Еліміздің сан түкпірінде 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай «Шабыт шеруі» өтті. Ақмаржан Ақтау шаһарында да шатттық шеруі теңіз жағалай жүріп өтті. Шеруге өңірдегі білім ордаларының балдырғандары, өнер ұжымдарының өрендері, жоғары оқу ордаларының түлектері, төрт мыңға жуық жас өскіндер белсенді атсалысты. «PR» мейманханасының тұсынан бастау алған шеру теңіз жағалауының шеткі нүктесіне келіп тоқтады. Бүлдіршіндер оркестрлері, хор мен би үйірмелерінің шәкірттері мереке-думан шырайын кіргізіп, өз өнерін ортаға салды. Қызылды-жасылды жалаушаларды қолға алып, сап түзеп, қаз-қатар тізілген балалар алаңда әр түрлі аспапта ойнап, жүріп өтті. Төрт мыңдай жас жеткіншектер өз білім ұяларын таныстырып, көрермен қауымға қошемет танытты. «Шабыт шеруінің» алдыңғы легін «Каспий» тобы бастап, дабыл әрі үрмелі аспаптар үйірмесі өнер көрсетті. Шеруді экономикалық лицей шәкірттері жалғады. Олар «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін насихаттап келеді. Бұдан соң, «Шерқала» тобы жүріп өтіп, жол қозғалысының жас инспекторлары сап түзеді. Халықаралық және республикалық олимпиадалар жүлдегерлері, оқу үздіктері, алғыр әрі зерек оқушылар «Отпан» тобының легіне ілікті. Отпан ежелден еңселі елдік әрі ерлік рухы ұялаған қасиетті мекен. Мемлекет және қоғам қайраткері Нәсіпқали Марабаевтың құрметіне жас бүлдіршіндер құрамы шеру легін жалғады. Сонымен қоса, Абыл Тарақұлы атындағы Қазақ балалар өнер мектебінің шәкірттері, гуманитарлық колледж бен №22, 11 және 2 мектеп оқушылары сақадай сай дайындықпен қатысып, шерушілер легіне ілесті. Мерекелік іс-шараның өзіндік ерекшеліктері болды. Шеруші топтар көне тарих тұнған жер-су атауларын таңдаған екен. Мәселен, «Айрақты», «Үстірт», «Отпан», «Тамшалы» сынды жер-су атаулары жас ұрпаққа туған жер, қасиетті мекендердің тарихын тереңнен білудің маңызын насихаттайды. Салтанатты шеру легін дабыл оркестрінің құрамы түйіндеді. Көңілді іс-шараға өңір басшысы, оның орынбасарлары, қала әкімі мен бірқатар жергілікті атқарушы орган өкілдері қатысты. Сонымен қоса, мерейлі мерекеге этномәдени бірлестіктер өкілдері, өнерпаз жастар мен қала халқы қолдау танытты. «Бүгінгі күн - айрықша күн. Елімізде әрдайым сәбилердің өмірі мен келешегіне деген жауапкершілікті есінен шығармауға шақыратын мерекелік мейрам бүгін киелі Маңғыстау жерінде аталып өтуде. Мерейлі күннің ҚР рәміздерінің 25 жылдығымен, «ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесімен» тұспа-тұс келуі де жақсылықтың нышаны деп есептейміз. Әрине, балаларымызды тек бүгін ғана емес үнемі қамқорлық пен қуанышқа бөлеу баршаның парызы. Біз тәні әрі жаны сау, рухани кемелденген, тәрбиелі ұрпақ өсіру үшін барлық мүмкіндіктер жасауымыз қажет. Ана мен баланың қорғалуына аса мән берген Елбасы бір сөзінде «мен әрбір сәбидің құқының қорғалуын талап етемін. Біздің топырағымызда туған кез келген сәби қазақстандық және мемлекет оны қамқорлығына алуға тиіс» деген болатын. Республика бойынша бес миллионнан астам бала тұрады. Ал Маңғыстау өңірінде 240 мыңға жуық жас жеткіншектер мен сәбилер бар. Еліміздің рухани жаңғыруына, ұлттық санамыздың қалыптасуына әрбір қамқоршы ата-ана, жанашыр ұстаз, әлеуметтік қамтамасыз етуші билік орындары аянбай атсалысуы қажет. Осы бағытта аймағымызда жаңа мектептер, жас бүлдіршіндердің жан-жақты дамуына қажетті жағдай жасалған балабақшалар ашылып жатыр. Сонымен қатар балалар алаңы, отбасымен демалатын жайлы орындар, лагерлер салу жоспарлануда. Ең басты міндеті - өскелең ұрпақты туған жеріне, еліне, қаласына, ауылына аса қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу, сүйіспеншілікке баулу,»,-деді өңір басшысы Ералы Тоғжанов. Мерейлі мереке ән мен жыр шашуына ұласты. Балалар мен бүлдіршіндер үшін әсем ән шырқалып, әдемі би биленді. Шерушілер арнайы флеш-моб ұйымдастырып, қала халқының қуанышын еселеді. Мереке баршаға көтеріңкі-көңіл күй сыйлады.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ