©
«Адамның бір қызығы бала деген»... Расында, осы "бір қызық" болмаса, бар қызық ешкімнің көңілін жұбата алмасы анық. Жөргек иісін аңсап, «әлди» айтып отырар күнді армандап жүрген жұбайлар - осының дәлелі. Маңғыстауда бір жылдан бері «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» жұмыс істеп келеді. Бір жыл ұзақ мерзім болмаса да, орталықтың бала асырап алушы ата-аналарға көрсеткен қолдауы орасан зор. Бүгінге дейін бірнеше ерлі-зайыптының сәбилі болуына, ата-ана атануына түрткі болды. Бұл жайлы кеңірек біліп, орталықтың жұмысымен жақынырақ танысу үшін әрі өзге ата-аналардың да қаперінде жүрсін деген ниетпен орталық психологы Смайылова Гүлмира Аманбайқызымен тілдескен едік. - Қайырлы күн, Гүлмира ханым. «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» қай уақыттан бері жұмысын жасап келе жатыр? - «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы» 2016 жылдың 1 маусымынан бері жұмыс істеп келеді. Орталықта маман – Абишева Э.М. қызмет атқарады. Мен психологпын және алдағы уақытта қатарымызға заңгер қосылады. Бір жылдың ішінде Қазақстан бойынша әр қаладан 17 орталығымыз ашылды. Біздің жұмысымыз – бала асырап аламын деп келген ата-аналарға ақпарат беру. 1422 нөмірлі сall-center бар. Бұл желі теледидарда, аялдамаларда, қоғамдық көліктердегі жарнамаларда көрсетілген. Сall-center Астана қаласында орналасқан. Олар қоңырауларды қабылдап, тұрғындардың қай өңірден хабарласып тұрғанын анықтайды. Мәселен, Ақтау қаласының тұрғыны болса, оны бізбен байланыстырады. - Осы уақыт аралығында қанша қоңырау келіп түсті? - Бір жылдың ішінде 200-ден астам қоңырау келді. Оның 83-і осы 2017 жылдың еншісінде. - Хабарласқан кезде ата-аналар алдымен не сұрайды? Қандай сұрақтарды жиі қояды? - Бірінші сұрап білгісі келетіні –«Біз бала асырап алайық деген едік. Мәліметті қайдан алуға және қай жерге құжат тапсыруға болады?» Ең алдымен осыны сұрайды. Жаңағы айтқан call-center арқылы байланысып, кеңес беру уақытын белгілеп, барлығын түсіндіреміз. Қандай құжаттар керек, қай жерге бару керек дегендей. Және біздің орталығымызда «Бала асырап алушы ата-аналарға арналған мектеп» бар. Мен сол мектепте ата-аналармен тығыз қарым–қатынас жасай отырып, сабақ жүргіземін. Сабақ 12 тақырыпты қамтиды. Оны ата-аналар 2 айдың көлемінде аяқтап, сабақ соңында сертификат иеленеді. - Ата-аналардың бала асырап алу үшін бұл мектептен өтуі міндетті ме? - Әзірге олай айта алмаймыз, ол болашақтын еншісінде. Жалпы бұл мектептен өткені дұрыс. Көрші Ресей елінде «Асырап алушы ана-аналар мектебін» үміткерлер міндетті түрде өтеді. Мұны екінші жетімдіктің алдын алу мақсатында өткізіліп жатқан шаралардын бірі деп есептеуге болады. Одан өтпеген ата-аналар ертеңгі күні көптеген киыншылыққа кезігуі мүмкін. Қазіргі таңда Қорғаншы және қамқоршылық органы үміткерлерге «Асырап алушы ана-аналар мектебін» тек ұсыныс ретінде береді. Егер де әр асырап алушы ата-ана дайындықтан өтсе, асырап алған баланы мекемелерге кері қайтару мәселесі көтерілмес еді. Және асырап алушы ата-аналарға бұл мектептің психологиялық тұрғыдан көмегі қажет екеніне де көз жеткізіп отырмыз. - Сабақ барысында не оқытылады? -Балалар үйіндегі баланың психологиялық ерекшелігі болады. Онымен тілдесу үшін қисынын таба білу керек. Неге? Себебі оның жан дүниесі сәби кезінен жараланған. Сондықтан үлкендерге әрқашан сенімсіздікпен қарайды. Мысалы, 9-10 жастағы баланы нәресте кезінде тастап кетті делік, ол ес білгелі балалар үйінде тәрбиеленіп келеді. «Біз сені өз отбасымызға алғымыз келеді» деп асырап алуға келген ата-анаға да күмәнмен қарайтын болады. Себебі ең алғаш рет оның туған анасы одан бас тарқан. Баланың ең алғашқы сәби күнінен алған бауыр басу жарақаты бар. Көбіне ата-аналар кішкентай, бір жасқа дейінгі балаларды асырап алғысы келеді. Ал 9-10 жастағы балаға бүйрегі онша бұрмайды. Осының барлығы жинала келіп, баланың жан дүниесін жарақаттайды. Бала өзін ешкімге қажетсіз санайды. Ол баланың кінәсі не? Дүниеге келгендігі ме? Осының бәріне ата-аналар дайын болуы керек. Баламен ортақ тіл табыса білуі керек. Сабақ барысында осындай жағдайларды ашып, тренингтер жасалып, асырап алушы ата-аналар толықтай әзірліктен өтеді. - Қанша ата-ана «Асырап алушы ата-аналар мектебін» аяқтады? - Бүгінге дейін 33 ата-ана сертификатқа ие болды. - Хабарласқан ата-аналар «Маған осындай жастағы бала керек» деген талап қоя ма? Көбіне қай жастағы бүлдіршіндерге сұраныс бар? - Әрине. Көбіне бір жасқа дейінгі балаларды алғысы келеді. Негізінде жас, дүние есігін жаңа ашқан сәбилер өте аз. Интернаттық мекемелердегі балаларды да отбасына алуға болады ғой. Олар да жан жылуына, қамқорлыққа, отбасылық мейірімге зәру. Егер асырап алса, ол бала да жаңа отбасыға сіңісіп кете алады, көзқарасы да өзгереді. Біздің мақсатымыз – осыны түсіндіру. - Яғни, сіздер ол кісілерге үлкен жастағы балаларды асырап алуды ұсынасыздар ғой? - Жаңа айтқан 12 тақырыптан тұратын сабақта барлығы түсіндіріледі, айтылады. Баланың туылғаннан немесе балалар үйіне келгеннен осы уақытқа дейінгі сипаттамасымен танысады. Соны түсінгеннен кейін алдағы күні бәрібір де ойланады. Шынында жаңа туылған сәби аз. Бәріне бірдей жетпейтінін ұғынады. Балалар үйіндегі 4-5, 7-8 жастағы бүлдіршіндер де отбасында өскісі келеді. Бір күн болмаса бір күні ойланып, шешім қабылдап жатады. - Асырап алушы ата-аналар кейін мәселе туындап жүрмес үшін балалардың дені сау, жағдайы жақсы екеніне қалай көз жеткізеді? - Баланы алатын кезде олар тексерістен өткізуге құқылы. Баланың жағдайымен, денсаулық кітапшасымен таныса алады. Денсаулығында ақауы бар баланы да асырап, емдетіп, адам қатарына қосуға болады. Алматы қаласында мынадай жағдай болды. Балалар үйіндегі 11 жастағы бала әлсіз, үнемі жата беретін селқос еді. Ата-ана сондай екенін білсе де оны асырап алды. Дәрігерлермен кеңесті, баланың денсаулығы жөнінде сөйлесті. Мамандар жұмыла жұмыс жасаса жазылып кетуге мүмкіндігі мол екенін айтты. Сөйтіп ол ата-ана баланы отбасына қабылдап, балаға үлкен мүмкіндік пен жаңа өмір сыйлады. - Үлкен балаларды асырап алуға жағдай жасаймыз дедіңіз, ол қай жастағы балалар? - Маңғыстау облысы бойынша жетім балалар көп емес. Бар болғаны балалар ауылы, сәбилер үйі және психо-неврологиялық орталықтағы бүлдіршіндер. Психо-неврологиялық орталықтағы балалар ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Оларды ешкім іздеп келмейді. Ата-анасы ауру болғандықтан олардан сәби кезінен бас тартқан. Тіпті олар ата-ананың не екенін де білмейді. Әр барған үлкен адамға жәутеңдеп, көзін сүзіп қарайды. Ондай туабітті науқас балалар 4 жасқа дейін сәбилер үйінде болады, одан соң психо-неврологиялық орталыққа өтеді. - Орталық ашылғалы қанша ата-ана балалы болды? - Қазіргі таңда екі асырап алушы ата-анамыз бар. Ал 4 ата-ана қамқорлыққа алып отыр. - Қанша дегенмен өзге баланы бауырына басқанда үйренісу қиын ғой. Олардың жағдайы қалай екен қазір? Ешқандай қиындық туып жатқан жоқ па? - Жоқ. Ешқандай мәселе жоқ. Біз ондай жағдайдың алдын алуды да қарастырғанбыз. «Асырап алдыңыз, осымен бәрі бітті» деп қоя салмаймыз. Олармен 3 жылға дейін байланыста болып, сол отбасыға қолдау көрсетеміз және сүйемелдейміз. Өйткені бала жаңа отбасыға сіңісіп бейімделуі керек және сол отбасын өзіне қабылдауы керек. Жалпы асырап алғандағы алғашқы 6 ай – адаптация, яғни бейімделу кезеңі. Ол кезеңде ата-ана бәріне көнеді, төзеді. Өйткені «Мен мына баланы асырап алдым ба?» деп, өміріндегі өзгеріске сеніңкіремей жүреді. Ал 6 айдан соң баланың кемшіліктерін байқай бастайды. Бірде өзі, бірде бала ондай жағдайларға дайын болмай қалады. Балада «Менің әрекеттерімнің бәріне көне береді, мен енді былай жасап көрсем болады екен ғой» деп, еркінсіп, нәтижесінде неше түрлі түсініспеушіліктер орын алуы мүмкін. Бала аяғыңызды басып кеткенде ауырғанын байқатсаңыз, ол оны түсінеді, ал үндемей, күліп отыра беретін болсаңыз, ол ұрған үстіне ұра береді. Себебі кішкентай бала «ауыру» дегеннің не екенін білмейді. Сондықтан ата-ана мен бала бір-біріне бейімделу керек. Ол үшін уақыт қажет. Жалпы бір жылдан соң байқала бастайды. Біздегі қазір бала асырап алған ата-аналарда алғашқы адаптация кезеңі. Алғашқысы өткен жылдың қазан айында алды. Әзірге ешқандай мәселе туындай қойған жоқ. Дегенмен кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Ондай жағдайда бірден бізбен байланысады. Бізде арнайы мамандар, психологтар бар, солар жұмыс істейді. - Ал асырап алушы ата-аналардың жасына шектеу қойыла ма? - Жоқ, қазіргі таңда шектеу қойылмаған. Дегенмен жасы келген кісілерге жаңа туылған баланы берсек, өзіңіз ойлаңыз, қай уақытта жетілдіреді? Сол себептен кішкентай баланы жас отбасылар алса дейміз. - Басқа қандай талаптар қойылады? - Асырап алуға, патронаттық тәрбиеге, қамқорлыққа алуға, әрқайсысына қажетті құжаттар жиынтығы бір-біріне ұқсас. Тұрмыс жағдайы анықталады, сотталмағандығы жөнінде, медициналық анықтама қажет. Бір жылдық айлық көрсеткіші өзіне де баласына да жеткілікті болуы керек. Жақындарының (2-3 адам) жазбаша түрде келісімі қажет. Сондай-ақ, айта кетерлігі, бұрын бала тек жеке үйі бар адамдарға берілетін еді, ол шарт алынып тасталды. Қазір үй жалдап тұратын ата-аналар да бала ала алады. - Құжат тапсырғаннан кейін қанша уақыт күтеді? Мәселен, сіздердегі ата-аналар қанша уақыттан кейін балалы болды? - Шамамен құжаттарды жинауға бір жарым ай кетеді. Осы кезде сабақты да оқи берулеріне болады. Сабақ сәрсенбі және сенбі күндері сағат 13:00-16:00 аралығында өтеді. Баланы қамқорлыққа комиссияның шешімі бойынша, патронаттық тәрбиеге келісім шарт бойынша алуға болады. Ал асырап алған кезде сот шешімі арқылы жүзеге асады. Патронаттық тәрбиеге 1-ден 4 балаға дейін ала алады. Оған арнайы жеңілдіктер, айлық төленеді. Қамқоршылыққа алғандарға да жеңілдік беріледі. - Жоғарыда айтып кеткен балалар ауылы, сәбилер үйінде барлығы қанша бала бар қазір? - Сәбилер үйінде 15-16 бала тұрып жатыр. Олардың ішінде асырап алуға берілетін балалар саны өте аз. Себебі қалғандары «Үміт» тобы бойынша уақытша орналастырылған. Ата-аналары уақытша өткізіп қойған, кейін өздеріне қайта ала алады. Ал балалар ауылында 40-50 бала бар. Онда көпшілігі 14-18 жас аралығындағы ержетіп қалған балалар. Психо-неврологиялық орталықта 25-30 бала бар. - Асырап алуға ниетті ата-аналар қай өңірлерден хабарласады? - Ақтау, Маңғышлақ, Жаңаөзен, Қызылтөбе т.б. Жалпы облыстың түкпір-түкріпінен бар. - Ал асырап алғандар қай өңірлерден? - Екі-үшеуі Ақтаудан, Бейнеу, Жетібайдан. - Ал шалғайдағы ауыл тұрғындарына сіздер жайлы ақпарат қолжетімді ме? - Міне, біздің алда тұрған жоспарларымыздың бірі – алыстағы ауыл, аудандарға арнайы іссапарға шығу. Асырап алушы ата-аналарға арналған сабақты өзіміз барып оқытуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, Бейнеу ауданының тұрғындары бізге келе алмайды. Сондықтан өзіміз барып, кеңес беріп, сабақ өткіземіз, сертификат береміз. - Мысалы деп айтып көрелік, ата-ана баланы асырап алғаннан кейін оны қайтарғым келеді десе, қандай шаралар қолданасыздар? - Барынша оның алдын алуға тырысамыз. Неге арнайы мектептен өткіземіз? Олар қайда келіп, қандай қадам жасап жатқанын түсіндіру үшін. Бала жаңа отбасыға осы уақытқа дейін жинаған өз «жүгімен» барады. Өзіндік болмысы, мінезі, көзарасы болады. Тіпті, дүние есігін жаңа ашқан нәрестеде де мінез бар. Сол секілді сырттан келген бала өз ерекшелігімен, өмір жолымен келеді. Біз оны сол күйінде қабылдай білуіміз керек. - Жалпы бұл орталық қалай қаржыландырылады? - Бізде екі жоба бар. Алғашқысы – «Ана үйі». Ол қиын жағдайда қалған жас аналарға, қыз-келіншектерге қол ұшын беру мақсатында жұмыс істейді. Сәбидің өз отбасында қалуына, анасымен бірге болуына жағдай жасаймыз. Еліміздің барлық қалаларында «Ана үйі» бар. Екінші жобамыз осы – «Бала асырап алуға қолдау көрсету орталығы». Бұл да еліміздің барлық қаласында ашылған. Жалпы бұл отандық іскер адамдардың жобасы. Бізде демеуші жоқ, меценаттар қаржыландырады. 17 меценатымыз бар. - Әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31607,31606,31605,31604"]