«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрылуына 30 жыл толуына байланысты маңғыстаулық теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Амандық Алдаберген "Қазақстан ардагерлер ұйымына - 30 жыл" мерекелік медалімен марапатталды. Төсбелгіні қоғамдық бірлестіктің облыстағы кеңесі төрағасы Серікбай Төлетов келіп тақты. 30 жылдыққа орай ардагерлердің елордадағы басқосуына қатысып қайтқан ол, онда жерлесіміздің еңбегі ерекше аталып өткенін жеткізді. Сондай-ақ салалық ардагерлер кеңесіне теміржол мекемесінен бөлінген бөлмемен танысты. Олардың жылдық жоспарын қарап, оң бағасын берді. - Жұмыс сапарымен Беларусь елінің орталық ардагерлер кеңесінде болғанбыз. Бүкіл республиканы басқаратын ұйым екі-ақ бөлмеде жұмыс жасап отыр. Ал бізде қалай, орталық кеңестің мәжіліс залдарына шейін қарастырылған. Міне, өндірістің ішінде де кабинетіміз бар. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш,-деді С.Төлетов. Кабинет аймақтың ардагер теміржолшыларына 2010 жылы бөлінген болатын. Қазір ол Маңғыстау электрмен жабдықтау дистанциясында орналасқан. Ішінде қарттарымыздың жан-жақты ақпаратпен сусындауына, жұмыс жасауына толық жағдай жасалған. Теледидар, компьютер, ғаламтор, телефон, өзге де мүмкіндіктер қарастырылған. - 2007 жылы Маңғышлақ станциясында Мұнайлы ауданы ашылып, ауылдарда бастауыш ардагерлер ұйымдары құрылды. Аудандағы теміржол бастауыш ұйымы маған тапсырылды. Кейін теміржолдағы аймақтық ардагерлер кеңесіне төраға қылып тағайындалдым. 2010 жылы өзімізге дербес бөлме берілді. Қазір аймақтық кеңесте 792, Мұнайлы ауданындағы бастауыш ұйымда 250 теміржолшы ардагеріміз, Жаңаөзен қаласы, Шетпе, Бейнеу станцияларында тораптық ұйымдарымыз бар. Олармен байланысты жұмыстарымызды әр тоқсанға бөліп, стендке ілеміз. Сонымен қатар қабырға тақтасынан қашан, кімнің мерейтойы болатыны, өткен күндердің естелік фотосуреттері, өзге де ақпараттарды табуға болады,-дейді Амандық Алдаберген. Айтуынша, стендтің электронды нұсқасын былтыр Бурабайда өткен теміржолшы ардагерлердің семинар-жиналысына да алып барыпты. Оған өзге өңірлердің бастауыш ұйымдары да қызықушылық танытып, ардагеріміздің идеясы көпке үлгі болған көрінеді.
Шахида Жұман