©
Маңғыстау облысының әкімдігінде Ақтау Эко-қаласын салу және қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды, - деп хабарлады 7292info.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Келісім Ұлыбританияның «Global Project Capital Ltd», AAG Corporate Service Ltd компанияларының, China Road and Bridge Corporation (CRBC) (ҚХР және Гонконг) және Маңғыстау облысы әкімдігінің арасында жасалды.
Аймақ басшысы облыстың экономикалық дамуының басым бағыттарына тоқталып өтті. Олар - көлік және логистика, құрылыс, туризм, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ теңіз бағытының дамуында жетекші рөл атқаратын мұнай кен орындарының қызмет көрсету саласы.
Тараптар Маңғыстау облысындағы Ақтау эко-қалашығының ірі жобасын әзірлеу үшін құрылыстың бас мердігерін және қаржыландыру құрылымын тағайындайды. Келісімге сәйкес, инвестиция көлемі Ұлыбритания тарапынан жоба қаражатының 100 пайызын, яғни 2,1 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаражатты, ал қытайлық тарап 400 миллион долларға банктік кепілдікті қамтамасыз етеді.
Эко қалашықты салу үшін Маңғыстау облысының әкімдігі облыс орталығының солтүстік бөлігінен 865 гектар жер бөледі. Мұнда қолжетімді баспана, коммерциялық және сауда орталықтары, мектептер, балабақшалар мен медициналық орталықтар салынады.
"Сонымен қатар, IT парк, қонақ үй брендтері, спорттық стадиондар, ойын-сауық мекемелері және түрлі мемлекеттік қызметтер, заманауи энергетикалық/экологиялық таза технологиялармен тасымалдау қызметтері көрсетілетін эко-қала әлемдік саяси аренада еліміздің беделін өсірген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жалғасы болмақ. Ақтау қаласының әкімдігі инфрақұрылымды, оның ішінде жолдарды, энергиямен жабдықтауды, кәрізді және сумен қамтамасыз етуді өз міндетіне алады", - деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.