Бар жақсылық балаларға
[ 2017 ] 2 маусым, 10:30 | Жаңалықтар
Бұл өмірдің базары да, ажары да – біздің бүлдіршіндеріміз. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық өседі» деген сөзді ұстанған қазақ әр сәбидің өз несібесімен дүниеге келетінін айтады. Перзентін көңілдің гүлі, көздің нұрына теңеп, жүрек түкпіріндегі үлкен үміттерінің иесі санайды. Сондықтан 1 маусымда тойланатын Халықаралық балаларды қорғау күні – орны ерек, мәні бөлек мереке.
Бұл мерекеге орай аудан орталықтарында балаларға арнап, бірнеше мерекелік шаралар ұйымдастырылды. 30-31 мамыр күндері №5 орта мектептің спорт алаңында ұлдар арасында футболдан турнир өтсе, Қызылтөбе мәдениет үйінде «Әнші балапан» атты бүлдіршіндер байқауы өтті. Оған аудан бойынша 26 балабақшадан бір-бір әншіден шығып өздері таңдаған әндерін орындады. Балапан балабақшасының әншісі Фариза Боранбай І орынды жеңіп алса, Баладәурен балабақшасынан Томирис Бауыржанқызы мен Айналайын балабақшасынан Жансая Ыбраева ІІ орынды иеленді. «Сұңқар» балабақшасынан келген Ақниет Тұржап, «Балдырған» балабақшасынан Айдын Жанболат және «Ақмаржан» балабақшасынан келген әнші балапан Айгерім Жеделбектер ІІІ орынды қанағат тұтты. Ал, қалған қатысушылар «Кішкентай әнші» номинацияларымен марапатталды.
1-маусым күні «Тәуелсіздік» алаңында «Балғын балалар – біздің болашағымыз» атты балаларға арналып концерттік бағдарлама қойылып, көңілді старт балалар байқауы ұйымдастырылды.
Ал, «Дәстүр» мейрамханасында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы мен «Жас Отан» Жастар қанатының қолдауымен, «Қамқор Ақтау жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Біз бақытты баламыз» атты мерекелік шоу өтті.
Онда балаларға арналған түрлі ойындар ойнатылып, көріністер қойылды. «Ақтау Продакшн» орталығының демеушілігімен ертегілер кейіпкерлерінің киімін киген қыз-жігіттер балаларға ерекше көңіл-күй сыйлап, әрбір балаға сыйлықтар таратты. «Дәстүр» мейрамханасының ұжымы балаларға тәттілер таратып, көңілін көтеруге жәрдемдесті. Бұл шарадан түскен қаржының жартысы Мұнайлы ауданының тұрғыны Ерболат Тұрсынбаевтың еміне жұмсалса, жарты қаражат жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көрсетуге жұмсалатын болады. Бұл шара аудан балаларына көтеріңкі көңіл күй сыйласа, бір баланың ауруынан сауығуына мүмкіндік сыйлады.
817
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.