Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілмеген фактілерді анықтауға шақырды.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановқа тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің (ТМККБК) аясында тұрғындар ала алмаған дәрі-дәрмектер бойынша халықтың көптеп шағымдануына байланысты өңірлерде дәрілік қамтамасыз етуге талдау мен мониторинг жасау басталды.
Осы мәселеге орай, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру Қоры» коммерциялық емес АҚ Маңғыстау филиалының директоры Руслан Бектубаевтан төмендегідей ақпарат алдық:
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан елдің барлық өңірлерінде халықты дәрімен қамтамасыз етуге талдау мен мониторинг жасау басталды. Сондай-ақ министрлік тұрғындарды тегін дәрі–дәрмекпен қамтамасыз етілмеген фактілерді анықтауға шақырады. Соған байланысты, диспансерлік есепте тұрған, бірақ бекітілген Тізбеге (№ 786 бұйрық) сәйкес 2017 жылғы қазан мен желтоқсан аралығындағы кезеңде тегін дәрілерді алмаған барлық азаматтар ТАӘ, ЖСН, байланыс телефондарын, емханалардың нөмірлерін және қаланы көрсете отырып, kf_mz@mail.ru электрондық поштасына өтініштерін жіберуге болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА