Маңғыстау мектептерінде кадр жетіспеушілігі байқалады. Маңғыстауда ғана емес, Қазақстанда білім беру ұйымдарында орыс тілі мұғалім аз екен.
- Мен орыс тілі мұғалімімін. 2017 жылы оқу бітіріп Ақтауға келдім, жұмысқа орналасу мүлде қиын болған жоқ. Өйткені Маңғыстауда мектептерде орыс тілі мамандары аз екен. Меніңше, студенттер көбіне ағылшын тілі мұғалімі болуды қалайды. Биыл тіпті ағылшын мұғалімдері көп екен. ҚазҰУ-дағы қазақ филологиясы мен орыс филологиясын салыстырып қарасақ, студенттер мүлдем аз. Қазақ филологиясы 66 түлек болса, біз 12 мұғалім ғана болып бітірдік. Сол 12-міздің ішінде де басқа салаға кеткендер бар, - дейді Толқын Ізмахан есімді жас маман, мұғалім.
Ал орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Райхан Бекниязованың айтуынша, орыс тілі мамандарының тапшы болғаны соншалық, олар аптасына 30-40 сағаттан сабақ беруге мәжбүр екен. «Соңғы жылдары орыс тілі мұғалімі болуға құштар жастар азайғандықтан ба, әлде басқа себептерден бе, жоғары оқу орындары орыс тілі филологиясы тобына студент жинай алмай қалады», - дейді ол.
Мектептердегі, жалпы білім беру ұйымдарындағы кадр жетіспеушілігін білім бөлімі де растап отыр.
Бүгін білім беру ұйымдарының басшыларымен Елбасы жолдауын талқылау кезінде Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызы бұл туралы кеңірек айтты:
- Кадр мәселесі Президентіміздің биылғы жолдауында да сөз болды. Бұл – Маңғыстауда ғана емес, елімізде бар мәселе. Сондай-ақ, мектептердегі оқулықтардың жиі ауысуы мұғалімдердің жаңа бағдарламаға тез үйренісуін қажет етеді, - дейді Айжақсы Жылқыбайқызы.
Сондай-ақ 2018 жылдың қаңтар айынан бастап, мұғалімдердің жалақылары 30 пайызға көбейген. Айжақсы Жылқыбайқызының айтуынша, жалақы көтерілді, сәйкесінше мұғалімдерге жауапкершілікпен қоса, жаңа бағдарламаларға бейімделу, үйрену міндеттері де қосылып отыр.
Айта кетейік, Елбасының биылғы жолдауы білім беру ұйымдары үшін маңызды анықтамалық ретінде бағаланған. Жолдауда көрсетілген 10 міндет те білім аясынан алшақ емес дейді білім беру басшылары.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН