©
Өз үйінің де, «үкіметтің» де, үкіметтік емес ұйымның да жұмысымен айналысып жүрген Нәбия Айлашова Бейнеуде тұрады. Ол ауылдың қарапайым ғана әйелі, бір әулеттің көсегесін көгерткен ибалы келін, жеті баланың анасы, 12 немере-жиеннің ақ әжесі. Жақында ол «Жайдарлы» тігін шеберханасын ашты.
Әрине, Бейнеуде тігін шеберханалары жетіліп артылады. Ал бұл жаңадан ашылған «Жайдарлы» шеберханасының ерекшелігі ауылдағы мүмкіндігі шектеулі қыздар мен келіншектерге көмек көрсетіп, қолөнер шеберлігін үйретуді мақсат етеді. Сондай-ақ таза жібек, табиғи мақта, матадан көрпе-төсек, жабынды-жаймаларын, сәбилердің жөргектері мен киімдерін тігіп, аудан халқына тұрмыстық қызмет көрсетеді.
Тағы оқыңыздар: Маңғыстаулықтар Есенғали Раушановтың кешін қалай атап өтті?(ФОТО)Өткен жазда Нәбия Айлашова ҚР Азаматтық қоғам және дін істері министрлігі ұйымдастырған «Болашаққа қадам» бизнес жобасы конкурсына қатысып, 144 үміткердің ішінен үздік жетілікке еніп, грант ұтып алған болатын. Енді мемлекет берген грантқа «Жайдарлы» тігін шеберханасын ашып, екі адамды жұмыспен қамтып отыр.
Жақында аталған шеберхананың ашылу салтанаты болды. Оған аудандық әкімдіктің қызметкерлері және ауданның белсенді азаматтары, қыз-келіншектер қатысты. Шараға қатысушылар жаңадан басталған жұмысқа сәттілік тілеп, шашу шашып, шеберхананың есігіне керілген алқызыл лентасын қиды. Қонақтарға мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында өткен облыстық байқаудың жеңімпазы Қырмызы Ұзақбай «Армансыз күнім болмайды» атты әнді шырқап, ерекше қуанышты көңіл күй сыйлады.
Айнахан ЕСЕТ,
Бейнеу ауданы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="39862,39866,39860,39861,39863"]