Аймақтың әлеуметтік-экономикалық көшін алға сүйрейтін ауылшаруашылығы саласында биыл қандай жұмыстар жасалды? Ауылшаруашылығын дамытудың жолдары қандай? Жетекші салада қандай өзекті мәселелер бар? Агроөнеркәсіптің салмағын саралап көрмекке, салада атқарылып жатқан жұмыстардан халықты хабардар етпекке облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Болат Ерсайынұлымен сұхбаттасқан едік.
Тәуелсіздік алған жылы елімізде қанша жылқы, түйе, қой-ешкі болды?
–Болат Ерсайынұлы, алдымен, агроөндірістегі басты көрсеткіштерді атап, атакәсіп мал шаруашылығының жағдайына тоқталсаңыз?
–Маңғыстау облысы бойынша ауылшаруашылығының ішкі өнімінің көлемі өткен жылы 11 683,7 млн. теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 29,1 пайызға артты. Ағымдағы жылдың 9 айындағы көрсеткіш –7044,1 млн. теңге. Сондай-ақ осы кезеңде ауылшаруашылығының нақты көлем индексі –87,7 % -ды құраса, мал шаруашылығының нақты көлем индексі – 91,7% ,егін шаруашылығында –70,9% болды. Шаруа қожалықтарының иелері бағып отырған түліктерін мал басын бірдейлендіру базасына енгізбегендіктен, аталған көрсеткіш нақты емес. Шаруалар малды таңбалау, чиптеу, сырғалау жұмыстарына салғырт қарайды. Бірдейлендіру жұмыстары өте төмен деңгейде болғандықтан, жылдың ортасында ауылшаруашылығы басқармасының мамандары аудандарға, ауылдарға барып, шаруаларға бірдейлендірудің артықшылықтарын түсіндірді. Негізі – шаруаларда мал көп. Халықтың санасында мал санын нақты көрсетсе, салық салынады деген Кеңес Одағы кезіндегі қағида қалыптасып қалған. Шаруа еңбеккерлеріне айтарым, осы жаңсақ пікірден арылып, мал санының нақты есебін шығаруға атсалысайық. Аудан, ауыл әкімдері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бел шеше кіріспесе, бұл іс алға баспайды.
Аймақта 2014 жылы – 1128, 2015 жылы – 1160 шаруа қожалығы болса, 2016 жылы оның саны 1280-ге жетті. Тәуелсіздік алған жылы 329281 бас қой-ешкі, 34007 бас түйе, 39336 жылқы болды. Шаруа қожалығының иесі қолындағы малын бірдейлендіру базасына енгізетін болса, мемлекет тарапынан малға дәрігерлік қызмет тегін көрсетіліп, жем-шөп сатып алуға субсидия бөлініп, сүтіне, етіне жылына бір рет қайтарылмайтын көмек беріледі. Егер де базаға тіркетпесе, бұл көмек түрлері көрсетілмейді және өнімі де есепке алынбайды. Бұл жағдай ауылшаруашылығының дамуына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, егер шаруа мемлекеттен лизингке техника алғысы келсе қажетті құжаттарды жинап, тапсырады. «Қазагромаркетинг» АҚ тексеру кезінде бірдейлендіру базасы мен құжатта мал санынан айырмашылық болса, шаруа мемлекеттің көмегінен қағыс қалады.
Ағымдағы жылдың 9 айында өлкемізде мүйізді ірі қара саны –15292 бас болып, 2015 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62 басқа, жылқы – 61519-ді көрсетіп, 1114 басқа артса,түйе саны 53350-ге дейін көбейді. Ал қой мен ешкі 373470 бас болса, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 4468 басқа кеміді. Себебі, қойды мал басын бірдейлендіру базасына енгізу деңгейі төмен, 2013-2014 жылдары орын алған қуаңшылық салдары және шопан ата тұқымын өсірудің шығыны көп болуына байланысты шаруалар жылқы және түйе малын көптеп өсіруге ден қойып отыр.
Сапалы да мол өнім өндіру көзі болып табылатын асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысуға қызығушылық танытқан шаруалардың қатары артып келеді. Мәселен, 2014 жылы– 21, 2015 жылы – 26 шаруашылық болса, бүгінгі таңда 36 шаруашылық жұмыс жасайды. Атап айтсақ, оның 21-і жылқы, 10-ы түйе, 1- еуі қой, 1-еуі қазақтың ақ бас сиырын өсіруге маманданған. Қысқы мал азығын дайындау мақсатында өткен жылы 48 мың тонна шөп шабылып, көрсеткіш 106 пайызға орындалды. Биыл 50 мың тонна шөп дайындауды межелеген болсақ, қазіргі таңда соның 49 мың тоннасы шабылды. Өткен жылы және биыл облыстағы 54 шаруашылықтың 4,5 мың ірі қарасы мен 30 мың ұсақ малы ойдағы жайылымды қысқа сақтау мақсатында Үстіртке шықты.
Облыстағы бірден-бір ең ірі шаруашылық «Сенек» ЖШС-нің мемлекеттен алатын көмегі жыл сайын артқанымен, мал басының саны кеміп барады. 2014 жылмен салыстырғанда 2015 жылы ұсақ мал 1945 басқа, жылқы 82 басқа кемісе, 2016 жылдың 9 айында түйе 5042 басқа, жылқы 50 басқа кеміді. Аталмыш серіктестікке мемлекет тарапынан 2014 жылы 3 178,5 мың, 2015 жылы 5 109,2 мың, 2016 жылы 1 365,4 мың теңге субсидия берілді.
–Ауылда өндірілген өнімді өңдеу, табыс көзіне айналдыруға қол жеткізу мәселесі қалай шешілуде? Жаңа жобаларды іске асыру және инвестиция тарту бағытында мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілді?
–Биыл «Маңғыстауагросервис» ЖШС көмегімен «Сенек» ЖШС құны 8 млн. теңге болатын жүн жуу, сығу және кептіру цехын іске қосты. Сондай-ақ Маңғыстау ауданының Сай-Өтес ауылындағы «Нақхан» шаруа қожалығына ыдыстарға қымыз құюға арналған құрал-жабдық алынып берілді. Жуырда «Сұлтан» ЖШС-не түйенің сүтін жинап, өңдеп, арнайы бөтелкелерге құятын, құны 12,5 млн.теңге болатын қажетті құрылғылар әкелінді. Мұндай жоба өңірімізде алғаш рет іске қосылғалы отыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сай, өңірімізде төрт түліктің табиғи өнімдерін халыққа делдалсыз сату, нарыққа шығару мақсатында 54 шаруашылыққа Ақтау қаласының орталығынан арнайы жер-орын, сауда нүктелері берілді. Мәселен, қазіргі таңда Сай-Өтестегі «Нақхан» шаруа қожалығының иесі Мырзатай Қойшыбаев 12- шағынаудандағы 23- үйдің артында арнайы дүкенде халыққа өз өнімдерін ұсынып, жұмысын бастап та кетті.
Жайылымды суландыру жұмыстарына тоқталсақ, 2014 жылы 8, өткен жылы 65, 2016 жылы 48 құдық қазылды. Жыл аяғына дейін 19 құдық қазу жоспарланып отыр. Биылғы жылға 260 млн.теңге бөлінді. Біздің облысымыз шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу, құдық қазу көрсеткіші бойынша республикада алда келеді. Өткен жылы Жаңаөзен сүт зауытының шұбат өндіру цехына инвестициялық салыным арқылы 18 млн. теңгеге жаңғырту жұмыстары жасалып, инвесторға 6 млн. теңге, осы жылы жабдықтар сатып алуға 3, 915 мың теңге инвестициялық субсидия бөлінді. Бүгінгі таңда бұл зауыт Қызан, Ақшымырау, Жыңғылды, Тиген, Шебір Шетпедегі шаруа қожалықтарынан сүт жинап, өңдеп, айран, қаймақ, иогурт, құрт және тағы да басқа сүт өнімдерін шығарып отыр. Ағымдағы жылдың ақпан айында Бейнеу сүт өңдеу зауыты іске қосылып,12 адам жұмыспен қамтылды. Ақшұқыр ауылында «Байболат» шаруа қожалығы «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы құны 16 млн. теңгенің құрал- жабдықтарын лизингке алып, түйе және бие сүтін өндіріп, қайта өңдейтін цехты іске қосты. Сонымен қатар өңірде сүт өнімдерін өндіретін «Ақнек» ЖШС 1 млн. теңге, «Ақтау сүт» ЖШС 2,421 мың теңгеге инвестициялық субсидияланды.
Шалғайдағы шаруашылықтарды тоқ көзімен қамту мақсатында «I.Zhel» отандық компаниясы шығарған 8 күн мен желден қуат алатын гибридті модульдік құрылғы Жаңаөзен қаласына және Бейнеу, Маңғыстау аудандарына қарасты шаруа қожалықтарына құрылды. «Маңғыстауагросервис» арқылы биыл 100 млн.теңгеге шаруаларға шөп тайлағыш, шөп шапқыш, тырма, құрал-жабдықтар және өзге де арнаулы техникалар алып беру жоспарланған.
2016 жылдың қаңтарында қабылданған «Ауылшаруашылығы кооперативі туралы» заңның негізінде наурыз айында «Болашақ»,қыркүйек айында «Бейнеу» ауыл шаурашылығы кооперативтері құрылды. «Болашақ» кооперативі ауыл-аймақтардан сүт, ет, жүн, ал Бейнеу сервистік орталығының негізінде құрылған «Бейнеу» кооперативі ет жинап, өңдеушілерге өткізуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда облысымыздағы «Ақнек», «Ақтау сүт», «Милана фуд» Ресей және Беларусь елдерінен құрғақ сүт әкеліп, өнім өндіретін болса, Приозерныйдағы «Сұлтан» ЖШС және Бейнеудегі сүт өңдеу зауыты жергілікті сүтті жинап, өңдейтін пункт ашты.
Қыркүйек айында «Құрық құрылыс сервис» ЖШС польшалық технологиямен жабдықталған, бір ауысымда 25 ірі қара және 60 қой союға қауқарлы мал сою зауытын салды. Келешекте ет өнімдерін дайындайтын бұл зауыт Ақтөбе облысындағы мал бордақылайтын ірі кәсіпорынмен және жергілікті шаруашылықтармен жұмыс жасайды. Ақтау қаласында жеке кәсіпкер С.Жақсымбетов өз қаражатына мал сою пунктін салды. Кәсіпкерді қолдау бағытында біздің басқармаға қарасты «Маңғыстауагросервис» ЖШС арқылы 200 бас ірі қара мал сатып алып беру жоспарланып, қазіргі таңда Орал өңірінен 30 бас ірі қара мал алынды.
Бүгінгі таңда Маңғыстау ауданында «Қинах- Шопан» ЖШС шаруа қожалықтарынан және халықтан ет жинап, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ- на ет өнімдерін тапсырып отыр. Облыс әкімі А.Айдарбаевтың келісімімен облыстық ауылшаруашылығы басқармасы жергілікті бюджеттен қаржыландыру арқылы келесі жылы үш жобаны жоспарлап отыр. Атап айтсақ, «Каспий» ӘКК»ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Мұнайлы ауданының Басқұдық селосында «Сыйымдылығы 5000 тонналық көкөніс қоймасының құрылысын салу», «Таушық ауыл шаруашылығы» ЖШС-мен «Сүтті түйе шаруашылығын құру», Түпқараған ауданында «Бекіре тұқымдас балықтар өсіру кешенін құру» жобаларын іске асыру мақсатында келер жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд.449 млн. теңге қаражат сұралды. Сонымен бірге «АқтауАгро» ЖШС құс фермасы құрылысын бастады. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылатын кәсіпорын жылына 2200 тонна құс етін өндіреді.
Маңғыстау облысында алғаш рет Бейнеуде астық терминалының жанынан соя және рапс майын өндіретін цех ашу жоспарланып, құжаттары дайындалуда. Қуаттылығы- жылына 1млн.тонна май өндіретін кәсіпті Ауылшаруашылығы министрлігіне қарасты «ҚазАгроҚаржы» қаржыландырады. 27,5 млрд.теңге болатын жобаның құрылысы келесі жылы басталып, 5,5 млрд.теңгесін кәсіпорын, 22 млн.теңгесін «ҚазАгроҚаржы» төлейді.
Өңіріміздің қай жерлерінде өте көп мөлшерде жер асты су көзі бар?
–Егін шаруашылығындағы екпінді істерді шолып өтсеңіз? – Облысымызда 118 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Олардың дені Қарақия ауданының Қызылқұм, Түпқараған ауданының Сәубет, Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Көгез және Жаңаөзеннің Төңірекшін жерінде орналасқан. Аймақта егін шаруашылығы көкөніс және бақшалық өнімдер егуге бағытталған.Өткен жылы 141 млн.теңге бөлінсе, биыл 174 млн.теңге бөлінді.2015 жылы 13000 тонна, ағымдағы жылдың 9 айында 12200 тонна көкөніс және бақша өнімдері (қауын, қарбыз, қызынақ, қияр)өндірілді.
Егін шаруашылығында жанар- жағармай және басқа да материалдық құндылықтардың құнын арзандату, жылыжайларда көкөніс өсіру, минералдық тыңайтқыштардың құнын арзандату, сумен қамтамасыз ету бағыттары бойынша жүргізіледі. Өлкемізде егін шаруашылығында қолданыста 1087 гектар болса, оның 893,5 гектары тамшылата суару әдісін пайдаланады. Аймақта 5,8 гектар өнеркәсіп типтегі 3 жылыжай (Ақтау, Түпқараған, Жаңаөзен) және 3,2 гектар фермерлік типтегі 9 жылыжай бар.
Өңірімізде Жыңғылды, Сәубет, Қызылқұм жерлерінде өте көп мөлшерде жер асты суы көздері бар. Жылдың төрт мезгілінде халықты үздіксіз көкөніспен қамту бағытында аталмыш жерде жылыжай салуға ұсыныс беріліп, газ тарту мәселесін қарастырудамыз. Сәубет пен Жыңғылдыда газ құбыры жақын жерден өтіп жатса, Қарақияда 30 шақырым жерден газ тарту керек. Аудан әкімдеріне бұл жөнінде тапсырма беріліп, жобалық-сметалық құжаттамалар жасақталуда. Егер кәсіпкер ауылшаруашылығы мақсатында ғимарат салып, заңға сәйкес қажетті құжаттарын әкелсе, салынған инвестицияның 30 пайызын субсидиялаймыз.
Облысымызда халық тұтынатын тағамдарды сақтайтын қойма жоқ. Қазіргі таңда облысымызда 633 мың халыққа азық-түліктерді сақтау және сатылу мүмкіндігіне қарай жеткізіледі. Министрлікте көтерме-тарату орталықтарын құру мәселесі көтерілді. Бұл өз кезегінде шетелден келетін азық-түліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және азық-түлік тауарларының делдалсыз сатылуына ықпал етеді. Облысымызда нарықтағы бағаны тұрақты ұстап тұру, азық-түлік тауарларымен халықты үздіксіз қамту мақсатында осындай орталықтарды салуға ұсыныс бердік. Сондай-ақ, 2017 жылы «Каспий» ӘКК арқылы да көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланды, 51 пайызын жеке кәсіпкер, 49 пайызын мемлекет қаржыландырады. БҰҰ-ның Даму бағдарламасы мен облыстық ауылшаруашылығы басқармасының арасында келісім жасалды. Осы келісім аясында «Пайда эксклюзив» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 4 пайызбен 10 жылға дейін, 2 жылдан кейін төлеп бастайтын мал және егін шаруашылығы салаларына несиелер беріледі.
Өткен жылы өңірімізде алғашқы 9 айда 7780,1, биыл 6231,5 тонна ет өндірілді. Сондай-ақ 2015 жылдың қаңтар- қыркүйек айларында 4038,1тонна, биылғы жылдың осы кезеңінде 4429,8 тона сүт шығарылды. 2015 жылдың алғашқы 3 тоқсанында 1040,3 мың дана, биылғы жылдың 9 айында 1414,8 мың дана жұмыртқа өндірілді. Қазіргі таңда Түпқараған ауданында аумағы 1,5 гектар болатын жабық жылыжай салынуда. «Сенек» ЖШС көлемі 0,3 га. болатын жабық жылыжайды іске қосуды жоспарлап отыр. Өңірде азық- түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2014-2015 жылдары жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге, 2016 жылы 362 млн. теңге бөлініп, әлеуметтік маңыздағы азық-түлік сатып алынып, баға тежелді.
–Сұхбатымызды ауылшаруашылығындағы шешімін таппай отырған өзекті мәселелермен түйіндесеңіз?
–Республикамызда жылқыға арналған «Құнан», қойға «Алтын асық», сиырға «Сыбаға» бағдарламасы болса, түйе шаруашылығын дамыту бағытында қабылданған бағдарлама жоқ. Аталған жағдайды министрлікке мәселе етіп қойдық. Өлкеміз түйе шаруашылығы дамыған аймақ болғандықтан облыстық ауылшаруашылығы басқармасы 2017- 2021 жылдарға арналған түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған арнайы бағдарлама жасап, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсындық.
«Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында мал шаруашылығында жайылымды суландыру бағытында құдық қазылады, ал егін шаруашылығы үшін бұл қызмет қарастырылмаған. Сарқыраған өзені, шалқыған көлі жоқ, шөл және шөлейт өңірде орналасқан біздің жерімізде егіншілерді жер асты сумен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып отыр. Тағы бір мәселе, ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін өндіру үшін пайдаланатын электр энергиясы құнының қымбаттауына байланысты олардың шығындарын субсидиялау тетігін жасақтау керек. - Сұхбатыңызға рахмет!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН