Ғарышкер Айдын Айымбетов ақтаулық оқушылармен кездесті.
12 сәуір – халықаралық авиация және ғарышкерлер күні қарсаңында қазақтың ғарышкері, халық қаһарманы Айдын Ақанұлы Маңғыстау өңіріне келді.
Еліміздің және әлемдік ғарыш саласының дамуына үлес қосқан тұлға мектеп оқушыларымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Ғарыштағы өмірмен, қызықты сәттермен бөлісті.
Ғарышкердің кездесу барысында айтқан әңгімесінен қызықты, маңызды деген тұстарын оқи отырыңыз.
«Ғарышкер болуды бала кезімнен армандадым. Ата-анам алғашында бала қиялына мән бермегенімен, кейін қолдауын білдірді. Ұшқыштар дайындайтын училищеге оқуға түстім. Артынша космонавт болуға құжат тапсырдым. Сөйтіп, біртіндеп өз мақсатыма қол жеткіздім. Құлау, кедергіге тап болу барлық кезде болады. Адам тек алдына мақсат қоя білу керек».
«Экипажда 5 елден келген 9 адамбыз. Оның 4-5-еуі үстелге жоғарыдан, қалғандары төменнен қарап тамақтандық. Үстелдің көлемі 1 шаршы метр».
«Зымыран сағатына 24 мың шақырым жылдамдықпен ұшып, 92 минутта Жерді айналып шығады. Ал қонар уақытта салмақ 20 есеге дейін ұлғаяды. Мәселен, шамамен 60 келі адамның салмағы 1 тонна 200 келі болады».
«Ғарыштағы ең бірінші өзгеріс – салмақсыздық. Адам ағзасы кез келген жағдайға бейімделе алатын әмбебап механизм ғой. Әуеде біздің денемізге жердегідей күш қажет емес. Сондықтан ағза, сүйектер калцийді өзі бөле бастайды. Екіншіден, қазір бойымыздағы қан өте үлкен айналыммен жүріп жатыр. Ал салмақсыздық кезінде ол айналым кішірейеді. Қан көптік етеді де дене өзі жей бастайды».
«Омыртқамыздің пішіні тік емес екенін білесіздер. Салмақсыздық кезінде ол толықтай жазылады. Нәтижесінде байқалмай бір аптада кем дегенде 5 сантиметрге бойың ұзарады».
«Ғарыш станциясының ішкі кеңістігі шамамен 2 метрдей, егер қолыңды созсаң, борттың екі жағына жеткізуге болады. Осы кеңістікте ғарышкер 6 айын өткізеді. Терезе ашпайды, ешқайда шықпайды».
«Экипажда суға түспейсің, тек ылғал сүлгімен бетіңді, қолыңды сүрте аласың. Ал толық жуынғысы келгендерге, денеге арналған үлкен сүлгі бар. Ол жер суға түсуді ұнатпайтындар үшін жұмақ».
[embed]https://youtu.be/5I2KHnVM3BE[/embed]«Ғарышкер болу үшін ең алдымен шыдамдылық қажет. Сенсеңіздер, мектепте менің тәртібім үшін жиналысқа жиі шақыртатын. Химия-физика зертханаларында да неше түрлі қоспаларды араластырамын деп бүлдірген кездер болған. Бірақ үлгерімім жақсы болды».
«Ғарышкер болмағанымда ұстаз болар едім».
«Өзге ауа, өзге қызығушылық, өзге мәселе, өзге шешім. Бірақ оның барлығы қойылған тапсырманы орындау, діттеген мақсатыңа жету үшін жасалады».
«Біз ұшуға 2003 жылдан бері 12 жыл дайындалдық. Сапар алдында экипаж мүшелерінде қорқыныш болмады. Дегенмен зымыранның жанына келгенде аздап толқыдық. Зымыран шамамен 9 қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Шыны айту керек, аяқтарымыз қалтырай бастады. Лифтпен көтеріліп, әуе кемесіне отырдық. Толқудың барлығы старт басталғанда, әуеге көтерілгенде сейілді. Яғни, бастау ғана қорқынышты. Әрі қарай жұмысыңды жалғастырасың».
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51605,51604,51606,51609"]