Бүгін облысымызда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған XIII «Жұлдызай» республикалық фестиваліне қатысушылар іріктелді.
Балалар вокал, ән орындау, ым-ишаратпен ән орындау, хореография, қолөнер бұйымдары, бейнелеу өнері, аспапта орындау аталымдары бойынша өнерлерін ортаға салды.
Оған арнайы жалпы білім беру ұйымдарының басшылары, оқушылары мен жетекшілері, арнайы сынып оқушылары, үйден оқитын оқушылар, ата-аналар келіп, өнерпаздарға қолдауын білдірді.
"Өткен жылы фестивальге облысымыздан 98 бала қатысса, биыл олардың қатары 118-ге жетті. Олардың 59-ы шығармашылығын көрсетсе, 59-ы спорттық сайыста бақ сынайды. 10 жастан 14-16 жасқа дейінгі өнерпаздар қатыса алады. Жалпы облыс бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған 14 мекемеміз бар. Оның екеуі олардың денсаулығындағы ақауды анықтайды, қалған 12 мекеме түзету жұмыстарымен айналысады. Қазіргі таңда 4968 бала тіркеуде тұр", - дейді МО Білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Жылқыбайқызы.
Дәстүрге айналған салтанатты шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, талантын ашу, жүректеріне сенім ұялату. Олардың тұлғалық дамуына үлес қосып, өмірден өз орындарын табуына ықпал ету.
Бұрын балалардың өнерін сынға салған фестиваль бұл жолы өздерін спорттық қырынан да танытуға мүмкіндік берді. Яғни, олар асық ату, шағын футбол, жеңіл атлетика, теннис секілді спорт түрлерінен де жарысқа түспек. Сонымен қатар, фестивальдің биылғы республикалық кезеңі гала-шоу ретінде ұйымдастырылмақ.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнайлыда бесінші мешіт ашылды«Жұлдызай» фестивалінің республикалық кезеңі Астана қаласындағы «Барыс» мұз айдынында өтпек. Елімізге белгілі тұлғалардың, әртістердің қатысуымен өтетін кең көлемдегі шоу болады. Елбасы да келіп қатысады деген үміттеміз. Жаңа форматтағы гала-шоу болғандықтан біз ең үздік, ең талантты балаларды топтастырғымыз келеді. Дегенмен Маңғыстау өңірінен биыл қатысушылар қатары аз екен. Өкінішті, бірақ мен Ақтауда талантты балалардың мол екенін білемін", - деді жобаның бас продюсері Жан Мұқанов.
Қатысушылар Алғыс хаттармен, сыйлықтармен марапатталды. Қазылар алқасы облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 118 баланың шығармашылығымен танысып, республикалық кезеңге қатысатынындарды анықтайды. Республикалық кезеңі 1 маусым – балалар күні қарсаңында өтеді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51586,51587,51588,51589,51591,51592,51593"]