Маңғыстау облысының Құрметті азаматы, есімі ХХ ғасырдың ең үздік 10 спортшысы сапында спорт тарихында алтын әріптермен жазылған , 1960 жылдары әлемдегі ең мықты желаяқтардың бірі болған, Еуропа кубогінің иегері, сегіз рет КСРО чеммпионы, ондаған халықаралық сайыстардың жеңімпазы, 14 рет КСРО Қарулы күштерінің чемпионы болып, алты рет КСРО рекордын жаңғыртқан Әмин Тұяқовтың 80 жылдық мерейтойы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық-сазды драма театрында өтті. Осында Маңғыстау облыстық әкімшілігінің демеушілік қолдауымен, ақын, журналист жерлесіміз Жұмабай Құлиев құрастырған «Дүниені дүбірлеткен дарабоз» атты кітабының тұсаукесері болды. Мерейтой қонақтары алдымен Әмин Елемесұлының спорт жетістіктері жайлы фильмді тамашалады. Маңғыстаудан шыққан әйгілі желаяқтың таң қаларлықтай жеңістері жайында сол жылдары газеттер жарыса жазып, радиодан қуанышты хабарлар тарап жатты. Спорт тақырыбының майталман шебері Сейдахмет Бердіқұлов айтқандай, қазақ халқын алғаш дүниежүзіне танытқан Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосанов еді. Әмин аға 17 жасында Атырау педагогикалық институтының физика-математика факультетінің студенті атанады. Сонда оқып жүргенде мамандығы дәрігер ,өзі жеңіл атлетикадан разрядтты спортшы Анжелика Куликованың жаттықтыруымен жарыстарға қатыса бастайды. 1954 жылы бозбала Әмин 100 метрге жүгіруде 12,3 секунд нәтижесімен Атырау қаласының чемпионы болады. ІХ Бүкілқазақстандық спартакиада 100, 200 және 400 метрге жүгіруде үш рет чемпион атануы бұған дейін жеңіл атлетика тарихында болмаған оқиға еді. 1960 жылы Ресейде өткен «Буревестник» ерікті спорт қоғамының одақтық біріншілігінде 100 метрді 10,4 секундта артқа тастап, «КСРО спорт шебері» атанады. 1961 жылы Ленинградта Кеңес одағының әскерилері чемпионатында ЦСКА-ға қабылданып, КСРО-ның ұлттық құрамасында Борис Токаревтың басшылығымен жаттығуға кіріседі. 1962 жылы КСРО чемпионатында Әмин Тұяқов 200 метрді 21,1 секунтта жүгіріп өтіп, тұңғыш рет КСРО чемпионы атанды. 1962-1967 жылдар аралығында 200 метрге жарысуда әлемдегі ең таңдаулы жүйріктердің бірі болды. Әминнің 1965 жылы 200 метрде жаңғыртқан КСРО рекорды (20,6 секунд) үш жыл бойы бұзылған жоқ. 100 метр қашықтағы ең үздік нәтижесі -10,2 секунд, бұл көрсеткіш сол жылдардағы КСРО рекорды болатын. Әмин Тұяқов- 200 метрге жүгіруде КСРО-ның 5 дүркін чемпионы! 1965 жылы Киевте КСРО-АҚШ желаяқтарының жекпе-жегі өтеді. Осы жарыста құрамында Эдвин Озолин, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Полтико бар КСРО-ның құрамасы олимпиада чемпиондары АҚШ жүйріктерін артқа тастап, рекордтық көрсеткішпен (39,3 секунд) жеңіске жетті. Сол жылы Әмин Тұяқов Еуропа кубогын жеңіп алды. «КСРО-ны еңбек сіңірген жаттықтырушысы» атанған Әмин аға үлкен спорттағы соңғы екі жылын да таңдандырарлық жеңістермен аяқтады. Салтанатты жиында облыс әкімі атынан құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов өзі бала кезден білетін, әкесінің қасында бірге жүрген Әмин ағасының 80 жас мерейтойында тілек айтуы бақытты шағы екендігін тебірене жеткізіп, жеңісті жолдары желкілдеп өсіп келе жатқан жастарға өнеге тәлім болар саңлаққа мықты денсаулық, ұрпақ қызығын тамашалар қуанышты сәттер тіледі. Кеш шырайын драма театры артистерінің орындауындағы өлеңдер, шарықтаған ән, құйқылжыған күй мың бұралған би аша түсті. Асыға күткен салтанатты сәт те келіп жетті. -Биылғы жылды Әмин Тұяқов жылы десе болады. Маңғыстауды Әбіш аға, Әмин аға елі деп есептейді. Мұндай жоғары құрмет еліне өлшеусіз еңбегі сіңген азаматтарға ғана айтылады. Жыл басында Алма жеңгей бірнеше дорба газет қиындылары мен фотоларды көрсетіп, «1956 жылдан бері ағаң туралы жазылған дүниелерді жинап келе жатырмын. Әминге салсаң, «қажет емес» дейді, кейінгі жастардың бір керегіне жарар, Қыдырбек екеуің кітап етіп шығарсаңдар дұрыс болар еді» деп өтініш айтқан-ды. Кішкене еңбегімізді алдарыңызға алып келіп отырмыз. Аға туралы орыс-қазақ тіліндегі басылымға шыққандарды жинап, біріктірдік. Ағылшын, жапон, француз, итальян, басқа да бірнеше шетелдік басылымда жарық көрген жариялымдарды аударып бере алмағанымызға айып етпеңіздер. Кітап жалпы оқырмандарға арналған. Бала Әминнің әжесі Мақпалдың бауырында өскен шағынан бүгінгі күнге дейінгі өмір өрнектерін, спорттағы жетістіктерін қамтыдық. Ағамыздың жеңісті жолдары әлі талай жастарды жігерлендіре береді,- деді «Дүниені дүбірлеткен дарабоз»ды құрастырған белгілі ақын Жұмабай Құлиев кітаптың тұсаукесерінде. -Құрметті маңғыстаулықтар, той құтты болсын! Соғыстан кейін ел еңсесін енді тіктеп жатқан кезде Әмин Тұяқов спорттағы ғаламат жеңістерімен халықты қуантты, мерейін тасытты, рухын көтерді. Сондықтан ағамызды спортшы ғана емес, дем беруші, жігерлендіруші батыр десе болады. КСРО-да жүгіру бойынша чемпион болған тұңғыш қазақ та, соңғы қазақ та Әмин ағамыз. 1962 жылы КСРО-ның 100 метрлік рекордын қайталады. 1965 жылы 200 метр жүгіру бойынша 9 жыл бұзылмай тұрған рекордты жаңғыртты. Жер шарының алтыдан бірін бауырына басқан алып елдің бас чемпионы болу айтуға ғана оңай, -деп Астанадан арнайы келген спорт тақырыбындағы жазбаларымен танымал журналист Қыдырбек Рысбек тарихи сәттерді еске салды. «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы», ақсақал Дүйсенбі Әріпов қарапайымдылығы, адамгершілік қасиеттеріне тоқталып, ата дәстүрімен мерейтой иесінің иығына шапан жапты. -Азды-көпті еңбегімді бағалап, қолпаштап жатқан еліме рахмет. Өмірдің ащы-тұщысын бастан өткердік, қиын кездерде оқыдық. Менің қатарластарымның , достарымның біразы 80 жылдық мерейтойын өткізе алмай кетті. Солардың артында қалған балалары аман болсын. Мерейтой өткізу оңай емес. Қолдау, көмек көрсетіп жатқан азаматтарға, облыс басшысы Ералы Тоқжановқа рахмет! Кітап шығарып, кеш, кездесулер өткізіп, құрметтеп жатырсыңыздар. Ықыластарыңызға ризамын. Қайда жүрсек те, қандай жағдайда да, сыйластықтан айырмасын, аман болайық, Маңғыстаудың мәртебесі арта берсін, еліміз тыныш болсын!-деп төрткүл дүниені таңдандырған Әмин Тұяқов жерекжарды тілегін жеткізді. ...Шырайлы жүзі нұрланып, айналасына жылылық таратқан Әбекеңді қаумалып, құшақ жая амандасқан жерлестері ерекше қуанышқа бөленіп, мерейтой иесімен суретке түсіп жатты...
Болат ҮМБЕТОВ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ