©
Маңғыстау облысына екі апта бойы мониторинг жүргізген білікті сарапшылар осылай деп отыр. Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов CSI консалтингтік компаниясының мамандарымен кездесіп, Маңғыстауды дамытудың тұжырымдамасын талқылады.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлауынша, сарапшылар үш стратегиялық бастаманы ұсынып отыр. Олардың біріншісі - өндіріс, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика, шағын бизнесті дамыту арқылы жұмыс орындарын арттыру.
«2 бағыт – сумен жабдықтау проблемаларын шешу, экология, білім беру және денсаулық мәселелерін шешу арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру. Үшіншісі - өңірлік басқару жүйесін модернизациялау (мемлекеттік органдарды трансформациялау, «Smart City», мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру)», - делінген хабарламада.
Сарапшылардың пікірінше, Маңғыстауда негізгі күш өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, туризм, көлік және логистика сияқты шикізаттық емес салалардың үлесін арттыруға жұмсалуы тиіс.
«Маңғыстау облысы негізгі капиталға аударылатын инвестицияның мөлшері бойынша республикада 9 орында тұр. Облысқа инвестиция тарту, теңіз порттары саласында көліктік-логистикалық хабты қалыптастыру, өңдеуші өнеркәсіпті басым салаларға байланыстырмай-ақ дамыту қажет. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін мал шаруашылығын дамыту арқылы ұлғайтуға болады. Жалпы, облыста ауыл шаруашылығы саласынының әлеуетін 10 есеге дейін арттыруға мүмкіндік бар», - деді CSI компаниясының өкілі Олжас Құдайбергенов.
Өңір басшысы Ералы Тоғжанов мониторинг нәтижелеріне сәйкес проблемалық мәселелердің шешу үшін тиісті органдардың басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ