©
Бата-батиқа-Фатиха — халқымыз қастерлеген асыл сөздер. «Бата» сөзі бастау алған «Фатиха» — Құран Кәрімнің алғашқы сүресі, яғни беташары, сөз басы деген ұғым береді. Ата дінін ардақтаған қазақтың ақсақалдары жаңа бір істі қолға алған кісіге, жұбайлық өмір жолын бастаған жастарға, түрлі жаңалық-қуаныштарда ақ тілегін айтып, оны «бата» немесе «батиқа» беру деп атағаны баршаға аян. Ақ бата алған адамға рухани қуат дариды, жақсылыққа жол ашады деген сенім бар.
Өткен жылдың аяғында қолымызға мемлекет және қоғам қайраткері, маңғыстаулық Өмірзақ Озғанбаевтың «Бата дарып, бақ қонсын» атты жаңа кітабы тиді. Автор ұлан-байтақ даламыздың әр қиырын жайлаған өнегелі, өрісті батагөй қарттардың аузынан шыққан ұлағатты, аталы сөздерін жинаған екен және баталар салаланып, алты бөлімге бөлінген.
Кіріспесі «Жауынменен жер көгерер, батаменен ер көгерер», - дейді бабаларымыз», деп басталған баталы сөздер жинағы халқымыздың әріден келе жатқан асыл сөздеріне толы. Қалың көпшілікке арналған бұл кітаптың жас ұрпақты ұлтжандылыққа, ата-баба дәстүрінен сусындауға тәрбиелеуде мол үлесі болмақ.
«Бата дарып, бақ қонсынмен» қатар ғалымның «Жайсаң жандар» кітабы да жарыққа шықты. Онда тарихшы Ө.Озғанбаевтың қазақ зиялылары жөнінде жазған ой түйіндері топтастырылған.
Кітаптың «Қазына болған халқына» деген бірінші бөлімі басталған «Дүлдүл ақын, дара сандуғаш» мақаласы халқымыздың текті қызы Фариза Оңғарсыноваға арналған. Одан кейін біздің облысымызды бірнеше жыл басқарған Қырымбек Көшербаевтың атасы Көшербай әулеті жайында сыр шертеді. Мұның соңы осы Сыр елінің Сейілбек Шаухаманов, Ыдырыс Қалиев сынды мақтан тұтар перзенттері туралы әсерлі әңгімелермен өрілген.
Жетісу жайсаңдарына қарай ауысқан тұсында оқырман «Қара өлеңнің қызыл желі, айтыстың ақтаңгері» аталып, М. Әуезов «айтыс өнерінің алтын діңгегі» атаған Сүйінбай Аронұлымен «сырласады». Сондай-ақ осы бөлімде Жетісу өңірінің белгілі азаматтары Серік Әбікенұлы, Амандық Ғаббасұлы, кәсіпкер Сыдық Дәулетов бейнелері арқылы адамгершіліктің, өнегелі істер мен ерен еңбектің озық үлгісі тамаша суреттеліпті. Өнерлі өңірдің өнерпаздары да ғалым қаламынан тыс қалмаған.
Автор өзінің туған жерінің азаматтарына арналған «Маңғыстау маңғаздары» бөлімін «Егделерге пана, кенжелерге аға» әңгімесімен бастаған. Оның бас кейіпкері—өңіріміздің үлкен-кішісіне танымал Бектұр Төлеуғали. Мақаланы оқығанда Бекеңнің азаматтық бейнесі барынша ашып көрсетілгеніне көз жеткізесіз. Маңғыстаулық Қалмырза Жұмалиев жайында нанымды жазылған әңгімеде ол кісінің өмір жолымен қатар өткеннің қызықты тарихына тап боласыз. Жалпы, кітаптың өн бойы халқымыздың бүгінгі маңдайалды азаматтары туралы сырлы туындыларға тұнып тұр.
Өмірзақ Озғанбаев 2015 жылы Меккеге барып, мұсылманның бес парызының бірі—қажылық парызын орындап қайтты. Иісі мұсылманға арман болған бұл қасиетті сапарда көрген-білгендері мен көкейге түйгендерін, қажылықты атқару барысында орындалған рәсімдерді баяндаған төрт мақаланы тамсанбай оқу мүмкін емес. Еліміздің жайсаң жандары жайлы толғаған кітап осылайша тәмамдалады.
Бірінен соң бірі жарыққа шыққан кітаптардың үшіншісі - «Мақтанышы елімнің» деп аталады. Халқымыздың атақты тарихи тұлғаларымен қатар заманымыздың беткеұстар азаматтары туралы жазылған бұл еңбек «Тұлғалар», «Атамекен», «Қарты бар ел...» деген үш үлкен тараудан тұрады.
Әлқиссасы халқын сөзге ұйытып, ерте білген заманымыздың заңғар тұлғасы Әбіш Кекілбаевқа арналған кітапта жыр сүлейі Қашағанға да, Маңғыстаудың нар тұлғасы Нәсібқали Марабаевтың өмірлік жары Ләйләға да ойып тұрып орын берілген.
Еліне пайдасы тиген өз жақсы-жайсаңдарымызды ұлықтап, солардың өмір жолдарын келер ұрпаққа өнеге ретінде ұсыну мақсатында жарық көрген үш еңбек те бүгін-ертең қалың оқырманның қолына тиіп қалар. Біз тек қайсы кітаптың не туралы екендігінен қысқаша ақпарат бердік, ал талғампаз оқырман жаңа шығармалардың тиісті бағасын бере жатар.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА