©
Бүгін Ұлттық банк «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасының шарттарын жария етті. Бағдарлама ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 31 мамырдағы № 107 қаулысымен бекітілген.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 5 наурыздағы халыққа арналған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7%, бастапқы жарнасы 20% болатын 25 жылға дейінгі мерзіммен ипотекалық несие берілетінін айтылған еді.
Бағдарлама ипотекалық тұрғын үй қарыздарын берудің негізгі талаптарын, қарыз алушылар мен банктерге Бағдарламаға қатысу үшін өлшемшарттарды, банктердің оператормен өзара іс-әрекет жасау тәртібін, сондай-ақ Бағдарламаны ойдағыдай іске асыру үшін заңнамалық актілер деңгейінде қабылдануға тиіс шараларды айқындайды.
«Бағдарламаға Қазақстан Республикасының еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азаматы қатыса алады», - делінген Ұлттық банктің хабарламасында.
Бағдарламаға қаысушылар Қазақстанның кез келген өңірінде бастапқы нарықта тұрғын үй сатып ала алады.
Берілетін қарыз сомасы мынадай: Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында - 25 млн теңге, басқа өңірлерде - 15 млн теңге.
Бағдарламаның операторы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ.
«Оператор облигацияларды шығару және орналастыру есебінен қаржыландырудың нарықтық тетіктерін пайдалана отырып Қазақстан қор биржасына (KASE) кемінде 1 трлн теңгені тартады және алынған қаражатты Бағдарламаның талаптары бойынша қатысушы банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздарын сатып алуға жібереді.
Бағдарлама шеңберінде қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізбесі олар «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-пен тиісті шарттар жасасқан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыздар беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ», - деп хабарлады ҚР Ұлттық банкі.
Әзірге қарыз беру басталған жоқ. Несие осы жылдың екінші жартысынан бастап берілетін болады. Қарызды берудің басталғанын Ұлттық банктің интернет-ресурсында жарияланбақ.
Сонымен қатар, » бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін бүгіннен бастап Ұлттық банк «Online» мобильдік қосымшасында » жаңа бөлімі іске қосты, онда тұрғындар өз сұрақтарына жедел жауап алмақ. Мобильді қосымшаны AppStore (https://itunes.apple.com/kz/app/nbkonline/id1134502211?ls=1&mt=8) және PlayMarket дүкендерінде (https://play.google.com/store/apps/details?id=kz.nationalbank.appeals) мемлекеттік және орыс тілдерінде көшіріп алуға болады.
Бағдарламамен http://www.nationalbank.kz/?docid=3539&switch=kazakh сілтемесі бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.