©
ҚР Премьер- министрі Бақытжан Сағынтаев өңірге жұмыс сапары барысында «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен кездесті. Жиында мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту, несиенің қолжетімділігін арттыру, туристік салаға қолдау көрсетудің мемлекеттік бағдарламасын дайындау және ауылшаруашылығын дамытудағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуде аймақтың кәсіпкерлері толғандырған мәселелерді ортаға салып, бірқатар сауалдар қойды. ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек көтерілген мәселелерге жауап берді. Бақытжан Сағынтаев ел Үкіметі мемлекетімізде бизнестің буынын бекітіп, қолайлы жағдай жасау жолында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті. – Елімізде бизнесті қайта реттеу бойынша белсенді шаралар қабылданып жатыр. Бүгінде бизнеске рұқсат құжаттамасының саны шамамен үш есеге қысқартылды. Сондай-ақ түрлі есептемелер мен мәлімдемелердің, негізсіз салық тексерулердің санын қысқартуға жұмыстанып жатырмыз. Кәсіпкерліктің мемлекеттік сатып алуларға және квазимемлекеттік сектор сатып алуларына қолжетімділігін арттыру бойынша қыруар шаруа атқарылды. Сонымен қатар әрбір кәсіпорындар бойынша жергілікті қамту көлемін ұлғайтудың мақсатты индикаторларын орнату жұмыстары бастау алды.Қаржылық қолдау көрсету шараларына келсек, елімізде өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асырылуда. Оның аясында тиімді мөлшерлеме бойынша 18 млн. теңгеге дейін шағын несиелер беріледі. Үкіметтің отандық бизнесті дамыту бойынша кешенді жұмысы одан әрі жалғасын табады. Себебі мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес ЖІӨ-нің көлеміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай 50%-дан кем болмауы тиіс, – деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ