©
Қымбатты Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері!
Құрметті маңғыстаулықтар!
Сіздерді Ұлы Жеңістің 72 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Жеңіс күні – туған елдің Тәуелсіздігі мен бейбітшілік үшін жанын қиған боздақтарымызды еске алатын күн. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғыс Ұлы Отан соғысы қаншама жанның жүрегіне жазылмастай жара салды. Бүгінгі бірқалыпты тыныш өміріміз майданда қанын төккен аталарымыздың арқасында қалыптасты. Қан майданға Қазақстаннан 1 млн.800 мың адам қатысып, соның жартысы елге оралмады. Соғысқа Маңғыстау облысынан 6 мыңнан аса адам аттанып,4 мың 800 жерлесіміз ерлікпен қаза тапты. Ұлы Жеңісті жақындатуда майдан даласында кеудесін оққа тосқан жауынгерлерімізге «Отан» деген ыстық ұғым қарсы келген дұшпанға қаймықпай қарауға, жауға қарсы тұруға жігер берді. Елбасымыз Н.Назарбаев: «Бүгінде елімізде соғыс ардагерлерінің қатары сиреп барады. Сондықтан да оларды әрқашан бағалап, ерлік пен отансүйгіштікті, еңбекқорлық пен бірлікті үйрену керек» деген болатын. Бүгінде Маңғыстау облысы бойынша 37 соғыс ардагері ғана бар. Аталарымыздың өмірлік тәжірибесі, ұстанымдары, ақыл-кеңестері біз үшін қымбат. Отан үшін отқа түсіп, кеудесін ажал оғына тосып, қан майданда қаза болған отандастарымызды әрдайым еске аламыз. Халқымыздың болашағы мен Тәуелсіздігі жолындағы аға ұрпақтың ерлігі ешқашан да ұмытылмайды. Ерлік пен батылдықтың өлшеусіз үлесін көрсеткен Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен жауынгерлердің, тыл еңбеккерлерінің алдында тағзым етіп, бас иеміз. Жеңіс күні құтты болсын!Құрметпен, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов