Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен баспасөз турында Қарақия ауданындағы бірқатар өндіріс орындарын аралап, тыныс-тіршілігімен таныстық. Маңғыстау мұнайының қарашаңырағы «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасы және оған транспорттық, сервистік қызмет көрсететін серіктестіктер Тәуелсіздіктің 25-ші жылдығын қандай еңбек тартуымен қарсы алады? Өңірге өң берген өндіріс орындарындағы өрелі істерді өрнектеп,мұнай-газ өнеркәсібіндегі көрсеткіштерге шолу жасап көрсек...
Жарты ғасырдың биігінен жаңа көкжиекке көз салған «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында биылғы меже 2 млн.182 мың тонна болса, 10 айдың қорытындысы бойынша 11 мың тонна «қара алтын» артық өндірілген. Мәселен, №1 мұнай және газ өндіру кәсіпшілігіне қарасты №11 топтық қондырғыда 31 ұңғы жұмыс жасайды. Кәсіпшілікте Мұнайлы, Маңғыстау, Қарақия ауданында орналасқан 10 кен орнында 27 топтық қондырғы бар. №1 мұнай және газ өндіру кәсіпшілігі цехының басшысы Әділбек Әкімиязовтың айтуынша, мұнайдың тәуліктік өнімі – 291 тонна. Арнайы өлшем қондырғысы арқылы 2 сағат сайын өнім көлемі бақыланады. Әр ұңғының басында қыздыру пеші бар. №11 топтық қондырғыда жұмыс жасайтын 5 оператор жұмыс барысын автоматты түрде басқарады.
– Мен Жетібай кен орнында жұмыс жасағаныма 32 жылға жуық уақыт болды. Тәуелсіздік алған алғашқы уақытта жұмысымыз қазіргіге қарағанда біршама ауыр болды. Бүгінде жұмыстың дені техниканың, жетілген құрал- жабдықтың көмегімен атқарылады. Бұрын үстіміздегідей арнайы форма болған жоқ. Әркім өз тапқанын киетін. Еліміздегі Тәуелсіздіктің, тыныштықтың арқасында жағдайымыз жақсарды, тұрмысымыз тәуірленді. 1995 жылдан бастап мемлекетіміздің еңсесі көтеріліп, мұнай-газ өнеркәсібінің жағдайы жақсара бастады. Осы жұмыста табан аудармастан еңбек етіп, балаларымды өсірдім, оқыттым, жеткіздім. Бүгінде 4 баламнан 10 немере сүйіп отырған бақытты әжемін. Бізді осындай күнге жеткізген Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз еңселі болсын! – деді 4-дәрежелі мұнай-газ өндіру операторы Рахия Бейбітова.
БАҚ өкілдері аялдаған қабат қысымын ұстау цехында 1 машинист пен 6 оператор жұмыс жасайды. Бұл цехта мамандар мұнайды жоғары көтеру үшін жер астына су айдау қызметін атқарады.
– 1951 жылы отбасымызбен Доссордан Түбіжікке көшіп келдік. Әкем алғашқы мұнайшылардың бірі. Мен де әке жолын қуып, мұнайшы мамандығын таңдадым.Тәуелсіздік алған жылдары кішкентай вагонда жұмыс жасайтынбыз.Озық үлгідегі техника мүлдем болған жоқ. Мұнайшыларға жасалған қамқорлықтың, жақсы еңбек жағдайының арқасында әсем де жайлы ғимаратта жұмыс жасаймыз. Жылдан-жылға заманға сай құрал-жабдықтар, қондырғылар өндіріске енгізіліп келеді. 31 жылдан бері осы салада еңбек етіп, мұнай-газ өнеркәсібінің өркендеуіне үлесімді қосып жүрмін, – деді қабат қысымын ұстау цехының операторы Сәлима Шуақбаева.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы ішінде өндірістік өрлеуді бетке алған «Маңғыстаймұнайгаз» акционерлік қоғамында мұнайшылар үшін бірқатар жаңа ғимараттар салынып, пайдалануға берілді. Мәселен, 2014 жылы қыркүйек айында «Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасында №10 асхана мұнайшылар игілігіне берілді. Іші кең әрі жайлы жабдықталған асхананың меңгерушісі Жауһар Көбенның айтуынша, мұнда жұмыс жасайтын 16 қызметкер күніне 400 мұнайшыға тамақ пісіріп, ас-су дайындайды.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына транспорттық қызмет көрсететін «Ойл Транспорт Корпорейшэн» серіктестігінде 695 қызметкер жұмыс жасайды. Мұнда 4 автотізбекте 350-ден аса техника мен автокөліктер бар. Аталмыш серіктестіктің директоры Сапарбек Сеңгірбаевтың мәлімдеуінше,биылғы жылы кәсіпорында жұмыс және кіріс көлемі 115 пайызға артығымен орындалып, 207 млн. теңге қосымша кіріс кірген.
Серіктестік алаңында шиномонтаж, агрегат, қайта өңдеу, дәнекерлеу, мыспен еріту және соңғы жылдары салынған көліктерге қызмет көрсету цехы бар. Қызу еңбек қарқыны қалыптасқан еңбек ұжымында неше түрлі қызмет атқаратын көліктер қаңтарылып тұрған жоқ, бірі жұмыс үстінде болса, екіншісі жөндеуден өтіп жатыр.
– Қазіргі таңда жөндеуде 27 әртүрлі көлік тұр. Электр цехында 10 жылдан бері жұмыс жасаймын. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің өсіп-өркендеуінің, дамуының көрінісін қай саладан болса да байқауға болады. Мен осында жұмысқа тұрғалы бері электр цехына жаңарту, жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жаңа құрал-жабдықтармен толықты. Өндірістегі озық тәжірибелердің арқасында көліктерді жөндеудің жаңа әдістері қолданылуда,– деді электр цехының жұмысшысы Бекзат Шамғұлов.
«Жетібаймұнайгаз» өндірістік басқармасына сервистік қызмет көрсететін «Ойл сервис компани» ЖШС қарасты Жетібай сервистік өндірістік басқармасы басшысы Омар Оңдасыновтың айтуынша, бұрғылау бригадалары биылғы жылдың жоспарын осыдан 10 шақты күн бұрын орындап, 2017 жылдың жұмысын бастап кеткен. Күрделі жөндеу бойынша биыл 209 ұңғыны бұрғылау жоспарланған болса, 249 ұңғыға бұрғылау жұмыстары жүргізілген.
–Тәуелсіздік алып, ел еңсесі көтеріле қоймаған шақта мұнайшылар уақытында жалақысын ала алмай, орнына тамақ пен киім алған кездері болды. Еліміздің әлеуметтік- экономикалық жағдайы әлденгеннен кейін мұнайшылардың жағдайы жақсара бастады. Жалақы уақытында төленіп, әлеуметтік көмектер қарастырылды. Өндірістік басқармада бұрғылау, химиямен жұмыс жасайтын, көтергіш агрегат, арнайы техникалар, технологиялық транспорт, жер асты және күрделі жөндеу цехында Қазақстанда жасалған озық үлгідегі технологиялар қолданысқа енгізілді. Мәелен, мұнайшылар Петровалда өндірілген күрделі жөндеу цехында көтергіш агрегаттарын өндірісте қолданып отыр. Бұл – Тәуелсіздік алған жас мемлекетте мұнайшылардың басынан өткерген қиындықтары артта қалғанының көрінісі деп ойлаймын, – деді «ОСК» ЖШС Жетібай сервистік өндірістік басқармасы басшысы Омар Оңдасынов.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ