Бұл туралы Ақтауда еліміздің әр түкпіріндегі арнайы экономикалық аймақтар өкілдері және шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткен «Қазақстанның арнайы экономикалық аймақтары» атты форумда айтылды. Онда Маңғыстау өңірінің инвестициялық әлеуеті, мүмкіндіктері мен климаты сөз болып, ұсыныстар мен ой-пікірлер ортаға салынды.
- Биыл жыл аяғына дейін 3 зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда «Ақтау ТеңізПорты» АЭА-на 80 млрд. теңгеден астам инвестициялық қаржы құйылды. 240 млрд. теңгеге жуық өнім өндірілді. Мыңнан аса жұмыс орындары құрылды. Алдағы уақытта 200-ден аса бос жұмыс орындарын құру көзделген. Маңғыстау облысы - шетелдік инвесторлар аса қызығушылық танытатын өңір, - дейді «Ақтау ТеңізПорты» АЭА» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айгерім Молдабекова.
Форумда облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы өңірде жүзеге асып жатқан экономикалық тиімді инвестициялық жобалар жайлы баяндады.
- Дағдарыс жағдайында экономикалық өсімді және халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында Н.Назарбаевтың теңдесіз шешімдер қабылдағаны белгілі. Солардың бірі – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарламаның басты бағыты - өңірлердің транзитттік әлеуетін дамыту. Мәселен, «АқтауТеңізПорты» арнайы экономикалық аймағы іске қосылғалы бері 88 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылып, 241 млрд. теңге көлемінде өнім өндірілді. Бюджетке 21 млрд. теңге көлемінде салық төленді. Маңғыстау облысының келешегі зор. Оған бірнеше себептер бар. Біріншіден, дәстүрлі мұнай-газ өндіру саласы және қойнауы қазынаға толы аймағымызда зерттеуді талап ететін табиғи минералды шикізат ресурстары қоры бар екендігі мәлім. Облыста жылына 18 миллион тоннадан астам мұнай өндіріледі. Газ өндіру көлемі жыл сайын 15 пайызға артып келеді. Бұл жаңа «Шағырлы–Шөмішті» газ кен орнының іске қосылуымен байланысты. Сонымен қоса Қансу кен орнын барлау ісі белсенді жүргізілуде. Екінші, ҚР ұлттық кластерін дамыту стратегиясы аясында облыс мұнай сервистік кластерін дамытуға лайықты аймақ ретінде танымал. Бұл салаға инвестиция салуға қызығушылық танытқан инвесторлар саны артып келеді. Атап айтсақ, инвестиция құны 12 млрд. теңгені құрайтын халықаралық трансұлттық «Тенарис» компаниясының мұнай құбырларының премиум кластық жалғауларын кескіндейтін зауыт құрылысы - инновациялық жоба. Үшіншіден, Маңғыстау облысының көліктік-логистикалық потенциалы жағынан географиялық тиімді орналасуы. Болашақта Маңғыстау облысы Қазақстанды су,әуе және теміржол арқылы әлемдік нарыққа алып шығатын, Қытай мен Еуропаға, Парсы шығанағына жалғайтын тоғыз жол торабына айналары сөзсіз, - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Форумға 12 елден келген шетелдік инвесторлар қатысты. Әлеуетті инвесторларға арналған қолайлы жағдайлар, инвестициялық ахуалды жақсарту үшін енгізілген заңнамалық жеңілдіктер, инвестициялық саясат, тікелей инвестициялар тарту шарттары сөз болды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ