©
Кәсіпкерлік саласын дамыту жұмыс орындарын ашып, бюджеттік қаржыларды толықтырудың тұрақты көзі болып қана қоймай, экономикамыздың одан әрі өсуінің нақты факторына, сонымен қатар халықты жұмыспен қамтудың және әл-ауқатын жақсартудың негізіне айналып отыр. Кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау, бизнеске жол ашу бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып отырғаны белгілі. Елбасы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында бірқатар нақты міндеттер жүктеді. Бұл ретте жаппай кәсіпкерлікті ынталандыру және жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету белгіленді. Бюджетіміздің толығуына өзіндік үлесін қосып отырған аудан кәсіпкерлерінің бүгінгі аяқ алысы қандай немесе ауданымыздағы жалпы кәсіпкерлік саласының дамуы қалай деген сұрақпен Маңғыстау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Досмырза Имашев пен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Әлібек Өтеуовке бірнеше сұрақпен хабарласқан болатынбыз.
- Жуырда Елбасының ұсынған бес бастамасында шағын несие алушыларға жаңа мүмкіндіктер беру туралы тапсырылды. Жалпы мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдауының кемі жоқ. Бұл «қазақ жалқау» деген тіркесті қаншалықты сетінете алды деп ойлайсыз?
Д.Имашев: - Халықты нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы мен жаппай кәсіпкерлікті дамыту мүмкіндігі бүгінгі таңда үлкен қолдауға ие. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оған тағы қосымша 20 млрд. теңге бөлуді тапсырды. Бұл қаражатқа 14 мың қазақстандық өз кәсібін аша алады. Ауданда орта және шағын кәсіпкерлер саны 2726, өткен жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға өскен. Жылдың аяғына дейін кәсіпкерлер саны толыға түседі деп сенеміз. Өйткені кәсіп ашуға ниеттілер көп.
Ә.Өтеуов: - Бұл тіркес бұрынғы заманның еншісінде қалды деп ойлаймын. Өйткені қазір халықта сілкініс пайда болды. Кәсіппен айналысатындардың саны көбейді. Оның ішінде кәсібін бастап кетуге батылы жетпей жүргендер әлі бар. Мал бордақылау алаңы, мал басын көбейту, тігін цехы, тұрмыстық қызмет көрсету кешені сияқты бағыттар қаржыландырудан кенде емес. Тіпті 2018 жылдан бастап тек қана Маңғыстау өңіріне «Нұр капитал» жобасы келді, яғни 1 пайызбен төмендетілген несие алу мүмкіндігі туды. Бұл кәсіпкерлерге кәсіп аясын кеңейтуге мүмкіндік туғызады. Сіз айтып өткендей, кәсіп бастаймын деушілерге қолдау көп. Тіпті ең басты шарт кепілдік түрлері де жеңілдетілген.
–Кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын аудандықтар қаншалықты сезіне алды?
Д.Имашев: - Жаңа кәсіп бастау, өзінің сүйікті ісімен айналысу кімге болса да арман. Десе де көп жағдайда арманның соңынан жүруге қаржылық мәселелер мен мүмкіндіктің болмауы кедергі келтіріп жатады. Мұнда кәсіби сауат пен білімнің жетіспеуі де адамға дұрыс бағыт таңдауға қиындық келтіреді. Осы ретте өз кәсібімді ашам деушілерге мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп жатқанын айта кету керек. Осы жылдың өзінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 20 адамның құны 50 млн. теңге тұратын жобасы мақұлданса, «Нұр капитал» бағдарламасына 37 кәсіпкердің жобасы дайындалып, бірінші кезеңде 97 млн. теңгенің 4 жобасын облыстық үйлестіру кеңесі қолдады, екінші кезеңге 7 жоба ұсынып отырмыз. Ауданымыздың негізгі күнкөріс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан біздің кәсіпкерлердің негізгі кәсібі де соған қарай бағытталған. Соңғы кездері ауданда жоқ кәсіп түрлерін ашуға бағытталған жобаларды көріп қуанып отырмыз. Мысалы, «Нұр капитал» жобасы бойынша бал өндіру цехы, шұжық шығару цехы, ойын, сауық орталықтары, «Көгез» этноауылы туристік орталығына қосымша қызмет ұйымдастыру, ескі Шетпеден медициналық орталық, ауданда алғаш рет макарон өндіретін цехын, минеральды су цехын ашу сынды жобалар алдағы уақытта өз жұмысын бастайды деп сенеміз.
Ә.Өтеуов: - «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында кәсібін жаңадан бастағандарға «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, 43 адамға сертификат берілді. Ауылдарды туристік бағытта дамыту ойымызда жүрген дүние. Қазірше тек Шетпе селосында ғана туристерге сервистік қызмет көрсету орындары бар. Бірақ шет елден келушілердің басты сұранысын қанағаттандыра алмай отырмыз. Маңғыстау - туристердің қызығушылығын тудыратын кереметтерге толы өлке. Біздің кәсіпкерлерге ұсынатынымыз - сондай жерлерге барлық жағдайы жасалған, заманауи үлгіде қызмет көрсету орындарын ашу. Сонда ғана біз өңірімізге туристерді көптеп тарта аламыз. Қазіргі таңда туристік бағытта жұмыс жасаймын дегендердің құжатын осы жоба бойынша дайындап жатырмыз.
– Ал ауылдардағы кәсіпкерлік саласының дамуы қалай?
Д.Имашев: - Әр ауылда мемлекет тарапынан болып жатқан қолдауларды түсіндіру бағытында ұйымдастырған кездесулерімізде біз үнемі жаңа бағытта жұмыс орнын ашуды айтып жүреміз. Өндірістік мекемелерден 5/50 жобасы арқылы ақша алып жатқан адамдарға да жетпес жеріне несие алып, бір кәсіпті дөңгелетуге ұсыныстар тастаймыз, өнім өндіру, қызмет көрсетуге қарай бағыттап отырамыз. Қазіргі таңда Жармыш, Жыңғылды, Тұщықұдық, Онды, Өтес ауылдары кәсіпкерлік нысандары саны жағынан көш бастап тұр. Тұщыбек ауылынан жеке кәсіпкер Сырымбет Ақбергеннің құны 37 млн. теңге тұратын су шығару цехы жуық арада ашылса, ауылдарды табиғи таза сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ әр ауылдағы демалыс орындарын жеке кәсіпкер атағына өткізіп, ол жерлерді жаңаша бағытта, яғни туристік орындар қылуға жұмыстанып жатырмыз. «Нұр капитал» жобасы бойынша Өтес ауылынан және Манатадан этноауыл салу жұмыстары жүргізілуде.
Ә.Өтеуов: - Бізде 3 мыңға жуық кәсіпкер тіркелсе, соның тек азғантай пайызы ғана кәсібін ауылдық жерлерде дөңгелетіп отыр. Неге? Өйткені қарапайым ауыл тұрғыны мемлекет ұсынып отырған мүмкіндік туралы, оны қалай пайдалану керектігін біле бермейді. Білген күннің өзінде қорқасоқтайды. Сондықтан бізге көмек сұрап келген кез-келген адамға тегін кеңес беріп, керек десеңіз құжаттарын бітіруге де көмектесеміз. Өйткені біздің басты мақсатымыз – кәсіпкерлерді қолдау, олардың санын, сапасын арттыру. Бизнеске апаратын жолдың бастапқы сатысында сүйеу болмаса, іс өнбейді. Ауданға қарасты он екі ауылға барып, түсіндірме жұмыстарын да жүргіземіз. Бір өкініштісі, мұндай жиындарға халық қызығушылық танытпайды, белгіленген адамның көбі келмей қалады. Кейіннен кәсіп ашуға ниеті болғанда неден бастарын білмей жататындар да аз емес.
– Ауданымызда кенже дамыған кәсіп түрлеріне тоқталсаңыз?
Д.Имашев: - Менің ойымша ауданда жылыжайды жақсы дамыту керек. Әркімнің баубақшасында, мектеп жанында, Жыңғылды, Ұланақ жерлерінде жылыжайлар бар болғанымен өндірістік бағытта дамымай тұр. Жуырда аудан әкімі мен «Коммұнай» ЖШС арасында келісімшарт жасалып, Шетпе және Қызаннан жылыжай салу жұмысы жуық арада басталып та кетеді. Жылдың төрт мезгілінде өзге облыстардан келетін көкөністерді өзіміз өндірсек, пайдасы мол болары сөзсіз. Сондай-ақ ауылдарда балалар ойын-сауық орталықтары мен демалыс орындарын көбейту керек.
Ә.Өтеуов: Мысалы, бізде мал шаруашылығы жақсы дамыған да, малдың терісін, жүнін тапсыратын орындар жоқтың қасы. Орталықта ашылған жүн, тері қабылдайтын бір ғана орын халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Аудан әкімінің өзі бұл істі қолға алам деушілерге тегін қойма беру арқылы аяғынан тұрып кеткенше қолдау көрсетуге әзір екенін айтты. Бірақ біздің кәсіпкерлеріміз бұл кәсіп түріне онша қызығушылық танытпай отыр. Тағы да басқа кинотеатр, қоғамдық тамақтану орындары, жастар демалатын орындар ашуға ұсыныстар түсіп жатса, қолдап-қуаттауға әзірміз. Озық ойлы жастарда идея жеткілікті. Тек соны жарыққа шығару керек.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда «Ел іші – өнер кеніші» атты концерт өтті- Халықты жұмыспен қамтуда кәсіпкерлердің үлесі қандай?
Д.Имашев: - Шағын несие беріп, орта бизнесті дамыту арқылы мемлекетіміздің негізгі көздегені де жұмыссыздықты азайту екені белгілі. Әр кәсіпкер өзінің жұмысының көлеміне қарай жұмыс орнын ашады, осыған орай жұмыссыздық саны төмендеп келеді. Жаңа ғана мен айтып өткен «Нұр капиталға» қатысушылар жобалары жүзеге асса, 232 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді деп күтілуде. «Технокран-Ақтөбе» ЖШС Жармыштағы Жездібассай жерінен темір рудасын өндіруге 5,4 млрд. теңгенің инвестициялық жобасын бастап кетті. Және Қытай Халықтық Республикасының «Синан» корпорациясының инвесторларының күшімен құны 6,4 млрд. теңгеге күн электр станциясын салу жұмыстары жүзеге асуда. Алдағы уақытта бұл жобалар көптеген тұрғынның жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді деп ойлаймыз.
Ә.Өтеуов: - Жасыратын несі бар, халықты жұмыспен қамту мәселесі ауданда ғана емес, республика бойынша да әлі де өзекті. Бұған байланысты арнайы жоспарларымыз бар. Біздің қолдау қорымыздан несие алған кез келген кәсіпкер кем дегенде 2 адамды жұмыспен қамту керек. Оны уақытында тексеріп тұрамыз. Ауданымызда жылдан жылға кәсіпкерлердің саны артып, жұмыссыздық саны азайып келеді. Тіпті жұмыссыздыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген адамдарды кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуге шақырамыз. Сонда ғана халықтың әл-ауқаты жақсарып, экономикамыз дамиды.
– Жұмыссыздар санының көбейюінің сыры деп ойлайсыздар?
Д.Имашев: - Біздің жастарымыз көбіне өндірістік, мұнай саласында жұмыс жасағанды жеңіл көреді. Ал ондай жұмыстар екінің біріне бұйыра бермесі анық. Сондықтан менің айтарым, мемлекеттік қолдауларды пайдаланып, өз кәсібін дөңгелетіп, ебін тапса, мұнайшыдан да жоғары жалақы алуға мүмкіндік туары сөзсіз.
Ә.Өтеуов: – Бізде мұғалім, дәрігер, информатик, экономист, заңгер сияқты мамандықты бітіргендер көп. Содан кеп дипломын кәдеге жарата алмай жүреді. Барлығына бірдей мектептен, балабақшадан, ауылдық клубтан жұмыс тауып беру мүмкін емес. Сондықтан жастардың жеке кәсіп бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасауға мүдделіміз. Елдің дамуына үлес қосамын, өңірді өркендетуге атсалысамын дегендерді қолдауға дайынбыз.
– Сұхбат бергендеріңізге рахмет.Айгүл РАХМЕТОВА