Маңғыстаулық белгілі бапкер Талғат Есекенов Бішкекте өткен Азия чемпионатында төреші қызметін абыроймен атқарып, дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші атанды. Жерлесімізге арнайы төсбелгі, сертификат пен дипломды дзюдодан Азия одағының рефери – директоры Такао Кологучи салтанатты түрде табыстады.
- Дзюдодан халықаралық дәрежедегі төреші атанғаныма өте қуаныштымын. 9-12 шілде аралығында Бішкекте халықаралық дзюдо федерациясына күрестің техникасы бойынша сынақ тапсырып, тесттан өттік. Одан бөлек ағылшын тілін қандай дәрежеде меңгергенімізді білікті мамандар жеке әңгімелесу арқылы тексерді. Бішкекте жасөспірімдер арасында өткен Азия чемпионатында төреші болып, 25 адам қосымша сынақ тапсырдық. Сыннан сүрінбей өткен, жақсы нәтижие көрсеткен сегізімізге жолдама берілді. Келесі күні жастар арасында ұйымдастырылған Азия чемпионатында төреші болып жұмыс істедік. Қойылған талаптарды жоғары деңгейде орындағандар халықаралық дәрежедегі төреші атағын иеленді,-дейді «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Жыңғылдыдағы филиалының бапкері Талғат Есекенов.
Талғат Есекенов спортқа 10 жасында келген. Бірнеше республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған ол 30 жылдан бері бапкерлікпен айналысады. Білікті бапкерден тәлім алған шәкірттері де республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, аймақ абыройын асқақтатып жүр. Отбасында жұбайы Гүлбағым да спорты жанына серік еткен. Ұлдары Қанатбек пен Саятбек спорт шеберіне үміткер, дзюдодан өткен облыстық жарыстардың жүлдегерлері. Бүгінгі таңда Талғат Есекенов «Жас батыр» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Жыңғылдыдағы филиалында бапкерлік қызмет атқарып, ауыл балаларын спортқа баулып жүр.
Венера МИРЛАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31169,31166,31168,31141"]