1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қаладағы №7 «ЕрТөстік» балабақшасында мерекелік шара өтті. Шараға қала әкімі Е.Әбілов, қала әкімінің орынбасары И.Сағынбаев, қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы М.Ходжабеков, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Бекмағанбетов, білім бөлімінің басшысы Т.Жұмалиев және мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту орталығының директоры А.Исаева, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты. Мерекелік шарада қала әкімі Елубай Жақайұлы сөз алып, бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтады. - Қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның бір айғағы - мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардың жақсы дамып келе жатқандығы. Биылдың өзінде 3 жекеменшік балабақша ашқалы отырмыз. Бұл Елбасының бізге жасап отырған қамқорлығы. Балаларды мерекесімен құттықтаймын, мықты денсаулық тілеймін. Тәуелсіз еліміздің дамуына үлес қосатын абыройлы азамат болып өсе беріңіздер, – деп, «Ер Төстік» балабақшасына теледидар сыйға тартты. Мерекеге қаладағы 10 мектепке дейінгі білім беру ұйым тәрбиеленушілері қатысып, әртүрлі спорттық сайыстар аясында жарысты. Жеңіске жеткен топтар арнайы дипломдармен марапатталды. Шара соңында барлық балаға қала әкімнің, қалалық білім бөлімі және «Ер Төстік» балабақшасының атынан сыйлықтар үлестірілді. Айзада Төребаева, «Ер Төстік» балабақшасының басшысы: - Бүгінгі мерекелік шара қала көлемінде өткізіліп отыр. Қала бойынша жалпы саны 10 мемлекеттік және жекеменшік балабақшалардан бүлдіршіндер келіп қатысып жатыр. Балабақша санаторлық өкпе ауруынан сауықтыру болғандықтан, денсаулық саласына ерекше көңіл бөлінген, сауықтыру-шынықтыру және емдеу шаралары үнемі ұйымдастырылып, оларды тәжірибелі педагогтар жүргізеді. Барлық бүлдіршіндерді бүгінгі мерекелерімен құттықтап, бақытты балалық шақ тілеймін. «ЕрТөстік» санаторлық өкпе-ауруынан сауықтыру балабақшасы 40 жылдан бері жас ұрпақты тәрбиелеуде үздіксіз еңбек етіп келе жатқан қаламыздағы алдыңғы қатарлы балабақшалардың бірі. Мұнда жалпы саны 140 бала тәрбиеленеді. Оның ішінде 20 бүлдіршін тәулік бойы жұмыс істейтін топта. Мекеме толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Айжан Насырова