©
Талантты ақын, журналист, ақжүрек азамат Зәкіржан Кәлкенбаев бауырымыз кеше түнде дүниеден өтті деген жаманат хабар естіп, жайсыз күй кешіп отырмын. Маңғыстаудан Ақтөбеге жақында қоныс аударып барған еді. Кетерінде садақа беріп, елдің бір топ азаматтары қатысып, ақжол тілеп қалғанбыз. «Орталықтан үй алдым, облыстық «Ақтөбе» газетіне жұмысқа орналастым, жайлап үйренісіп жатырмын» деп еді телефонмен соңғы сөйлескенімізде. Арада ауырып қалып, ауруханаға жатып шықты, жақсы болды дегенді естіп көңіліміз орныққан. Жаназа намазы арғы күні - бейсенбіде екен. Жаның жәннатта болсын, қайран Зәке! Иманыңнан жарылқасын!
Мұрат ЖЕТЕКБАЙ
Зәкіржан Кәлкенбаев 1956 жылы Ырғыз ауданы Жаңақұрылыс ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Қалыбай ауылында шопан болып бастаған Зәкіржан Алматыда өткен жас өнер иелерінің «Жігер» фестиваліне қатысып, жақсы жырлары үшін лауреат атанған еді. Одан бергі жылдары ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітірді. Аудандық «Ырғыз» газеті редакциясында әлеуметтік мәселелер бөлімінің меңгерушісі, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте мұғалім, республикалық «Алтын орда» газетінде тілші қызметтерін атқарды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Бір топ өлеңдері «Жалын» баспасынан шыққан «Тоғыз перне» жыр жинағына енді.