©
- «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша республикалық бюджетте 6,9 млрд теңге, жергілікті бюджетте 2,2 млрд теңге игерілмей қалуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов айтты, - деп хабарлайды Baq.kz . Бүгінгі отырыста «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды. Жиында Бақыт Сұлтанов жылдың аяқталуына аз уақыт қалғанын айта келе, аталған бағдарлама бойынша қаражаттардың игерілмей жатқанын атап өтті. «Жылдың соңына дейін бөлінген ақшаны игере алмау қаупі бар. Республикалық бюджет бойынша ақшаны игере алмау қаупі 6,9 млрд теңге. Бұл – халықаралық қаржы ұйымдарымен біріккен жобаларға бөлінбей қалған қаржы. Ақшаны игеру үшін аталған соманы республикалық бюджеттік комиссияның қарауына жіберіп, Үкіметтің қаулысын бекіту керек», - деді ол. Сонымен қатар қаржы министрі қаржыны игере алмаған облыстарға тоқталды. «Жергілікті бюджеттерде 2,2 млрд теңге игерілмеу қалуы мүмкін. Мысалы, Маңғыстау облысында білім беру саласында 3 объект бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Салдарынан 1 млрд теңге игерілген жоқ. Ақмола облысында – құс фабрикасына тиісті инженерлік инфрақұрылымның құрылыс жобасы сотта қаралуы салдарынан 184,7 млн теңге игерілмеген», - деді ол. Осы орайда Сұлтанов өңірлерде конкурстардың ұзақ ұйымдастырылуы салдарынан тиісті жобалардың құрылысы басталмағанын жеткізді. «Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша конкурстардың ұзақ өткізілуі салдарынан олардың қорытындысы шығарылмаған. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз ауданына мал соятын цехқа инженерлік жүйелерді салу бойынша 456 млн теңгенің конкурсы, Ал Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында құны 455,8 млн теңге болатын, 600 орындық мектептің құрылысы бойынша конкустардың қорытындысы шықпаған», - деді Қаржы министрі.