Ұлы Жеңістің 72 жылдығына арналған мерекелік шара Жаңаөзен қаласының Даңқ аллеясында өтті.
Жиынға соғыс және тыл ардагерлері, мемлекеттік органдар мен әскери бөлімдердің, құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Жиында алдымен жаңаөзендік жауынгерлердің ерлігі туралы естеліктер айтылды. Бұдан соң жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. «Мәңгілік алау» ескерткішінің алдына қала әкімі Елубай Әбілов бастаған жергілікті атқарушы биліктің, мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері салтанатты түрде гүлшоқтарын қойды. Жеңіс туралы әндер шырқалды. Ардагерлер соғыста қаза тапқан майдандастарының құрметіне гүлшоқтарын қойып, сол сұрапыл жылдарды еске түсірді. Жұртшылық ардагерлермен бірге суретке түсті.
Салтанатты жиналыста тұрғындарды бірінші болып қала әкімі Елубай Әбілов құттықтады. «Құрметті Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері, жерлестер! Сіздерді 9 мамыр - Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Бұл - аға буынның жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жеңісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жемісі», — деді Елубай Жақайұлы. Мерейлі мерекемен қалалық Қорғаныс істері бөлімінің бастығы Марат Қасымов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов, қалалық Ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Сәтбай Құлсариев құттықтап, жиналған қауымға жылы лебіздерін білдірді. Содан кейін қала әкімі мен ардагерлер №5548 әскери бөлімі дайындаған сарбаз асынан дәм татты. Мерекелік шара концертке жалғасты.
Осы күні «Ақниет» мейрамханасында ардагерлерге арнап түскі ас берілді. Мерекелік дастарханға «Өзенмұнайгаз» АҚ-ы демеушілік жасады. Кеш барысында қала әкімінің орынбасары И.Сағынбаев, «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның департамент басшылары Ш.Пангереева, А.Жандосов, Б.Бекжанов, Ж.Саймағанбетов құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге сый-сияпаттар табыстады. Кеш соңы қала өнерпаздарының ән-би шашуына ұласты.
Айжан Насырова