Өткен жыл Жаңаөзендегі темір жол өткелінде болған апат қанша адамды ажал құштырып, көптеген отбасыны қара жамылдырды. Біреу бауырынан, біреу атасы-анасынан айрылып, өзегі өртенді. Қазір көптің көкейінде бір сұрақ болса, ол: "Кім кінәлі?"
Мұның жауабын құзырлы органдар берер. Қалың елдің қабырғасын қайыстырған оқиға әлі де тергеп-тексерілуде. Біздің айтпағымыз не? Өңірдің 2011 жылдан бергі статистикасына сүйенсек темір жол өтпелеріндегі жол-көлік оқиғасы 2011 жылдан бері (2015 жылы - 0) жылына 1 немесе 2 рет кездесіп отырса, 2017 жылы тіпті артқан. 2013 жылғы және былтырғы 25 қарашадағы жағдайлар адам өліміне дейін алып келген. Ендеше, неге солай болды, себеп не? Тағы да қайталанбауы үшін не істеу керек? Орны толмас өкінішке дейін жеткен өткелдегі жол ережесін бұзушылықты қалай болдырмауға болады және оған байланысты қандай жұмыстар қолға алынды? Осы сұрақтармен Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау учаскесі бойынша аймақтық бас ревизоры Болат Дүйсәлиев пен Маңғыстау магистральді желі бөлімшесі директоры Мұхтар Бақтыгереевке хабарласқан едік.
"Осы түйткіл бүгінде маңғыстаулық теміржолшылардың басты мәселесінің біріне айналды. Сондықтан теміржолшылар көлік жүргізушілерінен бір нәрсені: теміржолдан, соның ішінде темір жолдағы ең қауіпті аймақ - өткелден өтерде қаншалықты асығыс болса да жан-жағына аса мұқияттылықпен қарап, пойыздың жоқ екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана жүруін сұрайды. Теміржолшылардың осы жанайқайы автокөлік тізгіндеушілерге жетіп, олардың да, өзгенің де өміріне қауіп төнбесе екен", - деген Болат Аманжолұлы былтырғы өткел апаттары туралы білгендерімен бөлісті. Оның сөзінше 2017 жылғы теміржол өткеліндегі бірінші жол-көлік апаты - 6 қазанда Шетпе-Маңғыстау телімінде 305 шақырымда ПЧ-13 мекемесінің жұмысшылар таситын көлік мен автокөліктің соқтығысуы.
[caption id="attachment_46373" align="alignleft" width="210"] Болат Дүйсәлиев[/caption]- Бағдаршамда қызыл жанып, дабыл жүйесі қосулы тұрса да жүргізушілерге әдет болып кеткен бе, өткел алдында тоқтайды да жан-жағына қарамай жүруін жалғастыра береді. Әлде олар басқа бір нәрсені ойлап келе жатады. 6 қазандағы жағдайға себепші көлік жүргізушісі де тоқтағанымен темір жол жаққа назар аудармай, қайта жүріп кеткен. Аялдаған көлікті көрген дрезина машинисі, оның қайта қозғалып жатқанын ғана байқап қалады. Шұғыл тежеу берсе де, тоқтап үлгермейді. Жай жылдамдықпен келіп соғады. Сондай тағы бір жағдай "Бастау – Өзен" арақашықтығында 181 шақырымда пк 8 орналасқан күзетпелі өтпеде Бопай станциясынан келе жатқан №4881 пойыз тепловозының 13 адамдық "Газель" маркалы жол көлігімен қақтығысуынан болды. Бұл жерде айта кететін жайт, өткелдегі автоматты ескерту жүйесі пойыз 1000 метр қашықтыққа келгенде қосылып, 13 секундтан соң шлагбауымның түсетіні. Оның түсуіне шамамен 2 секунд уақыт кетеді. Қызыл шырақ жанып, белгі беріледі. Солай болса да, машинистің айтуына қарағанда Газельдің алдындағы екі темір тұлпар да өткелден өтіп кетуге асыққан. Екеуі үлгеріп, үшіншісі - газель жетіспейді. Машинист жедел тежеді басады. Дегенмен жағдай бақылаудан шығып кеткен еді. Соның кесірінен 9 адам өмірден өтті. 8 кісі жансақтау бөліміне жеткізіліп, тағы бірнешеуі әртүрлі жарақатпен травмотолигия бөлімінде жатты. Жол қозғалысы ережесін ескерсек бұл жерде автокөлік жүргізуші тиісті заңдылыққа бағынбаған. Көп жағдайда солай болып жатады. Жол жүру ережесінің 15 пункті бойынша дабыл жүйесі қосылса автошлагбаум түссін-түспесін тоқтау керек. Әлде жүргізушілер тиісті ережені дұрыс білмей ме, елемей ме, өзінің және басқа адамдардың өмірін қауіпке тігеді, - деген Б.Дүйсәлиев автокөлік егер өткелдің үстіне келіп бұзылып немесе батып, жүрмей қалса, бұл мәселеден де шығуға болатыны айтады. Яғни мұндай келеңсіздік туындай қалса шлагбауымды түсірмей машинаны өткізіп жіберуге немесе қажет болса пойызды тоқтата тұруға арналған тетіктер де бар көрінеді. Жаңаөзендегі оқиғаға байланысты сондай қажеттілік болды ма, жоқ па, оның анық-қанығы зерттелуде.
2017 жылғы теміржол өткеліндегі жол-көлік оқиғасы мұнымен де бітпеді. Жаңаөзендегі көлік апатынан кейін араға 4 күн салып, тағы да дәл сол жерде қайталанады. Бас ревизордың айтуынша бұл жағдайда да дабыл жүйесі қосулы тұрған. Тепловоз өткелге 1000 метр жақын келгенде шлагбаум түсіріле бастаған. "Егер локомотивтің жылдамдығы шамамен 60 км/сағ десек, онда ол өткелге небәрі 1 минутта жетеді. Өткелден асығып өтпек болған эвакуатор жүргізушісі осы уақытты пайдаланғысы келген. Нәтижесінде шлагбаум машинаның үстіне түсіп, майысып, сынған. Абырой болғанда адамдар аман. Эвакуатор жүргізушісі өз жолымен қаша жөнелген. Ал 5 желтоқсанда сағат таңғы 06:35 минутта Маңғыстау станциясында "Темір жол сервис" ЖШС-нің өткелінде болған жол ережесін бұзушылық оқиғасы вагон құрастырушының өміріне қауіп төндіруге дейін жеткен. "МКДСМ" АҚ мекемесіне вагон жіберу үшін алдындағы екі вагонды тепловоз итеріп келіп өтпенің алдында тоқтайды. Вагон құрастырушы түсіп, өткелді қарап, тетікті қосып, бағдаршамның қызыл жарығы жанады. Өзі өтпенің арғы жағына шығып, жүруге команда беріп тұрғанда Митсубиси Паджеро маркалы жеңіл автокөлік жоғары жылдамдықпен маневр жасап өтіп, вагон құрастырушыны басып кетуге шақ қалған. Осыған қарап кейбір автомобиль жүргізушілері заңға бағынғысы келмейді, әлде ережені мүлде білмейді деуге болады. 25 қарашадағы Теңге кентіндегі оқиғада жүргізуші өзбекстандық азамат екен. Өзбекстанның жол жүру ережесі біздікімен бірдей ме, жоқ па, осы ойлантады", - дейді ол.
Демек енді мұндай апатты оқиға болмау үшін не істемек керек, бұған Б.Аманжолұлы: "Темір жол басшылығы қауіпсіздікке көп көңіл бөлуде. Барлық жерге автоматтандырылған жүйе енгізіліп, республикалық маңызды өткелдерге шлагбаум, узп, өткел кезекшісін қойған. Дегенмен Қазақстан бойынша өткелдер көп болғандықтан қол жетпей тұрған тұстар да бар. Яғни бұл мәселені қазірге өзге де құзырлы мекемелер арқылы шешуге болады. Өйткені көп жерлерде теміржол өтпесінен өтетін көліктің басым бөлігі автокөліктер. Сондықтан автомобиль жол қатынасын реттейтін органдар немесе жергілікті билік тарапынан да өткелдегі жол-көлік апатының көбею мәселесіне көңіл бөлініп, шешу жағы қарастырылса. Егер бейнебақылау немесе автожолдарда жылдамдықты асырған машиналарды суретке түсіріп тұратындай құрылғы қойылып, тәртіп бұзған жүргізушінің айыппұл төлейтіні жайында үйіне хабар жетіп тұратын болса, онда ол екінші рет ойланар еді. Ең болмаса бұл құрылғылар республикалық маңызды жолдардағы өткелдерге орнатылса көп пайдасы тиеді. Себебі сондай аппарат орнатылғандықтан қазір жолда сақтану белдігінсіз немесе жарығын жақпай жүретін жүргізушілер жоқтың қасы. Бүгінде біз осы мәселемен шұғылданып, тиісті орындарға хабарласудамыз. Сонымен қатар жекеменшік мекемелерге тиесілі өткелдерді де бақылауға алып, өз категориясына байланысты белгі жүйесін, шлагбаум, кезекші, қажет құрал-жабдықтарын қою туралы жұмыстанудамыз", - десе, бейнебақылау мәселесі биылдың жоспарына енгізіліп жатыр деген Маңғыстау магистральді желі бөлімшесінің директоры Мұхтар Бақтыгереев темір жол өтпесіндегі жол-көлік апатының қауіпті дұшпанға айналып бара жатқаны соншалық, соның кесірінен соңғы бес жылда Маңғыстау магистральді желі бөлімшесі көлемінде 11 адам қаза тауып, 29-ы зардап шеккенін айтып ашынды.
Осы аталған жол-көлік апаттарына теміржолшылардың жасаған талдауын негізге алсақ, барлық жағдайдада темір жол қондырғылары ақаусыз жұмыс істеп тұрған. Солай болса да жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында магистральді желі көлемінде бүгінде біраз жұмыстар қолға алынған. «Теміржол өтпесі – қауіптілігі жоғары аймақ!» атты айлық өткізілген. Айлық барысында облыс көлемінде елдімекендер мен теміржол өтпесінен көліктері өтетін мекемелер арасында
[caption id="attachment_46372" align="alignright" width="224"] Мұхтар Бақтыгереев[/caption]түсінік жүргізілген. Автокөлік тізгіндеушілерге жол қозғалысы ережелері таныстырылған. Мұнайлы, Бейнеу, Маңғыстау аудандары мен Жаңаөзен қаласының әкімдіктерінің, Маңғыстау облысы бойынша көліктікбақылау инспекциясының және ішкі істер департаментінің өкілдерімен бірлесе күзетпелі теміржол өтпелерінің жағдайы 2013 жылы 13 желтоқсанда шыққан №1627-ЦЗ нұсқама талаптарына және техникалық-эксплуатация ережелеріне сәйкестігі тексерілген. Тексеру барысында табылған кемшіліктер бойынша іс-шара ұйымдастырылып, белгіленген мерзімінде орындалған. Осы жөнінде хабарлаған М.Бақтыгереев:
- Темір жол өткелдерінің жол белгілері мен дыбыс беру жүйесі толықтай жұмыс жасап тұрғанымен, автокөлік жүргізушілері бұған бағынбай, "Жол қозғалысы ережелерінің" 15.1 және 15.2 пунктерін өрескел бұзуы салдарынан жол-көлік оқиғаларының орын алуына себепкер болып отыр. Осы көрсетілген ереженің пункттерін бұзғаны жөнінде 2017 жылы Маңғыстау облысы ішкі істер департаментіне 27 хат жолданды. Сондықтан барлық жүргізушілерге Жол қозғалысы ережелерінің аталаған пунктерін тағы да еске саламыз. 15.1 – Көлік құралдарының жүргізушілері теміржол жолдарын поездға (локомотивке, дрезинаға) жол бере отырып тек қана теміржол өтпелері бойымен кесіп өте алады. 15.2 – Теміржол өтпесіне кіру жолында жүргізуші жол белгілерінің, бағдаршамдардың, таңбалаудың талаптарын, шлагбаумның орналасуын және өтпе бойынша кезекшінің нұсқауын басшылыққа алуға, және бұдан басқа, жақындап қалған поездың (локомотивтің, дрезинаның) жоқ екендігіне көз жеткізуге міндетті, - дейді.
Сондай-ақ М.Бақытұлы темір жол өтпесіне байланысты кейбір нәрселер туралы түсінік берді: "Маңғыстау магистральді желі бойынша барлығы 61 теміржол өтпесі бар, олардың ішінде күзетпелі өтпенің саны – 5, күзеті жоқ өтпелер саны - 56. І санатты – 1 өтпе, ІІ санатты – 2 өтпе, ІІІ санатты – 1 өтпе және ІV санатты – 57 өтпе. "Маңғыстау – Өзен" арақашықтығындағы 4 теміржол өтпесінен басқа барлық өтпелер автоматты өтпе бағдаршамының дабылымен қамтамасыз етілген. Автоматты өтпе бағдаршамының дабылы - темір жол өтпесі арқылы көлік құралдарының жүруі жол өтпесін көлік құралдарынан алдын ала босатуды қамтамасыз ететін, қашықтықта пойыз жақындаған кезде автоматты түрде қосылатын және пойыз өткеннен кейін автоматты түрде өшірілетін екі қызыл, кезекпен жыпылықтаған сигналдармен қамтылған арнайы өту дабылының жүйесі. Пойыз жақындау учаскесіне кірген кезде автомобиль жолына қарай бағдаршамдарда жыпылықтаған қызыл сигналдар және өтпе арқылы қозғалысқа тыйым салу сигналдар қосылып, шлагбаумдардың білеулері жабық (көлденең) жағдайға автоматты түрде 13 секунд ішінде түседі. Шлагбаумдардың білеулері ашық (тік) жағдайға сонымен қатар пойыз өтпені босатқаннан кейін автоматты түрде көтеріледі.
Өтпені қоршау құрылғысы – пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін арттыру және автокөлік құралдарының қоршау өтпесінің аймағына санкцияланбаған кіруін болдырмау мақсатында, автомобиль жолы қозғалысының жолақтары бойынша реттелетін өтпелердің механикалық қоршау құрылғысы. Бұл құрылғы магистральді желі бойынша Өзен – Болашақ арақашықтығындағы 179 және 181 шақырымдарда орналасқан".
Р.S. "Жол мұраты - жету". Бірақ қалай жету? Жоғарыдағы деректерге сүйенсек, жету дегеннің өзі оңайға соқпай тұрған түрі бар. Өкінішке орай сондай себептермен қанша адамның осы бір мұраты орындалмас арманға айналып жатқан жоқ па?! Бәрінен де аяныштысы кімнен болса да біреуден кеткен бір ғана қателіктің талай жанның тағдырын талқандап, өмірін өксітетіні. Ал сіз жолға шығарда осыларды ойлап көрдіңіз бе?
Шахида ЖҰМАНОВА
Тағы оқыңыз: Несиесін төлей алмай жүрген борышкер нені білуі керек