©
Қуаныш пен қайғы жасы қатар келетін Жеңіс мерекесінің 72-көктемі де келіп жетті. Адамзатқа қайғы-қасірет әкелген қанқұйлы соғыста Отан үшін жанқиярлық ерлік көрсетіп, Жеңіс туын желбіреткен батырларға ұрпақтары құрмет көрсетіп, майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етті. Ата- баба ерлігін мәңгілік есте сақтауға арналған қастерлі мерекеде қазақ даласын Жеңіс әуені кернеп, бейбіт күннің самалы есті. «Қаһарман ұлт» шеруімен басталған шарада Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан, жат жердің топырағы бұйырып, із- түссіз жоғалған боздақтардың ағайын- туыстары, ұрпақтары батырлардың суреттерін ұстап, Мәңгілік алаудың жанынан жүріп өтті. Салтанатпен сап түзеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов, оның орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, қала әкімі Серікбай Трұмов, облыстық басқарма мен мекеме және құқық қорғау органдарының басшылары және тұрғындар Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Маңғыстау халқы бейбітшілік туын орнатып, ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлерді бір сәт үнсіздікпен еске алды. – Қымбатты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері! Құрметті маңғыстаулықтар! Сіздерді Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күні – туған елдің Тәуелсіздігі мен бейбітшілік үшін жанын қиған боздақтарымызды еске алатын күн. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс Ұлы Отан соғысы қаншама жанның жүрегіне жазылмастай жара салды. Бүгінгі бірқалыпты тыныш өміріміз майданда қанын төккен аталарымыздың арқасында қалыптасты. Қан майданға Қазақстаннан 1 млн.800 мың адам қатысып, соның жартысы елге оралмады. Соғысқа Маңғыстау облысынан 6 мыңнан аса адам аттанып,4 мың 800 жерлесіміз ерлікпен қаза тапты. Ұлы Жеңісті жақындатуда майдан даласында кеудесін оққа тосқан жауынгерлерімізді «Отан» деген ыстық ұғым қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға, жауға қарсы тұруға жігер берді. Елбасымыз Н.Назарбаев «Бүгінде елімізде соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Сондықтан да оларды әрқашан бағалап, ерлік пен отансүйгіштікті, еңбекқорлық пен бірлікті үйрену керек» деген болатын. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 37 соғыс ардагері ғана бар. Ағаларымыздың өмірлік тәжірибесі, ұстанымдары, ақыл-кеңестері біз үшін қымбат. Отан үшін отқа түсіп, кеудесін ажал оғына тосып, қан майданда қаза болған отандастарымызды әрдайым еске аламыз. Халқымыздың болашағы мен Тәуелсіздігі жолындағы аға ұрпақтың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлесін көрсеткен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жауынгерлердің, тыл еңбеккерлерінің алдында тағзым етіп, бас иеміз. Жеңіс күні құтты болсын, – деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. Мерекелік көңіл- күймен орталық алаңға жиналған жұртшылық өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың өнегесі болған ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетті. Сахна төрінде өрендер өнерлерін көрсетіп, бейбітшіліктің нышаны ретінде аспанға ақ шарларды ұшырды. Ержүректілігі мен табандылығының арқасында ұрпағына бүгінгідей бейбіт өмір сыйлаған ардагерлерге алғыс үлгісіндегі әндер айтылып, өлеңдер оқылды. Сұрапыл жылдардың әндері шырқалып, нәубет жылдардағы қиындықты бейнелейтін қойылымдар көрсетілді. Ұлы Жеңістің 72-көктеміне аман-есен жеткен, Жеңіс туының астында, ұрпағының қасында ғұмыр кешіп отырған соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің тілегі бейбітшілік пен ауызбіршілік бар жерде, тыныштық, молшылық болады дегенге саяды. Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс мерекесінде боларлық спорттық жарыстар, мерекелік концерттер ұйымдастырылды. Сондай-ақ осы күні Ауған соғысына қатысып, Чернобыль апаты, Семей ядролық полигонының зардаптарын жоюға атсалысқан ардагерлерге мерекелік дастархан жайылып, сый-құрмет көрсетілді. Бұл шараға қатысқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов жиналғандарды мерекемен құттықтап, ақжарма лебізін білдірді.Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН