Маңғыстау облысы соттарында биылғы жылдың алты айында барлығы 20 334 іс қаралған. Оның ішінде қылмыстық – 998, әкімшілік – 8425, азаматтық – 10911 істерді құрап отыр. Салыстармалы түрде айта кету керек, өткен жылдың осы кезеңінде барлығы 18 073 іс қаралған болатын. Осылайша 2016 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда сот төрелігін жүзеге асыру сапасы 2,5 пайыздан 0,4 пайызға жақсарған. Алайда, кассациялық тәртіпте қайтарылған және өзгертілген сот актілері 2016 жылы 0,2 пайыз болса, биыл 1 пайызға өсіп отыр. Бұл жайында Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы бойынша өткізілген кеңейтілген кеңесте мәлімдеді.
Кеңес жұмысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының аппараты) басшысы Нұрсерік Шәріпов арнайы қатысты. Жиынды ашқан Жақсылық Аланов алдымен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында қойылған міндеттердің ұтымды түрде іске асырылып жатқанын атап өтіп, атқарылған жұмыстардың негізгі нәтижелерімен таныстырды. Ж.Аланов өз баяндамасында Маңғыстау облыстық соты биыл алғашқылардың бірі болып облыстағы жоғары оқу орны Ш.Есенов атындағы КМТжИУ-мен, облыстық адвокаттар алқасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, бірлестікте жұмыс жасап отырғанын да атап өтті.
- Халық арасында жүргізілген түсіндіру-насихаттау жұмыстары бітімгерлік тәртібімен қаралған істердің (медиация, партисипативтік келісім) көрсеткішін сақтауға оң әсер етті. Яғни, есепті мерзімде барлығы 666 іс (2016 жылдың І жж. - 750 іс) медиация институты арқылы реттелді. Оның 58-і бітімгерлікке келумен, 29-ы партисипативтік тәсілмен, 48-і судья-медиатордың көмегі арқылы аяқталса, «Дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін міндетті түрде реттеу» пилоттық жобасы аясында 165 дау-жанжал қаралып, шешілген,-дейді Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов.
Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев есепті мерзімде негізгі жұмыс азаматтық істердің сапасын арттыруға, талап арыздарды себепсіз қараусыз қалдыру фактілерін болдырмауға және азаматтық даулардың басым бөлігін сотқа жеткізбей бітімгершілік немесе медиация арқылы реттеу тәртіптерін халық арасында кеңінен насихаттап, түсіндіруге бағытталғанын айтты. Қылмыстық істер мен олардың санаттары туралы толық мағлұматты көпшілік назарына қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының төрағасы Ержан Қарабаев ұсынды.
- Облыс бойынша есепті мерзімде 1009 тұлғаға қатысты барлығы 872 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде сотталғандар саны – 697, бас бостандығынан айырылғаны – 185, шартты түрде сотталғандар – 49, қоғамдық жұмысқа тартылғаны - 100, бас бостандығынан шектелгені – 121 тұлға болса, 188 тұлғаға айыппұл салынып, 36 тұлға рақымшылық заңымен босатылды. Есепті мерзімде барлық қаралған қылмыстық істің 13,3 пайызы, яғни 116 қылмыстық іс медиация тәртібімен қаралған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 7,2 пайызды құраған болатын. Жыл басынан бері тергеу судьяларымен барлығы 815 сотқа дейінгі материал қаралып, 781-і қанағаттандырылған, 34-і қанағаттандырудан бас тартылған. Сотқа дейінгі тергеу және прокурорлар тарапынан жіберілген процессуалдық заңанама талаптары бұзылғандықтан, 20 жекеше қаулы шығарылған, - деді Е.Қарабаев.
Сондай-ақ жиында аймақтағы судьялар Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында сот жүйесінің алдына қойған нақты міндеттердің жүзеге асырылу барысын талқылады. Алдағы уақытта сот әкімшілігін реформалау, судьялыққа үміткерлерді іріктеу, бітімгерлік келісімдері мен сот ісін жүргізуде ақпараттық технологияларды кеңінен енгізу туралы жұмыс бағыттары айтылды. Кеңейтілген кеңес барысында сот әдебі комиссиясының, судьялардың іс-әрекетіне түскен арыз-шағымдар туралы жұмыс тобының, соттар әкімшісі басшысы мен бірқатар аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағаларының есептері тыңдалды.
Сот төрелігін жүзеге асыру жұмысымен танысқан департамент басшысы Н.Шәріпов Елбасының сот корпусының алдына қойған міндеттерін, Жоғарғы соттың жоспарлы жұмыстарын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын атап айтты.
- Соттардың имиджі мен тәуелсіздігін, сондай-ақ судьялардың әлеуметтік мәртебесін арттыру бойынша Жоғарғы сот барлық шараларды қабылдауда. Әр судья азаматтарды жеке қабылдау сапасына, сот практикасына тұрақты талдау жүргізуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысқа, электронды сот төрелігін дамытуға назар аудару қажет, - деген департамент басшысы облыс соттарының осы міндеттерді толығымен орындайтынына сенім білдірді.
Венера МИРЛАН