Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында топтық төбелестер орын алып жатады. Жастарымыздың осындай бұзақылық іс-әрекеттерге баруына жол бермеу, түнгі мезгілде олардың көшеде жүруін бақылауға алып, қоғамдық тәртіпті сақтауын қатаң қадағалау жөнінде өткен аптада аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында жиналыс өтті. Жиналысқа аудан әкімінің орынбасалары Е.Күмісқалиев, Қ.Беков, Қарақия ауданының прокуроры, аға әділет кеңесшісі М. Жақаев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Сабытова, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментінің басшысының бірінші орынбасары А.Мұқашев, Құрық ауылының әкімі Қ.Құсайынов, аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Ж. Қалаубай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Бишенов, Құрық ауылының ардагер ұстазы А.Төлесбаева және бөлім басшылары қатысты. Жуырда Құрық ауылында келеңсіз оқиға орын алып, жастарымыздың топқа бөлініп төбелесуінің әсерінен бірнеше жігіт дене жарақатын алды. Жиналыста осындай бұзақылық іс-әрекетке барған жасөспірімдердің қоғамды қатты алаңдататыны және оны болдырмау, алдын алу жөнінде мәселе талқыға түсті. Басқосу барысында ата-аналарының балаларына баса көңіл аударып, олардың бос кезінде қандай істермен айналысатындығын мұқият қадағалап, мектеп әкімшілігімен тұрақты байланыс орнатуы жөнінде ақыл-кеңестер берілді. Тек осылай жасағанда ғана қылмыстың алдын-алуға мүмкіндік болатындығы айтылды. Сонымен қатар жиналыста мектеп қабырғасында жүріп бұзақылық жасаған оқушының тұрақты есепке қойылып, мүмкіндігі шектелсе бұл келеңсіз оқиғалардың алдын алудың алғышарты болып табылатындығы туралы ойлар ортаға салынды. Қатысушылар жастар болашағы, олардың отбасындағы алатын тәрбиесі, бос уақыттарын тиімді өткізу жайлы ой-пікірлерімен бөлісті. Жиын барысында ардагер – ұстаз А. Төлесбаева: -Қазіргі кезде осындай келеңсіз оқиғалардың орын алуына ата-аналардың кінәсі жетерлік деп есептеймін. Балаларына шетелдік қымбат көлік, ұялы телефондарды алып береді. Қымбат дүниеге оңай қол жеткізген соң жұмысы жоқ, уақыты көп, шектен тыс еркіндікте жүрген жасөспірімдеріміз осындай оқиғаға тап болып жатады. Сондықтан ата-аналармен басқосулар жиі ұйымдастырылса!-деді. Жиналыс қорытындысымен жасөспірімдер арасындағы қылмысты шектеу және олардың жат ағымдар арбауында кетіп қалмауын қадағалау жайы баса айтылды.
Майра Қуанышбайқызы