Халықаралық «Бозторғай» фестивалі 30 мамыр мен 1 маусым аралығында Алматы қаласында өтті. Онда қаламыздың «Радуга» балалар шығармашылық студиясында тәлім алатын Екатерина Ганюшкина мен Карина Шайгузова Гран-При жүлдесін жеңіп алды. 19-рет өткізіліп отырған фестивальде Ақтау қаласының намысын төрт өнерпаз қорғады. Катя мен Каринадан бөлек 10 жасар Бекарыс Асхат пен 9 жасар Әсия Мұсағалиева бар. Әсия өз жас категориясында екінші орынды иеленді. Қазылар алқасында еліміздің өнер майталмандары, мәдениет қайраткерлері болып, жас дарындардың шығармашылығына баға берді. -Сайыстың алғашқы күні Карина мен Катя «Обернитесь» әнін орындады. Өте жақсы орындап, қазылардан бірыңғай «10» деген баға алды. Екінші күні «Мёрси» әнін шырқады. Бұл кезеңде де ондықтарды қоржынға салып, Гран-При қанжығалады, - дейді Каринаның анасы Румия. Ақтаулық жас өнерпаздарды сайысқа студия мұғалімдері – Нұргүл Медербекова мен Ольга Хныкина дайындады. Айта кетейік, «Бозторғай» фестиваліне әртүрлі елден келген 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар қатысады. Олар вокал, халық әндері, хореография, сән театры номинациялары бойынша бақ сынайды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА