©
Күрес – қазақ халқының ұлттық генетикасына сіңген спорт. Тарихқа көз салсақ, тұлпардың құлағында ойнаған, жаугершілік заманда ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен елі мен жерін қорғаған батыр бабаларымыздың ұрыстағы іс-қимылдары ұрпаққа үлгі болғанын білеміз. Білекті де жүректі бабалардың бүгінгі ұрпағы аталар аманат еткен бейбіт заманның шаршы алаңында жеңістің туын талайғы рет желбіретті де. Баршаға мәлім, Балуан Шолақ бабамыз, Қажымұқан атамыз, қазақ тарихындағы алғашқы олимпиада чемпиондары Жақсылық пен Шәміл ағаларымыз, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа, әлем чемпионы, олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, әлем чемпионы Бахтияр Байсейтов, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев сынды атақты палуандарымыздың ізбасарларын дайындау – бүгінгі ел азаматтарының парызы болса керек.
Маңғыстау облысының күрес тарихына көз жүгіртсек, әлемдік ареналарда топ жарып Қазақстан Республикасының қоржынына көптеген медальдар салып, жеңіске жеткен спортшыларымыз аз емес. Жеңімпаз палуандарымыздың ішінде 5 олимпиада ойындарына қатысушылар, 1 олимпиада ойындарының жүлдегері, 5 әлем чемпионаты, 5 азия ойындарының, 23 Еуропа және Азия чемпионат тарының, 3 Азия кубоктары медалінің иегерлері бар. Олардың есімі өлке спорты тарихына алтын әріптермен жазылары сөзсіз.
Бүгінгі таңда елімізде салауатты өмір салтын бұқаралық деңгейге көтеріп, насихаттауға мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отыр. Осы орайда Маңғыстау облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясы аймақтағы аталмыш спорт түрінің өркендеуіне мүдделі.
Кішкене тарихқа шегініс жасасақ, 2014 жылдың 12 наурызында Қазақстан Республикасы грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының кезектен тыс конференциясы өтті. Айтулы жиынға ҚР Ұлттық олимпиа да комитетінің төрағасы Темірхан Досмұхамбетов, ҚР Дене шынықтыру және спорт істері жөніндегі агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев, спорттық жекпежек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының бас директоры Сәкен Мұсайбеков, атақты палуандар олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, олимпиада ойындарының жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, сонымен қатар облыстық федерация басшылары мен ұлттық құрама командаларының бас бапкерлері қатысып, федерацияның жаңа президентін сайлады. Сол күннен бастап «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев – ҚР федерациясының жаңа президенті болып тағайындалды.
Осы жылдың маусым айында Маңғыстау облысына іссапармен келген ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының вице-президенті Бауыржан Оспанов «Маңғыстаумұнайгаз» АБ бас директоры Бақыт Иманбаевты облыстық күрес федерациясы президенттігіне тағайындап, активпен таныстырған болатын. Міне, дәл осы кезеңнен бері аймақтық федерацияның атқарушы комитетінің құрамы қайта жасақталып, өңірдегі басты проблемалар айқындалып, оны шешу жолдарының жоспары дайындалды.
Тыңнан түзілген жұмыс жоспарына сәйкес федерация өз жұмысын қарқынды бастағанын атап өткен жөн. 2014-2017 ж.ж. мердігерлер тарапынан 79 миллион теңгеге жуық қаржы демеушілік көздері арқылы федерация жұмысын жетілдіруге тартылды.
Айта кетер жайт, бұған дейін грек-рим, еркін және әйелдер күрес түрлері бойынша үйірмелер Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында ғана жұмыс жасап келді. Жаңа жоспарға сәйкес күрес түрлерінен облысқа қарасты барлық аудан орталықтарында үйірмелер ашылды. Күрес маманы тапшылығы бар Түпқараған ауданы да бұл бағытта өз бапкерінің келуін күтуде.
Күрес мамандарының тәжірибесін шыңдап, деңгейін арттыру бағытында Қазақстанға белгілі жаттықтырушылар және шет елдерден арнайы мамандар шақырылып, жергілікті спорт шылар көк кілем үстіндегі білік тілікті көтере түсті. Атап айтар болсақ, Павлодар облысынан кәсіби деңгейдегі жаттықтырушы Қайролла Жанмурзин, Оңтүстік Қазақстан облысынан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Айсұлтан Байзақов және әлем чемпионатының 2 дүркін жүлдегері, көрші Беларусь мемлекетінің жаттықтырушысы Довлет Мамедов сынды спорт саласындағы салмағы басым мамандар облыстың күрес оғландарын дайындау үстінде.
Бапкерлердің өмірбаянын тарқатып айтар болсақ, Довлет Мамедов – ұлты түрікмен, халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 1994 жылы АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен Кадеттер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1996 жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 1997 жылы Батыс Азия чемпионатының қола жүлдегері болды. 2010-2012 жылдары Түрікменстан Республикасының жастар құрама командасының бас бапкері қызметін атқарған. Осы уақыт аралығында әлем чемпионатының қола жүлдегерін, Азия чемпионатының күміс жүлде герлерін тағайындаған. Ал Айсұлтан Байзақов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 2010 жылы Будапешт қаласында өткен кадеттер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атан ды.
Бүгінгі күнге дейін жүйелі түрде жасалған жұмыс нәтижесінде федерация облысымыздағы күрес түрлерін бұқаралық деңгейге жеткізді. Салыстырмалы түрде атап өтсек, күрес үйірмелері 2014 жылы өз жұмысын 25 жат тықтырушымен бастаса, 2017 жылы жаттықтырушы қатары 40-қа жетті. Сонымен қатар үйірмеге қатысушы жасөспірімдер мен жастардың қатары да артып келеді. 2014 жылы жалпы барлық күрес түрлері бойынша 953 жеткіншек қатысса, 2017 жылы шамамен 1 702 жас спортшыға көбейді.
Материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. 2014 жылдың қыркүйек айындағы жағдаймен салыстырғанда, 2017 жылы Маңғыстау, Қарақия, Бейнеу аудандарында жаттықтыру залдары күрес маттарымен төсейтін кілемдермен толықтай жабдықталды. 2014 жылы 5 спорт залда 7 күрес кілемі болса, ал 2017 жылы спортзалдардың артқаны байқалады. 15 спортзал 22 күрес кілемімен қамтылды.
Ағымдағы жылдың наурыз айында 33-шағынауданда жаңа спорт кешені іске қосылды. Бұл кешен де грек-рим, еркін және әйелдер күрес түрлері үшін арнайы 4 стандарттық кілем сиятын орын берілген. Сонымен қатар Мұнайлы ауданы, Атамекен елді ме кенінде жеке кәсіпкердің демеушілігімен жаңа спорт зал іске қосылды. Қазір гі кезде аталмыш спорт залда облыстық спорт басқармасымен бірге күрес түрлерінен үйірмелер ашу бойынша жұмыстар қолға алынған.
Тағы оқыңыз: Зарина Дияс үздік 60 теннисшінің қатарына ендіҚазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында облыстық күрес федерациясы облыстық ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығымен бірлесіп Қазақстан тарихында грекрим және еркін күрес түрлері бойынша палуандар дайындау үшін мектеп, колледж және университет қабырғаларынан қосымша күрес сабақтарын ашу жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазіргі кезде грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша облыстың барлық аудандарында өзіндік тәжірибе мен үлгі қалып тасты. Маңғыстауда республика көлемінде көзге түсерлік палуандар мектебі бой көрсете бастады. Басты мақсатымыз – осы спорт саласында әлем, Азия және олимпиада жүлдегерлері мен чемпиондарын дайындап шығу. Әрине, әлемдік деңгейдегі күрескерлерді әзірлеу бір жылда емес, бәлкім, бірнеше жылда төгілер еңбек пен тәжірибенің нәтижесінде келетіні, жеңістің жолы жеңіл берілмейтіні белгілі дүние. Әрі бұл – қомақты қаражатты қажет ететін талабы тегеурінді, жауапкершілігі жоғары мәселе.
Осындай үлкен арманды көздеген федерация палуандарымыздың баптық деңгейі мен сапалы дайындығын жасау үшін ауқымды жоспардан ауытқымай, жаттығуды әлсіретпей, уақытты тәжірибе жинап, біліктілікті шыңдауға жұмсауды жөн санайды.
Облыстағы күрес саласын дамытуда қордаланған мәселелер де аз емес. Арнайы күрес түрлері (грек-рим, еркін және әйелдер күресі) үшін мемлекет тарапынан қаржыландыру өз шешімін тапса, бұл бағытта әкімдік тарапынан мемлекеттік мекеме құрылса деген тілегіміз бар.
Келер жылдың мамыр айының 46 аралығында облыс әкімінің бастамасымен олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров атындағы халықаралық турнир өткізу қолға алынуда. Аталмыш турнир аясында Мұнайлы ауданы, Атамекен елді мекенінен арнайы бөлінген жер теліміне инвестиция тарту арқылы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында спорт кешенінің ірге тасын қалауға және оған Ж. Үшкемпіровтің атын беру рәсімін ұйымдастыруды ұсынамыз. Спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаты дайын, жобаның құны – 250 млн теңге.
Жылдар бойы арман-мақсатымызға айналған спорт саласындағы бұл мәселелер оң шешімін тауып, өз арнасына түскен кезде Маңғыстау облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі тарихының жаңа беті ашылып, жаңа дәуірі басталарына үлкен сенім білдіремін.
Төл тарихымызбен тамырлас күрес түрлерін бұқаралық деңгейде дамытуға атсалысу – әр азаматтың абыройлы міндеті. Ал палуандарымыздың жеңісті сәттеріне куә болу – баршамыздың көкейіміздегі асқақ арман. Ендеше, арманымыздың ақиқатқа айналуына атсалысуға асығайық, ағайын!
Н.ЖАЛИМОВ,
облыстық грек-рим,
еркін және әйелдер күрес федерациясының атқарушы директоры