©
Туған елдің еркіндігі мен бостандығы үшін жанын қиған боздақтарымыз мәңгі жадымызда. Толғағы ащы болғанымен, туғаны тәтті қан майданның аяқталып, Жеңіс таңы атқанына 72 жыл толды. Ұлы мейрамға орай бүгін Ақтау қаласындағы «Мәңгілік алау» жанында «Қаһарман ұлт» мерекелік шеруі өтті. Оған соғыс және тыл ардагерлері, әскери қызметкерлер, өңір басшылары мен тұрғындар қатысты.
Алдымен елін қорғау үшін қасық қанын төгіп, ерлікпен қаза тапқан батырларымызға тағзым етіп, олардың суреттерін ұстаған бір топ ортамен жүріп өтті. Ұрпаққа ұран болған ерліктің құрметіне мәңгілік алауға гүл шоқтары қойылып, үнсіздік минуты жарияланды.
Облыс басшысы Ералы Тоғжанов жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін арнады. Ардагер ата-әжелерімізге бізге сыйлаған тыныш өмір, бейбіт заман үшін алғыс білдірді. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы, еңсеміздің биік, таңымыздың шуақты болуы ержүрек қарияларымыздың маңдай терінің, өр рухының арқасы екенін тілге тиек етті.
Мерекелік шараға жиналған қала тұрғындарында шек болмады. Әскери киім үлгісімен келген жас өрендер мен бүлдіршіндер қатарының көптігі де көз қуантты. Бұл да батыр бабаларымызға көрсетілген тағзымның бір парасы деп ұғуға толық негіз бар. Шара өнерпаздардың мерекелік қойылымымен жалғасты.
" ... Сен құрметте оны!
Түсіндің бе, қарағым?
Ол ақшаға сатқан жоқ,
Тізеден кесіп аяғын..."
Сондықтан қасық қанын майданда төккен батырлар ұрпағы олардың көзсіз ерлігіне деген құрметін, толассыз тағзымын тоқтатпақ емес.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суртеттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН