында электр қуатының іркілісін тежейтін газтурбиналы электр стансасы іске қосылып, өндіріс орнына жаңа леп әкелген болатын. Табиғи газды аз мөлшерде жұмсап, өндірістің қуаттылығын арттыратын қондырғы іске қосылғалы бері 5 млрд.теңге үнемдедік.
Бүгінде инновациялардың ағынына ілескен «Қаламқас» кен орны жер асты байлығын игеруде жаңа технологияларды қолдану арқылы өндірістің өрісін кеңейтуге басымдық беріп отыр. Қаламқас кен орнының батысы мен шығысындағы №2041, №2049 өндірістік алаңдарында қолданылатын полимер айдау әдісі мұнай өндіру мөлшерін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл технология сонау 1994-1995 жылы «Комсомолмұнайда» Ләззат Кетебайұлының басшылығымен, геолог Зәкәрия Құбышев, Сәттіғұл Бітімов, Қосай Жұбаниязов, Тимур Бимағанбетов ағаларымыздың қолдауымен мен Қаламқаста шебер болып жұмыс жасап жүргенде өндіріске еніп, тоқтап қалған болатын. Полимер айдау әдісі арқылы ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында аталмыш екі өндірістік алаңда 24 мың 373 тонна қосымша мұнай өндірілді.
Соңғы жылдары өндіріске озық үлгідегі технологияға сай протекторлы- анодты қорғау, жер астына бір мезгілде екі түрлі қабатқа су және ұңғыға су-газ айдау әдісі, жоғары қысымды шыны талшықты және сорапты- компрессорлы құбырлар қолданысқа енгізілді. Бүгінгі таңда Қаламқас пен Жетібай кен орындарында 7 протекторлы- анодты қорғау блоктары қойылған. Жер астына бір мезгілде екі түрлі қабатқа су айдау әдісі арқылы Қаламқастағы 4 ұңғыда ағымдағы жылы 2000 тонна қосымша мұнай өндірілді.Өткен жылдың тамыз айында қолданысқа енгізілген су-газ айдау әдісі ұңғыдағы өндірілуі қиын мұнайды шығаруға мүмкіндік береді. Осы жаңа технология Қаламқастағы 4 ұңғыға енгізілгелі бері кен орнында 6251,3 тонна қосымша мұнай өндірілді.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай акционерлік қоғамда түбектің айнасы, облыстық қоғамдық- саяси «Маңғыстау» газетіне 2017 жылға жаппай жазылу науқаны жүріп жатыр. Әлемдегі экономикалық қаржылық дағдарысқа қарамастан жұмысшыларды қысқартпай, жалақысы мен сыйақысын тоқтатпай, әлеуметтік мәселелерге көп көңіл бөліп отырмыз. Бұл бағытта компанияда бөліп санау жүйесін енгіздік. Рейтинг бойынша «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ халықаралық жарыста 1-орынды жеңіп алды. Келесі жылы бөліп санау жүйесін жоспарланған межеге жеткізіп, Қаламқас кен орнында полимер айдау әдісінің қолданыс аясын кеңейту, су мен мұнайды бөліп тұратын қондырғыларды жаңғырту, өндіріске жаңа технологияларды енгізу жұмыстары жүзеге асады. Сондай-ақ құны 7 млрд.теңге болатын ұжымдық шартқа қол қойылды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ қор компанияларының құнын ұлғайтуға, портфельдің басқарылу тиімділігін арттыруға және қор мен оның портфельдік компаниялары арасындағы жауапкершілікті айқын бөлуге бағытталған трансформациялау бағдарламасын жүзеге асыруда.
–Ең қастерлі де мәртебелі мереке Тәуелсіздік күніне тілегіңізді, лебізіңізді білдірсеңіз?
–Егемендікке қол жеткізген 25 жыл ішінде елімізде экономикамыз дамыды, әлеуметтің әлеуеті артып, халықтың тұрмысы түбегейлі өзгерді. Салыстырып, салмақтап қарасақ, өңірге өң берген өндіріс орындары бүгінгідей жаңа кейіпке еніп, ел экономикасының дамуында маңызды рөлге ие болды. «Мұнай мен газ – негізгі артықшылығымыз» деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның мұнай-газ саласының буыны бекіп, ел экономикасының негізгі тірегіне айналды. Ширек ғасыр ішінде өндірістің өркендеуі, жеткен жетістіктеріміз, бағындырған белестеріміз мұнайшылардың еңбекке деген құлшынысын арттыра түседі. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын! Мереке қарсаңында әрбір отбасына амандық, бақ-береке тілеймін!
-Сұхбатыңызға рахмет!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ