Маңғыстау өлкесінің тарих-тамыры кеңге жайылған болса, бұл – текті тұлғаларының даналығы, ерен-еңбегінің арқасы. Бүгінгідей техника қарыштап дамып, жаһандану дәуірі жайлаған тұста, аға буын мен жастардың арасында алтын көпір орнату – тұтас ұлт алдындағы парызымыз. Ендеше, Жеңіс күніне орай өр тұлғаларымыздың шынайы болмысы, өнегеге толы өмірі туралы естеліктер легін жариялауды жөн көрдік. Бүгінгі кейіпкеріміз – ұрпағының амандығы үшін үш бірдей соғысқа қатысып, өмірлік жолы өнегеге айналған марқұм Мұқыр Ниязұлы. Ардагер азаматтың парасатты болмысы, азаматтық биігі қазақтың талай ұрпағына өнеге болары анық. Отан үшін қызмет етіп, туған ел мен жер үшін жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсеткен Мұқыр атамыз туралы замандастары, ағайын-бауырлары, бала-немерелері айтқан есіл естеліктерін жинақтап бердік.
Мұқыр Ниязұлының өмірдерегі
1925 жылы Атырау облысының Мұқыр ауылында (сол себепті атын Мұқыр деп қойған) дүниеге келген Мұқыр атамыздың балдәурен балалық шағы отызыншы жылдардың ойранына тап келіп, Нияз әулеті ҚазақАССР-і, Бекдашы қаласына сульфат өндірісіне жұмыс іздеп, қоныс аударады. Мұқыр Ниязұлы: «Өзім 1932 жылы Бекдашы кейін Красноводск қалаларының бастауыш мектептерін бітірдім. Қала көріп, пойыз, кеме көрдік, аздаған нан сұрап жейтін орысша үйрендік», деп қалдырады өз естеліктерінде. 1938 жылы ата қонысқа келгесін Онды аулында орта мектеп болмағандықтан, Үштағандағы мектептен білім алады. Одан соң Таушықтағы есепшілер дайындайтын курсқа қабылданып, оны ойдағыдай бітіріп шығады. 1941 жылы қаңтарда әкесі аурудан көз жұмады, Мұқыр Ниязұлы сол жылы жетінші сыныпты тәмамдайды. Әскер қатарына 1943 жылы алынған ол Тоцк темір жол станциясында әскери дайындықтан өтіп, Тула қаласының түбінде ұрысқа кірді. Украина, Белоруссия майдандарына, Шығыс Европаны азат етуге қатысты. Германия талқандалған соң Қиыр Шығыстағы жапон милитаристерін тізе бүктіріп, Корея соғысы аяқталғасын ардагер аман-есен еліне оралады. Кейін абзал ата Маңғыстау ауданыныңдамуына білім-білігімен, өлшеусіз еңбегімен сүбелі үлес қосады. Мұқыр атамыз бен Шәкен әжеміздің ұрпақтары кеңге жайылды. Бүгінде олардың үкілеген үмітін арқалап, отын жықпай өсіп келе жатқан немере-шөберелері бар. 6 ұл, 2 қызды (Бауыржан, Сейтжан, Қадыржан, Бақытжан, Маржан, Қайыржан, Әбдірашит, Ғалымжандарды) елмен бірдей оқытып, тоқытқан қарияға әдемі қартаю да бұйырды. Мұқыр атамыз немере інісі, кемеңгер жазушы Әбіштей тұлғаның өр азамат болып қалыптасуына ықпал еткені туралы барлық жерде жазылып жүр. – Мен отбасыда ұлдан жалғызбын. Үш соғысқа қатыстым. Сегіз жылға жуық жүріп, жарақат алуыма байланысты аман келдім. Нияздан Ару апам екеуіміз қалыппыз. Келсем, 1947 жылы Ұштап қарындасым қайтқан екен. Сегіз бала, жиырма шақты немере сүйдім. Заманның түрін көріп келе жатырмыз. Кеңес үкіметі тұсында, оның құрылған кезінде де жақсылығын да, жамандығын да көрдік. Енді мына заманда еліміз егемендік алып, Қазақстан өз алдына шаңырақ көтеріп, мемлекет болғанын көру – мен үшін бақыт», - деген екен көзі тірісінде Мұқыр Ниязұлы. Жұбайы – марқұм Шәкен Махуқызы (Шын аты Шахизада, 2016 жылы 18 шілдеде дүниеден өтті) қария туралы былай дейді: 1953 жылы 18 сәуірде тұрмысқа шықтым. Ол кезде Таушықта отырғанбыз. Енеміз қолымызда еді, сол кісінің тәрбиесінде болдық. Балаларды өсіріп, өндірдік, бақтық. 80 сом еңбекақы алатынбыз, сонымен оқыттық. Менің айлығым 30 сом, соны сол күйінде ай сайын Әбішке салып тұратынбыз». Қазақтың маңдайына біткен қара сөз шебері Әбіш Кекілбайұлының жеткілікті білім алып, қалыптасуына жеңгесі Шәкеннің де ықпалы мол болған. Мұқаңның да ел алдында абыройлы азамат, тұлға болуы жарының қосқан үлесінің жемісі екені көпке аян. 2013 ж. 25 шілдеде 88 жасында дүниеден өтті. Бүгін де Ниязовтардың ұрпағын жалғайтын әулетте 22 немере, 9 шөбере, 8 жиен бар. Соғыстан келген соң, Мұқыр Ниязұлы ел тіршілігіне белсене араласты. Соның мысалы ретінде ғұмырнамалық хронологиясын жылдармен жалғастырдық: Соғыста, әскерде жүріп комсомол мүшесіне, 1950 жылы партияға өтті. 1951-1952 жылдары Шахта орта мектебін сырттай бітіріп, орта білім алды. 1951 жылдан бастап, аудандық есеп-санақ бөлімінде инспектор қызметін атқарды. 1952 жылы Маңғыстау аудандық комсомол комитетінің хатшысы. 1953-1954 жылдарыМаңғыстау аудандық комсомол комитетініңБірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1955-1959 жылдары аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі болды. 1959-1964 жылдары Маңғыстау аудандық жол бөлімінің меңгерушісі. 1959-1964 жылдары КПСС Орталық Комитетінің жанындағы Жоғарғы партия мектебін сырттай бітірді. Жоғарғы білімді, саясаткер-экономист. 1964-1965 жылдары Маңғыстау ауданының бас инженер-гидротехнигі қызметін атқарды. 1965-1969 жылдары «Чапаев» колхозында партия комитетінің хатшысы болып қызмет етті. 1969-1972 жылдары Калинин ауылдық кеңесінің төрағасы (ірілендірілген үш ауылдық кеңес Ақшымырау, Қызан және Жармыш) болып еңбек етті. 1972-1975 жылдары Маңғыстау аудандық кәсіподақтар комитетінің төрағасы болды. 1975-1981 жылдары Ақтөбе ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет істеді. 1981-1986 жылдары Онды ауылдық кеңесінің төрағасы. 1986 жылы облыстық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шығып, Онды ауылында Ақсақалдар кеңесі төрағасы болды. 1986-1990 жылдары Маңғыстау аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі. 1986-2013 жылдары Маңғыстау облыстық Ардагерлер кеңесінің мүшесі болды.Мұқаң той туралы тәртіп орнатты
Мұқаңмен үш бірдей ауылда көрші, замандас болу бұйырды. Жармышта, ...., Онды деген ауылдарда тұрдық, қиын-қыстау замандарды бірге бастан кештік. Ондыдағы сыйлы ақсақалдардың бірі сол кісі еді. Осы ауылдың көркеюіне қатты көңіл бөлген. 1970 жылы екеуміз бірге 460 орындық мектеп салдық. 80 балалық интернат, кеңсе, балабақша, мәдениет үйі салынды. Соның барлығын өз қолымен салмағанымен, жүзеге асыруға орасан еңбек еткен адам. Сондай ақкөңіл, халқына сыйлы кісі болатын. Жармыш ауылы шағын болса да, колхоздың орталығы болды. Мұқаң Ақшымырау, Қызан ауылдарын да кейін сол ауылға біріктірді. Сол жерде Мұқаң іргетасын қалаған мәдениет үйі – Маңғыстаудағы ең бірінші мәдениет клубы болды. Колхоздың күшімен жақсы стандартты мектеп салдырды. Ол кісінің жиі айтатын сөзі «Қане, істе! Аяқта!» (күліп). Істің адамы, бізден тек нәтиже күтетін. Ауылдағы тойлар, мереке, мейрамдар, барлығын өзі қадағалап, басы-қасында жүретін. Тіпті, тойды да басқарып кететін кездері болған. Кейде «Тойға кешігіп келгендерді жазалау қажет, белгіленген уақытта келсін, келмесе кіргізбеңдер. Міне, біз айтқан сағатында келдік, енді кімді күтіп отырмыз?» деп қалжыңдап отыратын. Нақтылықты, тұрақтылықты ұнататын, жаман сөзге жаны қас жан еді. Көңілі бітпеген іске қашан да пікірін, ескертуін жасап отырады. Мұқаң өте шешімді адам еді, бетке тіке сөйлейтін кісі, нағыз партияның адамы болатын.Бисенғали Әбілдікұлы, М.Ниязұлының үзеңгілес інісі, ардагер ұстаз, ҚР халық ағарту ісінің үздігі
Мұқыр жалғыз, Әбіш – жалғыз, бәріміз де жалғызбыз...
Мұқыр менің белнемере ағам еді. Ол кісі ақкөңіл, ешкімге зиян ойламайтын, сондай бөлек адам болды. Сегіз баласының барлығын өсіріп, жоғары білім беріп, азамат ретінде қалыптастыруы – Мұқаңның ниетіне берілген Құдекеңнің бағасы. Мұқаң әкеден жалғыз ұл, қырық бірінші жылы әкесі дүниеден озды. Әбіш те, мен де жалғызбыз. Міне, шүкір бәріміз де адам болдық, бала-шағамыз бар. Осының барлығы Құдайдың берген үлкен сыйы деп ұғамын.(Аманқос Саржанұлы), үзеңгілес інісі.
Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды
Мен Мұқаңмен 1965 жылдан бастап, ауылдас, жұмыстас, көрші болдым. Ол 1965 жылдан бастап, орталығы Жармыш «Чапаев» колхозында партия ұйымы хатшысы, селолық кеңес төрағасы қызметтерінде болды. Мен ол кездерде бухгалтер, экономист, ферма меңгерушісі болып жасадым. Орталығы Жармыш «Бозащы» совхозының №1фермасын 21 жыл басқарып, аудандағы ең озат ферманың біреуі болдық. Мұқаңмен көрші тұрып, қатты араласып, сыйлас болдық. 1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығында Мұқаңа майор шені берілді. Сол кезде бір үлкен жиында Мұқаңның құрдасы, майдандас досы Шетпелік Балтабаев Қылыш деген азамат: «Майор болу оңай ғой, ал Мұқыр болу қиын ғой» деп әзілдеген еді. Мұқаң 90 жасқа жақындап, 88-ден асқан жасында өмірден өтті. Мәңгілік мекені «Қамысбай» қауымында жатыр. Жұбайы Шәкеннің бастауымен ұл- қыздары Мұқаңа арнап, ескерткіш үйін тұрғызды. «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген халық нақылы осы болса керек.Әділ Қапашев, Маңғыстау ауданының «Құрметті азаматы, замандасы
Қары шаңырақта қалу бақыты маған бұйырды
Алты ұлдың ішінде әке қолында қалу бақыты маған бұйырған екен. Жұбайым екеуіміз Бибіжан әжеміздің, әке-апамның тәрбиесін көрдік. Ондыдағы қары шаңырақ күні бүгінге дейін зерделі әже, ақылгөй ақсақал мен абзал ананың арқасында ыстық болады. Бала болдық па, олар жанымызда мәңгі жүретіндей елестейтін. Бүкіл әулеттің шырағы болған үлкендер барда үйде қонақ үзілмейтін. Елге сыйлы болса керек, қазір де жасымыз кіші болса да, шаңырақ үлкен деп сыйлап келетіндер көп. Әкем зейнетке шыққанға дейін үкімет, партия ұйымдарында басшылық қызметтер атқарды. Кеңес төрағасы, партком болды. Замандастарының айтуынша, қызметте адал, жауапкершілігі мол болған. «Таза коммунист» деп те әзілдеп жатады. Ал үйде, отбасыда тәртіпті талап етеді, бізді адалдыққа, кішіпейілділікке баулитын. Ағайын-туыспен, жақын-жуықпен араласуымызға өте қатты мән беретін. Бейсенғали Әбілдіков деген үзеңгілес інісі мұғалім, мектептің меңгерушісі, директоры қызметтерін атқарған. Әкесі молда болған екен. Сол Бейсенғали ағамды аудандық партия комитетінің бюросына мүшесі қызметінде жүргенінде жиналысқа салып жатыр дейді, «Әкең молда, өзің коммуниссің» деп. Сонда әкем «Баласы әкесі үшін жауап бермейді» деген бір ауыз сөзімен құтқарып қалыпты. 1981 жылы Ондыға көшіп келдік. Ол кезде11-12 жасар бала болсақ та есімізде қалыпты. Ауылда отбасы болғасын, түрлі жағдай болады ғой, отбасылық қиындықтар, әйелі мен күйеуі келіспей жатады дегендей. Кешкісін жұмыстан келген соң сондай ерлі-зайыптыларды үйге шақырып алып татуластырып жіберетін. Шай ішіп отырып, «Біз де ол соқпақтардан өткенбіз, отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды», - деп алыстан орағытып сөйлейді. Сөйтіп қаншама отбасының іргесі ыдырамай, тату-тәтті ғұмырларын жалғастыруына себепкер болды. Сол кісілер қазір үлкен ата-әже болып, немере-шөбере сүйіп отыр. Біреудің сыртынан ешуақытта әңгіме айтқан емес. Олай айтқан адамды да жақтырмайтын. Дастарқан басында бірнеше адам жиналып отырғанда, ол жерде жоқ адамның артынан ғайбат айтылып жатса, сөзді басқа арнаға бұрып жібереді. Кейде інілерінен бұл қылықты байқаса, «Сондай әңгіме не керек?» деп ұрсып тастайды. 1950 жылы Оңтүстік және Солтүстік Корея арасындағы соғысқа қатысқан. Сол жылы қараша айында арнайы медальмен марапатталған. Оны мемлекеттік құпия деп, күні кешеге дейін айтылмай, өзі де айтпай келді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1995 жылы жазда Мәскеу мұрағаттарының бірінен медалі әкелініп, өзіне табысталды. Сонда ғана, яғни 45 жыл өткеннен кейін, сол соғысқа қатысқанынан хабардар етті. Ұлы Отан соғысына, Жапониямен соғысқа қатыстым дейді де, Корея туралы мүлде сөз қозғамайтын. Айтайын дегенім, сондай сөзге беріктігі, ұстамдылығы, сабырлылығы ғой. Үлкен жиын-тойларда, көпшілік ортада ақсақалдық ақылын, өнегелі әңгімелерін айтып, елді ауызбіршілікке, татулыққа шақырып отыратын. Сондай қадірлі қасиеттері әлі күнге біз үшін үлкен үлгі болып келеді. Үштағандағы (ауылдық кеңесінің төрағалық қызметінен) Советте болды да, 1981 жылы Онды ауылынаәкімдік қызметке ауысты. Сол кезде Үштағанның саябағында ұзын теректер болатын. Есімде, көктемде астаулы машинамен толтырып көшет алдырды. Оларды ағаш егуге ниетті барлық үйге екі-үштен таратты. Қазіргі Ондыдағы теректер Үштағаннан келген. Әлі ауылда биік-биік болып өсіп тұр. Осылай жүрген жерінде көгалдандыруға, ағаш егуге, мәдени ошақтар салдыруға көп көңіл бөлетін. Көз көрген замандастары «Совхоздан тышқақ лақ алмаған, біреуден бірнәрсе сұрап көрмеген, адал, таза жан» деп естелік айтып отырады. Ауыл маңындағы Шоң деген жерде Құрманалы Хазірет деген әулие бар. Ол кісінің басына тәу етіп, тілек тілеп, келіп түнейтіндер қатары аз емес. Сол әулиенің басына мешіт салуға көп ықпал етті. Тәтеме таң қалатын едім. Біреуге жамандық ойлау, ғайбаттау, ісіне кедергі келтіру деген ойына кіріп-шықпайтын. Аузынан осы төңіректегі бір ауыз сөзді естімеппін. Ондай функциясы жоқ адамды мен кездестірмеген болармын. Әбіш Кекілбайұлы елге сыйлы, қызметтегі адам болған соң, туған өлкесіне келсе жанында әкім-қара, үнемі тығыз графикпен келеді. Сондықтан тәтем Әбіш ағам ауылдағы баратын үйлерін жазып, дайындап қоятын. Әбіш ағам келген соң жеке шығарып алады да, «Ауылға жиі келе бермейсің. Осы кісілердің шаңырағына барып, бата оқуың керек» дейді. Сөйтіп, ағамның тығыз кестесінен уақыт тауып, бәріне үлгертіп, ұйымдастырып жүретін.Әбдірашит Мұқырұлы, қары шаңырақта қалған ұлы.
Атам соғыс туралы айта бермейтін Атамды ойлағанда, көз алдыма келетін бейне – ауылда, үйдің артында бақшадағы ерік ағаштары. Таңертең ертемен сол ағаштардың көлеңкесінде атам отырушы еді. Үстінде ақ көйлегі бар, жүзі күлімдеп, егін суарып жүретін. Атамның арқасында бақша ағаштары ешқашан құрғап, сусап көрмеген. Біз де атамыздың мейірімі, жылы сөзі, кең пейілінің көлеңкесінде сол ағаштардай құлпырып өстік. Бала күнімізде атамызды ортаға алып, көп сұрақ қоюшы едік. Әңгіменің ауаны соғысқа келгенде «соғыстың қызығы жоқ, қазіргі кез тамаша» деп жауап беретін. Бірде «Неше неміс өлтірдіңіз?» деп сұрадық. Ол «Неміс те адам ғой, бірақ соғыс пенденің бойындағы адами қасиетті ұмыттырып жібереді. Бейбіт аспанға қара, қазіргі кез жұмақтай! Соғыста жүргенде ағаш астында бейқам жатуды армандадым», - деуші еді жарықтық атам. Сол бір әдемі әңгіменің салмағын енді ұққандаймын. Қайран атам қазір де жанымызда болғанда, бұрынғыдан да көп сұрақ қойып, әңгімеге қанық болушы едім. Міне, бүгінгі күні атамыз жанымызда жоқ болғанымен, немере-шөбелері бір-бірімен тату да берекелі отбасы болып, ізін жалғап келеміз. Менің атам сияқты соғысқа қатысып, жауды жеңіп, бейбіт күн сыйлаған соғыс ардагерлеріне мың тағзым!Жанна Бауыржанқызы, М.Ниязұлының тұңғыш немересі
Тәтем үшін жаман адам жоқ
Бала кезімдегі естеліктердің ішінде ойыма жиі түсетіні – тәтемен (а.Мұқыр Ниязұлы) шашка мен карта ойнап отыратынымыз. Күн сайын кешқұрым сіңілім Жаннұр, тәтем үшеуіміз карта ойнайтын едік. Жаннұр ұйықтап жатса, тәтеммен шашка ойнаймыз.Сол кезде өзімді ең бақытты жандай сезінуші едім. Оны айтып отырған себебім, тәтем сондай керемет адам еді, оның жанындағы адамның қабағы түсіп жүруі мүмкін емес. «Сен ерекшесің» деген сөзді айтпай-ақ ұғындыратын қадір-қасиеті бар еді. Расында, сен ерекшесің! Бірақ мұны айтпай да, сезінуге болады, тәтеміздің арқасында. Тәтем үшін жаман адам деген ұғым жоқ еді.Ол да мен үшін оның басқалардан мүлдем бөлек адам екендігін көрсетеді. Тағы бір ерекше қасиеті –соғыс, өлім, жауыздық пен қанның ішінде жүріп, жүрегініңқарайып кетпегені. Жүзі жарқын, қалжыңдағанда ішегіңді қатыратын, ақ пейілді тәтем сияқты адам болып қалу да кез келген адамның қолынан келмейді. Мен үшін кім дана десе, тәтем дана дер едім.Айнұр Бақытжанқызы, М.Ниязұлының немересі Жинақтаған Айгүл ДӘДЕН