©
Біздің тілшіміз облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасының Құрметті сәулетшісі Найзабек Жайлаумен кездесті.
- Найзабек Мырзағалиұлы, халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қашанда өзекті екені белгілі. Осы ретте, Мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының мақсаты, тиімді тұстары жайлы айта кетсеңіз...
- Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының Үкіметі тұрғын үй салу үшін жер теліміне кезекте тұрған азаматтарды жеке тұрғын үймен қамтамасы ету мақсатында Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасын жасақтауда. Өткен жылдың қараша – желтоқсан айларында өткен Үкiмет отырысы барысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларына аталған бағдарламаға жан-жақты дайындалып, облыс орталығы бойынша өздерінің тыңғылықты ұсыныстарын беруге тапсырма берген болатын. Қабылданатын Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алғы шарттарды орындау мақсатында Маңғыстау облысында да алғашқы дайындық жұмысы басталды.
Өздеріңізге белгілі, облысымыздың орталығы Ақтау қаласының бас жоспары қайтадан жасалып,Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен 2012 жылы бекітілді. Осы бекітілген бас жоспар бойынша қала аумағында салынатын тұрғын үй тек қана орта және биік қабатты болып нақты көрсетілген. Бұл дегеніміз қала аумағында жеке тұрғын үйлер салуға арнап жер қаралмаған деген сөз. Оның үстіне қала аумағы да шектеулі, батыс бетіміз – теңіз, шығысымыз – Қошқар Ата қалдықтар қоймасы, терістігіміз – Ақшұқыр елді мекені болса, түстігіміз – өндірістік аймақ. Кезінде, қаланың бас жоспарын қайта қарағанға дейін қаланың бірнеше аудандарында жеке тұрғын үй құрылысына жер қарастырып, эксперимент те жасап көрдік. Сол бөлінген жерлерге қай үйлердің қалай салынғаны да, инженерлік жүйелердің қалай жеткені де, жер телімдері сауда көзіне айналғаны да өздеріңізге белгілі жай екені ақиқат.
"Шығыс-2" және "Шығыс-3" шағынаудандарында қандай жолменен болса да жер алып, үй салғандардың инфрақұрылым проблемасы әлі күнге дейін толықтай шешілген жоқ. Ақтау қаласының бас ерекшелілігі- квартал немесе көше емес, шағын ауданнан құралатындығында. Шағын ауданды орта есеппен 150-180 жер теліміне шақсақ, 1000 адамды жермен қамтамасыз ету үшін 6-7 шағын ауданды барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуіміз керек екен. Ар жағын өзіңіз есептеп көріңіз.
- Қалай дегенмен де жер алып, үй салғысы келетіндердің өтініш-тілегі ескерілуі тиіс ғой. Жер бөлудің басқа да мүмкіндіктері қарастырылып отыр ма?
- Кезекті өткен Үкiмет отырысынан соң, өңір басшысы А. Айдарбаев «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру үшін, Ақтау қаласы агломерациясын (болашақ дамуын) қаперге ала отырып, қала маңынан жер қарастыруға нақты тапсырма берді. Облыстық жер қатынастары, құрылыс саласындағы және басқа да әріптестермен кеңесе келе аталған бағдарлама үшін лайықты жер қала жанындағы Ақшұқыр мен С. Шапағатов атындағы елді мекендердің маңы деп белгіленді.
Аталған елді мекендердің бас жоспарлары нақты құрылыс салу жобасымен бірге 2012 жылы жасақталып, 2013 жылы Түпқараған аудандық маслихат шешімімен бекітілді. Осы бас жоспарда екі елді мекен маңынан да Ақтау қаласының қоныстану аумағы шектеулігіне байланысты қала тұрғындарын қоныстандыруға резервтік аудандар қарастырылған болатын.
Нақты айтсақ, С. Шапағатов атындағы елді мекен маңынан ауданы 412,6, ал Ақшұқыр елді мекенінен 700,5 гектар жер. Бұл жер бас жоспарда резервтік аудандар боп қаралғандықтан, жерді бөліп құрылыс жұмыстарын бастау үшін алдымен нақты құрылыс салудың егжей-тегжейлі жобасын дайындауымыз керек.
Құрылыс салудың егжей-тегжейлі жобасы салынатын үйлердің санын ғана көрсетпейді, сол аумақта орналасатын тұрғын санына байланысты қажетті әлеуметтік (мектеп, балабақша т.б.) нысандардың орны мен сиымдылығын, оларға қажетті инфрақұрылымның күш-қуаты және көлемін анықтап беретін қала құрылыстық құжат боп табылады. Жер кодексінің 44 бабы, 1 тармағына сәйкес, Бас жоспарсыз және егжей-тегжейлі жобасыз құрылысқа жер телімдерін беруге тыйым салынатынын да ескеруіміз керек.
Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан осы құрылыс салудың егжей-тегжейлі жобасын жасақтау үшін қажетті шығынның көлемі анықталып, тиісті сұраныс берілді. Бұдан кейін жобаға байланысты салынуға тиісті инфрақұрылымдардың жобалық сметалық құжаттары дайындалмақ. Әрі қарай тиісті органдарға ұсынылып, қаржыландыру көздері анықталатын болады.
- «Нұрлы жер» бағдарламасы қалай, қандай жолмен іске аспақ және салынған үйлер қандай тәртіппен бөлінбек?.
- Бағдарламаны орындау және қадағалау үшін арнаулы орган (оператор) анықтау тетігі қарастырылмақ. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жер телімі көлемі 1000 шаршы метр және салынатын үйлер зәулім сарай (особняк) емес, қол жетімді, орташа көлемді, бірнеше типтік үйлер болады. Сыртқы инфрақұрылымдар мемлекеттік қаржы және жеке инвестиция есебінен салынбақшы. Бірнеше типтік жобалармен,еліміздің әр түрлі деңгейдегі банкілердің қолдауымен аймақтың ірі құрылыс компаниялары тұрғын үйлерді салып, ішкі әрлеусіз кезектегі азаматтарға ұсынады. Бағасы орта есеппен шаршы метрі үшін 150 мың теңге шамасында.
«Судың да сұрауы бар» демекші, қазіргі уақытта тегін ештеңе жоқ. Инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражаты да үйлі болған тұрғындар есебінен қайтарымды болмақ. Мемлекет қаржысына әлеуметтік нысандар да салынатынын ұмытпаған жөн. «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік жоба, оның орындалуы алдағы уақыттың еншісінде,ал оны іске асыруға сіз бен біздің біріккен еңбегіміз қажет!
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 24 бабы, 1 тармағының 9 тармақшасына сай, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы ретінде жоғарыда көрсетілген жайларды облыс тұрғындарының назарына ақпарат ретінде ұсынамын. Кейбір түсініксіз мәселелер болса тұрғындардың сайтымызға хабарласуына болады.
Cұхбаттасқан Болат ҮМБЕТОВ